Тұңғыш Президент туындылары
Ел Тәуелсіздігі мен оның ширек ғасырдан аса уақыттағы жеткен жетістіктері Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Енді ғана еңсе тіктеген мемлекеттің тізгінін ұстап, оны дамыту тұрғысында тағдыршешті қадамдарға барған Елбасының көрегендігі мен саяси ұстанымы ғасырға жүк болар ғаламат жетістіктерге жеткізді. Бүгінде Тұңғыш Президент бастамашы болған саяси, экономикалық, рухани жаңғыру үдерісі жаңа көкжиектер мен үлкен кеңістіктерге жол ашып берді. Сондықтан да жаһандық дәрежедегі саясаткер, Ұлт Көшбасшысы болған тұлғаға қазақстандықтардың құрметі ерекше. Сол үшін де желтоқсанның алғашқы күні «Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні» ретінде аталып өтіледі. Осы мереке аясында біз Елбасының туындыларына тоқталып өтпекпіз.
Елбасы жазған кітаптар
Қазақстан Тәуелсіздігі жарияланғаннан бастап мемлекетті аяқтан тұрғызу жауапкершілігі өте үлкен болды. Бұл істе Елбасы ерен еңбек үлгісін көрсетіп, сарабдал саясатының арқасында талай теперішті уақыттарды артта қалдырып, сындарлы кезеңдерден сүрінбей өте білді. Міне, сол арайлы азаттықты берік ету тұрғысындағы әрбір байыпты бастамалар мен нақты қадамдарды, жеткен жетістіктерді Тұңғыш Президент қағазға түсіріп, ол кітап болып баспалардан шықты. Мәселен, Елбасының Президент ретіндегі алғашқы кітабы 1991 жылы «Әділеттің ақ жолы» деген атаумен тарады. Бұл кітапта стратегиялық мақсаттар айқындалып, оған жетуде ел бірлігінің бекем болуы жазылған. Ал одан кейінгі жылдары Қазақстанның Тұңғыш Президентінің «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы», «Тарих тағылымдары және қазіргі заман», «Қазақстан халқының азаматтық таңдауы – тарихи зерде, ұлттық татулық және демократиялық реформалар» секілді жинақтары жарық көрді. Өткен ғасырдың соңғы жылында Елбасының «Тарих толқынында» кітабы шығып, өткеннің кейбір іргелі сабақтарына жүгіне отырып, қазақ халқының тарихи жолы туралы ой толғамдары мен рухани мұраны дамыту мәселелері кітапқа арқау болған. Ал жаңа ғасырдың бас тұсында, яғни 2001 жылы Ел егемендігінің 10 жылдығына орай «Жүз жылға татитын он жыл» кітабы қазақстандықтардың қолына тиді. Бұл алғашқы онжылдық белестегі қол жеткізген жетістіктер, әр жылдардағы айқын жеңістер сараланған. Еңсе тіктеген елдің өркендеу жолы көрсетілген.
2003 жылы «Атамұра» баспасынан Н.Назарбаевтың «Ғасырлар тоғысында» кітабы шықты. Бұл туындыда әлемнің әр елінің жаңаруының өз ерекшілігі бар екендігі айтылып, Қазақстан дамуындағы саяси мәселелердің күрделі табиғатына назар аударуға қатысты тұжырымдар жазылған. Сонымен бірге, Тұңғыш Президент «Сындарлы он жыл» (2003 жыл) кітабында мемлекеттің ішкі және сыртқы саясаты, жаһандану, есірткі бизнесі, қауіпсіздік, Каспий аймағы, халықаралық құқық, жікшілдік саласында соңғы 10 жылда әлемде және елімізде болған жағдайлар мен өзгерістер туралы айтады. Ал «Қазақстан халықтарының Ассамблеясы. 10 жыл» жинағында көпұлтты мемлекеттегі тұрақты татулық пен бекем бірліктің нақ үлгісі көрсетілген.
Мұнан кейінгі уақыттарда Елбасының мемлекеттің аса күрделі де жарқын сәттерін баяндайтын «Қазақстан жолы», «Тәуелсіздік белестері», «Ғаламдық қоғамдастықты түбегейлі жаңарту стратегиясы және өркениеттер серіктестігі», «Постиндустриялық қоғамды қалыптастыру стратегиясы және өркениеттер серіктестігі», «Еуразия жүрегінде», «Ой бөлістім халқыммен», «Өзекжарды ойлар», «Бейбітшілік кіндігі», «Туған елім – тірегім», «Қазақстан-Ресей қатынастары», «Қалың елім, қазағым», «Тәуелсіздігіміздің бес жылы», «Реформаларды түбегейлендіру, жалпыұлттық келісім арқылы – жаңарған Қазақстанға», «Ұлы Дала мұрасы» және тағы да басқа кітаптары жарық көрген. Яғни, Елбасы Мемлекет басшысы ретінде әрбір жылдардағы жарқын бастамалар, сол жолда атқарылған ауқымды жұмыстар, азаттықтың айтулы белестеріндегі толайым табыстар, алдағы айқын мақсаттар жөнінде ел тұрғындарына есеп беріп, игі істермен бөлісіп отырған.
