Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлем пластикалық ластанудың алдында

Әлем пластикалық ластанудың алдында

Күнделікті өмірімізді пластмассасыз елестеті алмайтын болдық. Өзі ыңғайлы, жеңіл әрі тиімді пластмассаның тұрмысымызға дендеп кеткені сонша олсыз өмір сүре алмайтындай дәрежеге жеттік.
Адамзатқа ауа мен су қалай қажет болса, өмір сүру дағдысын қалыптастыратын ең қажетті заттар болады. Ас-ауқат дайындау үшін әрбір адам пластмассадан жасалған әйтеуір бір затты қолданады. Сүт өнімдерінен бастап техникаға қажетті неше түрлі сұйықтықтар пластикалық құтыларға құйылатын болды. Ал осы пластмасаны дұрыс қолданбасаңыз өміріңізге қауіп әкелетінін білесіз бе? Оны білу үшін алдымен пластмассаның неден жасалатынын әрі ол қашаннан тұрмысымызға енгенін, оның қанша түрі бар, құрамы неден жасалғанын және басқа да сұрақтар бойынша жауап іздеп көрелік.

Шығу тарихына зер салсақ
Пластмассаның шығу тарихы 1860 жылдан басталады. Алғаш рет пластмассадан бильярд шарларын жасаған. Бұған дейін шарлардың орнына піл сүйегі қолданған. Джон Хайт пластмассаны жасау үшін целлюлозаны – ол өсімдік талшықтарында кездеседі, этанол мен камфор қосылысында ерітіп жіберген. Нәтижесінде, целлулоид, яғни су өтпейтін пластмасса пайда болған. Уақыт өте атақты химик Лео Бекеланд 1909 жылы фенол мен формальдегидтен полимер химиялық заттар тобын алды. Тарихта алғаш рет осылайша синтетикалық пластик дайындалды.
Негізінен, пластмасса мұнай мен табиғи газдан алынған қосылыстарды полимерлеу арқылы алынады. Оның басқа материалдардан ерекшелендіретін қасиеті – салмағының аздығында әрі қоршаған ортаның құлдырауына төзімді болып келетіндігінде. Сондықтан пластмасса контейнерлер, телекоммуникация, көлік, құрылыс, дәрі-дәрмек, тұрмыстық техника және тағы басқа салалардың дамуында ерекше орын алады.

Пластмассаның түрлері
Пластмассаның негізгі үш түрі болады. Олар пластикалық, термотұрақты және эластомерлі.
Пластикалық түрі тұрмыста ең көп қол­данылады. Күнделікті пайдаланатын полиэтилен пакеттер, контейнерлер, бөтелкелер, орауға арналған қорғағыштар, су және газ құбырлары, қораптар, басқа да сан түрі осы санатқа жатады. Ал термопластмассадан розеткалар, қайықтар, бассейіндер, спорт жабдықтары жасалады. Эластомерлі пластмасса дегеніміз резеңке. Одан автокөлік шиналары, шлангтар, сүңгуір костюмдер, пенопласт, жасанды былғары, медициналық түтіктер, протездер әзірленеді.
Үш негізгі өндіріс процесі арқылы пласти­калық бұйымдар дайындалады. Олардың барлығы жылыту процесімен жүзеге асырылады. Яғни термоформалау вакуум, қысым, механикалық түрде болуы мүмкін. Вакуум дегеніміз пласмассаны пластина пішініне бейімдейтін пресске қалыпқа салу. Қысым арқылы пластикке қажетті пішін беріледі. Механикалық күйде машинаның өзі пластикті қалыптайды.

Пластикті қолдану аясы кеңейді
Жыл сайын елімізде көлемі мен түрі әралуан пластик ыдыстар тонналап өндіріледі. Адамдар пластиктен жасалған біржолғы ыдыстарды пайдалануды әдетке айналдыруда. Бұл ыдыс­тарды пайдалану уақытты үнемдегенімен, оның зияны өте көп екені белгілі. Мәселен, көп ретте пластик ыдыстарды жуып жатқаннан гөрі қоқысқа тастай салу ыңғайлы. Ал қоқыстың шамадан тыс көптігінен қоршаған орта ластанып, адам денсаулығы зақымдануда.
Жалпы, химиялық қосындылардан жасалатын ыдыстардың түсі көп ретте ақ болады. Осындай полистиролды пластиктің табанында PS деген таңба бар. Бұл ыдыстар тек салқын азық-түлік салуға немесе құюға арналған. Ал оған ыстық шәй құйылса, ыдыстан стирол деген улы зат бөлініп шығады. Мұндай пластик ыдысты көп қолданатын адамның бауыры мен бүйрегі дертке шалдығады. Яғни, пластиктің құрамында полистирол, полипропилен, поливинилхлорид секілді улы химиялық қышқылдар болатынын білу артық етпейді.
Полипропиленнен жасалатын пластиктің табанында РР деген мөртаңба бар. Бұл ыдыс­тарды керісінше ыстық тағамға қолдануға болады. Жоғары температурада өз қалпын сақтайтын ыдысқа спирттік ішімдік құю өте қауіпті. Себебі, ондай жағдайда пластиктен формальдегид пен фенол бөлініп, ағзаны улайды. Есте сақтайтын жағдай, мұндай ыдысқа майлы тағамдарды да жолатпаған абзал.
Поливинилхлоридты пластмасса ең қауіп­ті екенін сарапшылар дәлелдеген. Оның мөр­таңбасы – ПВХ. Онымен контейнер ыдыстар жасай­тындықтан оның тұтынушылары да өте көп. Дегенмен, бұл ыдыстар ең қауіпті ыдыс саналады. Ыдыс құрамындағы винилхлорид деп аталатын химиялық зат асқа түсіп, қатерлі ісік ауруларының пайда болуына әкеледі. Сондықтан мұндай ыдыстан мүлдем бас тартып, PS немесе PP деген таңбалары бар ыдыс­тарды өз жөнімен пайдаланған дұрыс.

