Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ет жемейтін қазақтар

Ет жемейтін қазақтар

Иә, сіз тақырыпты дұрыс оқыдыңыз. «Әлемде ет жеуден қасқырдан кейінгі орынға тұрақтапты» деп әзілге ілінген қазақта да ет жемейтіндер бар екен...
Еттен түбегейлі бас тартқандарды термин тілінде «вегетариан» деп атайды. Кейбіреулер туғаннан ет жемесе, енді біреулер есі кіріп, жан-жағын танығаннан кейін саналы түрде шешім қабылдайды. Керісінше, тоңазытқышта ет азайса, аштық келе жатқандай сезінетіндер бар. Байырғы қазақтарда бір қойдың етін бір өзі тауысатын адамдар болған. Оларды «мешкей» деп атаған.
Дамир бірнеше жыл бұрын бізбен көршілес тұрды. Өздері мал ұстағанымен, ол ет жемейтін еді. Үйге келгенде байқадық, тамаққа қосылған ет болсын, ет оралған бәліш болсын, қызарғанның бәрін теріп тастап отыратын. Оған дейін шөп-шалам мен көкөніс, жеміс-жидек жейтін вегетариандар тек қалалық жерде тұратын секілді көрінетін. Себебі, ауылда ет-сүт тағамдары бірінші орында және «ет жемеймін» деген кісі көрмеген едім. Ал, Алматы, Нұр-Сұлтан сынды ірі қалалаларда вегетариандарға арналған мейрамханалардың жиі кездесуінің өзінен қала тұрғындарының көбі саналы түрде еттен бас тартқанын байқауға болады. Олардың уәжі де әртүрлі. Біреулер етті адам ағзасына ауырлық ететін тағам деп білсе, кейбіреулер «еттен бас тарту – зұлымдықпен күрестің алдыңғы қадамы» дейді. Енді біреулер бір кезде уланып қалғаннан кейін мүлде ет жемейді.
Сол көршіміз Дамир туғаннан ет жемейді, ет өнімдерінен түбегейлі бас тартқан. Өзінен сұрасаң, жегісі келмейтінін айтады. Қазір жасы он бесте. Белгілі себептермен Қызылорда қаласына көшіп кеткен «ет жемейтін қазақтың» анасымен байланыс орнаттым.
– Дамир ет қана емес, көп тағам түрлерінен бас тартқан. Негізі вегетариандар шөп-шалам жемей ме?! Балам қы­рыққабат, қияр, салатқа арналған жапырақ, сәбіз сияқты көкөністерді де жемейді. Біздің үйде екі түрлі тамақ дайындалады. Бірі – өзімізге, кәдімгідей майға пісірілген, ет, пияз қосылған дегендей. Екіншісі – Дамирге арнайы әзірленген. Ол тек буға піскен қамыр, күріш, түрлі кашалар ғана жейді, – дейді Дамирдің анасы Жанар.
Негізі біз көрші баланың ерекше қасиетін байқайтынбыз. Жооқ, ет жемегенін айтпаймын. Өзі кішкентай болса да, біз білмейтін бірдеңелерді айтып, таң қалдырып жүретін. Ет дегеннен әңгіме шығып Жанар апай маған бір қызықты оқиғаны баяндады.
– Бірде ұлыма ет жегізіп көргім келді. Тығып та бермек болдым, бірақ олай болмайды екен. Ол ет, пияз араласқан тамақты бірден біліп отырады. Біздің етсіз тамақты «дәмі жоқ» деп бірден айыратынымыз сияқты шығар. Бір күні жылқының майсыз етін жеп көруін сұрадым. Бір тілім етті аузына салып көрді де, маған бұл еттің құрамында не барын, жас малдың не кәрі малдың еті екенін, малдың немен қоректенгеніне дейін айтып берді. Бірақ ол етті жемеді, – деді кейіпкеріміздің анасы.
Шынында да қызық. Әдетте, күнделікті ет өнімдерін тұтынғанмен, қандай малдың еті екенін айыруға болатынын білемін. Бірақ малдың қандай шөп, қандай жем жегенін ойлап көрмеппін. Үлкендер жағы «мынау көк жеген малдың сүті, еті екен» деп отыратынын байқағанмын. Алайда, бір шетінен, ол кішкентай бала ғой, соның бәрін қалай сезеді деп таң қалдым. Дамирдің тағы бір ерекшелігі, дәм сезумен қатар иіс сезу қабілеті ерекше дамыған. Ол ұннан жасалған не басқа өнімдерді иісіне қарап құрамында не бар екенін, қанша күн бұрын дайындалғанын айтып отырады. Алғашқыда түсінбегенімен, бұған үйренген анасы баласының бұл қабілеттерін ерекшелік ретінде қабылдаған. Дамирдің денсаулығы үшін барлық тағамды өз қолымен, үйде пісіріп бергенді жөн санайды.
– Оның тағы бір құпиясын айтайын сізге. Балам ет жемегенімен, тәттіқұмар. Бірақ оның өзінде үйде пісірілгенін құп көреді. Негізінде, қиын, денсаулығына кері әсер ете ме деп уайымдайтынмын. Қазір үйрендік. Дамир дене бітімі жағынан қатарластарынан кішкентай, салмағы да өз жасынан аз. Құрт, айран сияқты сүт өнімдерін пайдаланады. Бірақ, көп емес. Негізгі тамағы – суға, буға піскен тағамдар. Оның өзін шамалап қана жейді, ұл бала болып қомағайланғанын көрмеппін. Қазір төрт балам бар. Отбасымызда, тұқымымызда мұндай еттен бас тартқандар жоқ, – деп аяқтады Жанар әңгімесін.
«Естімеген елде көп» деген. «Қазақ бола тұра, ет жемеу» дегенді тіпті түсіне алмайтындар бар. Қазақ жілік-жілік ет алып, жалақысының жартысын «еттің қарызына» берсе де, тоңазытқыш толы болса, көңілі жай. Күнделікті еттен бөлек, аптасына бір бешбармақ жемесе аш жүргендей сезінетіндер де бар.
– Мал ұстамасақ та, ай сайын жіліктеп ет аламыз. Ет жесең тісіңе, жемесең түсіңе кіреді. «Ет дәмділігін қойса, мен ұрлағанды қояр едім» деген екен. Еттің құрамы небір дәрумендерге бай. Ол адам ағзасын қуаттандырушы бірден-бір өнім. Мал, құс еті, тіпті құс жұмыртқасы өте пайдалы. Ет дегенде, бет бар ма, – дейді аудан тұрғыны А.Ғалымова.
Иә, қазақтың кең дастарқанын етсіз елестету мүмкін емес. Ғалымдардың пайымдауынша, дені сау адам күніне 200 грамм, жылына 70 келі ет жеуі керек екен. Бірақ, еттен бас тарту – әр адамның саналы шешімі. Қонақ келсе қазан асып, қой сою – қазақтың дархан көңілі мен қонақжайлылығының көрінісі. Десек те, ет жемейтіндердің де өзіндік уәжі бар. Мамандардың айтуынша, ет өнімдерін тұтынбайтын адамдарда жүрек, асқазан аурулары аз кездеседі екен. Бұлай екен деп қазақтар еттен бас тарта алмайды. Өз кезегінде, ет құрамындағы дәрумендер де адам ағзасын байытып, дертіңе шипа болары анық. Міне, осы жерде қарама-қайшылық туындайды.
«Қарында қи болмаса, басыңда ми болмайды» деген және бар. Ендеше, не жесек те, пайдалы, табиғи өнімдерді тұтынып жүрейік.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
07 қараша 2021 ж. 747 0