Қауіпсіздікке қырағылық қажет
Жақында аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, оның күн тәртібінде аудан көлемінде заңдылықты қамтамасыз ету, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау мәселелері, мал ұрлығын тоқтату және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытындағы жұмыстар қаралды.
Жиында аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Нұрлан Садықов ауданда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты 9 айда атқарылған жұмыстарды баяндады.
Жалпы, биыл 9 айда аудан көлемінде бөтен мүлік ұрлығының тіркелуі былтырғы жылмен салыстырғанда 23,3 пайызға төмендеген. Оның ішінде, пәтер ұрлығының тіркелуі 44,4 пайызға, мал ұрлығы 46,7 пайызға, ұялы телефон ұрлығы 33,3 пайызға азайған.
– Мемлекет басшысының ұрлық қылмыстарының алдын алу бағытындағы жұмыстарды жандандыру жайлы тапсырмасына сәйкес, «Ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған» бағдарламаны іске асыру мақсатында, мүдделі органдармен кешенді ұйымдастырушылық іс-шаралар жүргізілуде. Іс-шара нәтижесімен криминогендік жағдайға жасалған талдау көрсеткендей, соңғы 4 жылда аудан бойынша мал ұрлығының төмендегені байқалады. Аудан бойынша тіркелген 8 мал ұрлығының 3-і қорадан, 5 дерегі немесе жалпы мал ұрлығының 62,5 пайызы қараусыз, бақташысыз өрістен ұрланып отыр. Бұл ретте, аудан әкімдігінде өткен әрбір ведомствоаралық құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі комиссия отырыстарында малды міндетті түрде падамен бағуға бақташыларды енгізу ұсынылғанымен, ауыл әкімдерімен бұл бағыттағы жұмыстар әлі күнге дейін толық шешімін таппай келеді. Біздің есебіміз бойынша аудан көлеміндегі 13 ауылдық округте 13 пада ұйымдастырылып, бақташымен қамтылған. Дегенмен, 1 ауылға 1 пада аздық етеді. Малды бақташысыз жайып жіберудің салдарынан, мал ұрлығымен тіркеліп, кейін малдары далалық жерде табылып, иелеріне қайтарылған деректерде кездеседі. Мұндай 1 қылмыстық іс өндірістен тоқтатылды, бұл ретте жоғалған малды іздеуге жеке құрамның басым күштері мен автокөліктері тартылады, – деді Н.Садықов.
Мал ұрлығының орын алуының тағы бір себебі азаматтардың малдың жоғалғаны туралы кеш хабарлауы болуда. 2021 жылдың 9 айында тіркелген 8 мал ұрлық қылмыстарының 6-ы он тәуілік ішінде, 2-і бір айдан кейін арызданған. Бұл әрине, қылмыстардың ашылуына кері әсерін тигізетіні анық. Оған қоса, малдарды таңбалау, сырғалау жұмыстары әлі де болса жеткіліксіз болуының салдарынан, ішкі істер органдары қызметкерлерінің мал ұрлықтары қылмыстарын ашу мен ұрланған малдарды тану барысында қиындықтар туғызады екен. Осыған орай, бөлім басшысының орынбасары құзырлы органдармен мал шаруашылығымен айналысатын азаматтарға малдардың саны және олардың таңбалануы, сырғалануы жайлы үгіт насихат жұмыстарын жандандыру қажеттігін айтты.
Тағы бір мәселе, тәртіп сақшылары құжатсыз мал тасымалдау фактілерін анықтағанымен, ұсталған малды тексеру үшін уақытша орналастыру орындары бөлінбеген. «Құжатсыз мал тасымалдаған автокөліктер, үстіне тиілген малымен бірге сол аймақтың ішкі істер бөліністерінің ауласына уақытша қойылады. Малдың ұрлық еместігін анықтау барысында, ол мал автокөліктен түсірілмейді, оған су, жем берілмей, малға тиісті қарау жасалмайды. Мұндай жағдай қызмет барысында жиі кездесуде. Сондықтан құжатсыз тасымалданған малдарды, уақытша орналастыратын орындарды және олардың жем, суы мен қарайтын қызметшілерін белгілеу қажет» деді хабарламашы.
Биылғы жылдың 9 айында өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 18,2 пайызға төмендеген. Сонымен қатар, «Мүлдем төзбеушілік» қағидаты бойынша аудан көлемінде 2021 жылы 1187 әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталып, тиісті шаралар көріліпті. Ал аудан көлемінде өткен жылдың 9 айымен салыстырғанда биыл 20 жол-көлік оқиғасы орын алып, 5,3 пайызға өсім алған. Соның салдарынан 12 адам өмірден өтсе, әртүрлі дене жарақатын алғандар – 27 адам. Сондай-ақ, жыл басынан бері жол жүру ережесін бұзған 1418 әкімгершілік құқық бұзушылық анықталып, тиісті шара көрілген. Нұрлан Садықов жол қауіпсіздігін сақтауда тәртіп сақшылары тынымсыз қызмет етіп жатқанын атап, тұрғындар жол ережесін қатаң сақтау керектігін ескертті.
Қоғамдық кеңес отырысында кеңес мүшесі Алма Бақтиярова ауданда кадр тұрақтандыру мәселесін көтерді. Яғни, елді мекендер мен аудандық полиция бөліміне келген тәртіп сақшыларының сала жұмысын жандандыруда ұзақ мерзімде қызмет етуі қажеттігін атады. Ал кеңес мүшесі Ұлмекен Жанәлиева пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды қоғамға бейімдеп, кәсіп ашуына көмек көрсетуді, оған бөлім тарапынан ұсыныстар берілу керектігін жеткізді. Келесі кезекте кент тұрғыны Қайрат Сүлейменов балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуде сала жұмысын күшейтуге тоқталды. Яғни, бүгінде аудан орталығындағы №36, 210 мектеп жанынан көлік көп жүреді. Сондықтан осы білім ошақтары жанында кәмелетке толмағандармен жұмыс жасайтын инспекторлар оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. Оған қоса, аудан орталығындағы бейнекамералардың жұмыс істеуін бақылауға алып, сол арқылы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге болатынын да тілге тиек етті. Кент тұрғыны көшеде жүрген малдарға қатысты да өз ойын білдіріп, оның жауапкершілігі туралы ақпараттандырылуы қажеттілігін атап өтті. Сонымен қатар, Тереңөзек пен Қызылорда аралығына қатынайтын такси көліктерінің де қауіпсіздігі басты назарда болуы керектігін айтты.
Ұсыныс-пікір кезегінде аудандық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов облыс орталығына баратын жол жөнделгеннен кейін жылдамдықты шектеуге қатысты белгілер қойылу керектігіне тоқталды.
Ұсыныс-пікірлер тыңдалған соң қоғамдық кеңес төрағасы М.Омаров барлық мәселе хаттамаға түсіріліп, тиісті бөлімдерге жіберілетінін, аталған мәселелердің шешімін табуы бақылауда болатынын атап көрсетті. Қоғамдық қауіпсіздік мәселесі әркез тұрақты назарда болу керектігін жеткізді.
Ердос БЕРКІНБАЕВ