Мінсе көлік, жесе тамақ, ішсе сусын
Ауданда кәсіпкерлікпен айналысып, оны отбасы бизнесіне айналдырған саны жыл сайын арта түсуде. Шағын кәсіп иелерінің басым бөлігі ата кәсіп – мал шаруашылығын дамытуға ден қойғандар.
Ақжармалық Арнұр Әбіласанов 2014 жылдан бері ата кәсіп мал шаруашылығымен айналысады. Бүгінде кәсіпкер жылқы малын бағып, мал басын көбейтіп, бордақылап, шаруасын дөңгелетіп отыр.
Кәсіп иесі жақында «Еңбек» бағдарламасы аясында «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы 3 миллион теңге жеңілдетілген несие алды. Ол осы қаржыға жылқыдан басқа, мүйізді ірі қара мен қой алып, төрт түлік мал санын да арттырған. Мал басын көбейткен жылқышы мал союға арналған орынды да салып алған.
– Ата-бабамыз мал ұстап, шаруашылықпен айналысқан. Қазір бұл кәсіппен айналысқаныма біршама уақыт болды. Мемлекет тарапынан берілген жеңілдетілген несиеге біраз мал алдым. Қазір бие сауамын. Ауыл тұрғындарынан саумалға сұраныс бар. Денсаулыққа пайдалы сусынды сұраушылар қатары көп. Кейде едәуір кезек те болып қалады, – дейді ауыл кәсіпкері.
Арнұр Әбіласанов кәсіпкерлерді қолдауға байланысты берілетін несиені тиімді пайдаланып отырғандықтан, алдағы уақытта отбасылық бизнесін ұлғайтуды мақсат етіп отыр. Кәсіпкердің айтуы бойынша, екі қолға бір күрек таба алмай отырғандарға бұл тамаша мүмкіндік. Тек адамға ынта мен еңбексүйгіштік қасиет қажет. «Мемлекет жұмыссыздарды қолдауға, шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысуға жағдай жасады. Бизнес-жоспар жасау үшін мамандар көмекке келеді. Барлық мүмкіндікті жасап қойған. Осы мүмкіндікті құр жібермеу қажет. Көзін тапса, барлық кәсіп берекелі болады, – дейді ақжармалық кәсіпкер.
Айта кету керек, аудан бойынша «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» аясында жұмыссыз азаматтар кәсіптерін бастауға мүмкіндік алды. Бүгінде 200 адам жобаның екінші бағытымен «Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру» тетігі бойынша 116680,0 мың теңге қаржыға қол жеткізді. Жұмыссыздардың арасында 93-і жастар, 2-і мүмкіндігі шектеулі жандар мен 21 атаулы әлеуметтік көмек алушы азаматтар.
Бибісара ЖАНӘЛІ