Н.Назарбаевтың «Әділеттің ақ жолы» кітабында: «Өзімнің қызмет жағдайыма орай осы жылдардың барлығында да, әрдайым оқиғалардың қалың ортасында жүріп, оларды талдауға және салыстыруға, қорытындылар жасауға, шешімдер қабылдауға тура келгендіктен де, өзімнің жеке пікірімді айтуға барып отырмын» деп жазады. Олай болса, Елбасы жазған еңбектердің ерекшелігі сол, әрбір жылдардағы қоғамдық құбылыстар мен түбегейлі өзгерістердің ортасында жүріп, тарихи шешімдер қабылдаудағы нақты деректердің, шынайы ақпараттардың дәлме-дәл берілуінде. Сонысымен де Тұңғыш Президент туындылары құнды саналады.
Н.Назарбаев образы сомдалған
Тұңғыш Президент өз туындыларында ел дамуының жылнамасын жазып көрсетсе, Елбасы туралы деректі фильмдер мен көркем фильмдерде Н.Назарбаев образы сомдалған. Негізінен, кез келген ел Президентінің саясаткер ретіндегі тұлғасы, одан өзге де қырлары жөнінде фильмдер түсірілетіні ақиқат. Бұл ретте, Қазақстанның Тұңғыш Президенті туралы түсірілген фильмдер аз емес. Осы тұста, біз ең таңдаулыларына тоқталып өтсек.
Тұңғыш Президент туралы фильмді айтқанда ең алдымен «Елбасы жолы» көркем фильмі ойға оралады. Бұл – Ұлт Көшбасшысының өмірлік белестерін суреттейтін ең ауқымды кино туынды. Негізінде, «Елбасы жолы» – «Көшбасшы жолы» медиафраншизасының екінші фильмі. «Көшбасшы жолы» медиафраншизасы Н.Назарбаевтың бірнеше кітаптар негізінде түсірілген. Алғашқы бөлімі 2011 жылы түсірілген «Балалық шағымның аспаны» фильмінен бастау алады. Мұнда балалық шағында Сұлтан атанған болашақ президенттің Киев Азаматтық авиация институтына оқуға түсіп, ұшқыш болуды армандауы бейнеленеді. Екі жылдан кейін оның жалғасы «Елбасы жолы» деп аталды. Бұл фильм «Отты өзен» және «Теміртау» бөлімдеріне бөлініп, Елбасының оқу бітіріп, Теміртауға жұмысқа келген шағы көрсетіледі. Ал 2014 жылы «Тығырықтан жол тапқан» фильмі шығып, саясатқа қадам басқан шағы суреттелген. Франшизаның төртінші фильмі «Жұлдыздар тоғысқанда» 2016 жылы көрерменге жол тартты. Сондай-ақ, соңғы фильм – «Елбасы Жолы. Астана» 2018 жылы шықты. Жалпы айтқанда, бұл фильмдер Тұңғыш Президенттің толық өміржолын қамтиды.
Елбасы туралы толыққанды түсірілген деректі фильмдердің бірегейі ретінде «Маңызды мәселелер Назарбаевпен» екенін айтуға болады. Деректі фильмде Н.Назарбаевпен сұхбат жасалып, оның барысында түрлі тақырыптар қозғалады және Тұңғыш Президент жақындары мен басқа да қазақстандық саясаткерлер туралы пікірін айтылады. Сонымен бірге, 2013 жылы түсірілген «Назарбаев. Live!» фильмінде журналистер Елбасының үйіне дейін барып, өзге де қырларын ашып айтуға тырысады. Ал «Елбасы» толық метражды көркем фильмінде Н.Назарбаев Мемлекет басшысы ретінде өз аузымен еліміздің қандай қиындықтардан аман қалғанын атап, Қазақстанның тарихи орнын, көшпенді түркілердің дамуын, Ақмоланың қалай Астана болып қалыптасқанын жеткізген.
Мұнан өзге журналист Леонид Млечиннің «Назарбаев. Президентпен түсірілген топтық портрет» кітабының желісі бойынша түсірілген «Уақыт таңдаулысы», сондай-ақ «Назарбаев факторы», «Штрихи к портрету. Откровение» және басқа да деректі фильмдерде Н.Назарбаев елді дамыту тұрғысындағы ойтолғамдарын, айқын мақсаттар мен міндеттерді атап көрсетеді.
Жалпы, Елбасы жазған кітаптар, Тұңғыш Президент туралы фильмдер, Н.Назарбаев туралы жазылған туындылар Қазақстанның Тәуелсіздігін тұғырлы еткен тұлғаның парасат-пайымын, кемеңгерлігін айшықтайды. Сондықтан Ұлт Көшбасшысының мұраты «Мәңгілік Елмен» мүдделес, ал мұрасы – халық байлығы саналады.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