Біржолғы ыдыстарды пайдалану ережелері
Ондай ыдыстарды аты айтып тұрғандай, бір рет пайдалану керек. Қайта-қайта жуған­мен де, ол түбегейлі тазарды деген сөз емес. Керісінше, жуған сайын пластмассаның құра­мынан улы заттар бөлінеді. Пластикалық ыдыс­тарды жоғарыда айтқан белгілеріне қарап қолданса, оның зияны азая түспек. Мәселен, дүкендерде сатылатын йогурт ыдыстары сүт қышқылымен реакцияға түспейді. Сондықтан олар зиянсыз болады. Бірақ бұл ыдыстарға басқа сұйықтықтарды құю қауіпті. Біржолғы стақандарға газы бар су, қышқыл шырын, ыстық шәй құйсаңыз, ол қауіпті ыдысқа айналады. Ыдыстың зиянын адам бірден сезбеуі мүмкін, бірақ ішкі ағзалардың қызметін бірте-бірте әлсіретеді.
Тағы бір назарға алатын жәйіт – плас­тика­лық ыдыстарда тағамды ұзақ уақыт сақ­тауға болмайды. Микротолқынды пеште қыздыруға мүлде болмайды. Пластикалық ыдыстардың артықшылығы – мұздатқышқа төзімді, ол тағамның құндылығын сақтай алады.

Дұрыс таңдау – денсаулық кепілі
Ата-бабаларымыз өмір сүрген дәуірде ешқандай пластикті пайдаланбай, ұзақ өмір сүрді. Олардың денсаулықтары да әлдеқайда мықты болған десек, артық айтқандық болмас. Дегенмен, өмірімізді ұзартудың, оны сақтаудың кепілі пластик ыдыстардан бас тарту болып тұрғанына көз жететін уақыт келді. Мүлдем бас тарту арқылы қағаз ыдысқа көшу неғұрлым арзан әрі пайдалы. Табиғи заттардан жасалатын қағаз ыдыстарды пайдаланып болғаннан кейін оны жоюға да болады. Қағаз ыдыстағы ас температурасын ұзақ сақтап, ыстық өткізгіш қабілеті де баяу жүретіндіктен қолыңыз да күймейді. Микротолқынды пешке қыздырғанда қағаздан улы зат бөлінбейді.
Дұрыс жасалған қағаз ыдыста желім қол­­данылмайды. Пластмасса ыдыстармен са­лыстырғанда әлдеқайда сапалы, ыңғайлы әрі зиянсыз.

Пластиктің өмірі ғасырларға созылуы мүмкін
Пластмассадан жасалған кез келген зат ыдырамайды. Себебі, ол табиғатта кездесетін зат болмағандықтан, оны микроорганизмдер ыдыратуға қауқарсыз. Ұзақ уақыт күн сәулесінің әсерінен пластмасса біртіндеп бұзылуы мүмкін, бірақ толыққанды жойылып кетпейді. Қайта басқа түрге еніп, қоршаған ортаға қаупін күшейтеді. Мамандардың зерттеуінше, азық-түлікке арналған полиэтилен пакеті 100 жылға дейін, балаларға арналған жөргектер 250 жыл бойы ыдырамайды, жатқан жерінде өзгеріссіз қала береді.
Адамзаттың сұранысына қарай жыл са­йын әлемде 300 миллион тоннадан астам плас­тик өндіріледі. Оның 10 миллионға жуығы мұхиттарға тасталады. Бір ғана пластиктің кесірінен мұхиттағы тіршілік көзі жойылып, табиғатқа залал келуде. Сондықтан жер шарының тіршілігін тоқтатпау үшін ең алдымен пластикті пайдалануды шектеу қажет. Сұраныс азайса, оны өндіретін зауыттар эко­логиялық таза өнім өндіруге мәжбүр болады.

Әлем елдері пластиктен бас тартуда
Әлемде пластиктен бас тартқан елдер қатары артуда. Мәселен, Еуроодаққа кіретін мемлекеттер солардың қатарында. Азия елдері арасында Инденозияда қалыптасқан дәстүр бар. Егер адам пластиктен жасалған ыдыс­ты арнайы жерге апарып өткізсе, қоғамдық көлікпен баратын жеріне тегін жетеді.
Алысқа бармай-ақ өзіміздің аудан туралы айтсақ, қайбір жылдары кент орталығындағы қоғамдық орындарға тордан жасалған контейнерлер қойылды. Тұрғындар босаған плас­­тик құтыларын сол жерге апарып тас­тау­ға қалыптасып қалып еді. Дегенмен, бұл жағ­дай көпке бармады. Себебі, ауданда ашы­­лып, қайта жабылып қалған пластикті қайта өңдейтін орын өз жұмысын тоқтатты. Мұны­мен айтпағымыз кент тұрғындарының плас­тиктен бас тартуға жасалған қадамның басы болғанымен, аяқсыз қалғаны өкінішті.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, пластмассаны өмірімізден ақырындап аластату өз қолымызда. Пластик өнімінен бүгіннен бас тарпасақ, одан қауіп күшейген үстіне күшею үстінде.

Бибісара ЖАНӘЛІ
07 қараша 2021 ж. 663 0