«Jas otan» – болашақ саясаткерлер үшін үлкен мектеп
«Jas Otan» – болашақ саясаткерлер үшін үлкен мектеп». Бұл Тәуелсіз мемлекетіміздің негізін қалаған Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сөзі. Расында да еліміздегі жастардың ең үлкен саяси ұйымы болып табылатын «Jas Otan» Жастар қанатының белсенділері – саяси мектепте шыңдалған, өмірлік тәжірибесі мол «Nur Otan» партиясы мүшелерінің лайықты ізбасарлары. Жасотандықтар Елбасы мен Ел Президентінің байыпты бастамаларын жүзеге асыруға білімін, жастық жалыны мен күш-жігерін арнауға әркез дайын.
«Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» Жастар қанаты биыл бірінші рет халықаралық жастар саяси лагерін ұйымдастырды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылған халықаралық деңгейдегі іс-шараға еліміздің барлық облысындағы ең белсенді, ізденісті серік етіп, еңбегімен танылып келе жатқан жастармен қатар, көршілес Ресей, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғыз Республикасындағы жастар ұйымының өкілдері қатысты. Ал Қытай, Германия, Пәкістан, Татарстан мен өзге елдердегі жастар ұйымдарының өкілдері онлайн форматта қатысуға, пікір білдіруге мүмкіндік алды.
Халықаралық жастар саяси форумына Қызылорда облысынан «Nur Otan» партиясының облыстық филиалының келісімімен сырбойылық алты жас қатысты. Өңір жастарын «Jas Otan» Жастар қанатының облыстық филиал төрағасы Медет Жорабек бастап барды. Алты жастың екеуі праймеризге қатысып, жоғары дауыс жинап, аудандық мәслихат депутаты атанған Ақтөре Ибрагимұлы мен Нарбота Серәлі болса, бір қатысушы «Болашақ» бағдарламасының түлегі Бекзат Ырза және қалған екі қатысушы «Jas Otan» Жастар қанатының еріктілері Нұрбол Серікбай мен Диас Қанатбай болды.
«Jastar – Otanga!» форумының қатысушылары бес күн бойы семинарларға, тренингтерге және арнайы ұйымдастырылған сессияларға қатысып, жастар саясатына қатысты өзекті мәселелер туралы идеяларымен бөлісіп, өз ойларын ортаға салды. Халықаралық форумға арнайы шақырылған спикерлер, оның ішінде елге белгілі қоғам қайраткерлері, спортшылар мен Мәжіліс депутаттары да қатысты. Форумның алғашқы күнінде «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев іс-шараның Қазақстандағы жастар күшін біріктіруде маңызды қадам болып саналатынын атап өтті.
– Форум ең алдымен жастар партиялық кадрлық резервін қалыптастырып, жастарды мемлекеттік құндылықтарды дәріптеуге жұмылдыру үшін білімді, дарынды және болашағынан зор үміт күттіретін жастар пулын құрудың құралы болмақ. Бұл форумның ерекшелігі – бірінші рет халықаралық деңгейде өтуінде. «Jastar – Otanga!» форумында жастар тәжірибе алмасып, қарым-қабілеттерін танытады. Мұнда ешқандай шарттылық жоқ, есесіне жастардың көпшілік біле бермейтін дарынын көрсетуге мүмкіндігі бар. Бұл – әлеуметтік маңызы бар жаңа жобаларға жол салуы тиіс патриоттық форум. Бағыттардың ең маңыздысы – жастар арасында партиялық кадр резервін дамыту, сонымен қатар, 2025 жылға дейін «Жастар – Отанға!» бағдарламасы жол картасын жүзеге асыруды талқылау. Биыл аталған форум тұңғыш рет халықаралық форматта өткізіліп отыр. Аталған алаң қатысушы мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың ары қарай дами түсуіне зор ықпалын тигізбек», – деді Нұржан Жетпісбаев.
Ал «Единая Россия» жастар қанаты орталық штабындағы ақпарат бөлімінің басшысы Виктория Федосова Қазақстан мен Ресей арасындағы белсенді партияаралық байланыстың ерекше екенін жеткізді.
«Алғаш рет байланыс 2001 жылы орнаған болатын, ал 2005 жылдан бері «Единая Россия» Партияаралық ынтымақтастық туралы келісім негізінде «Nur Otan» партиясымен тығыз байланыста. «Jastar-Otanga!» форумы ресейлік-қазақстандық партияаралық диалогқа тың серпін беретініне сенімдімін. Сонымен қатар, биыл екі елде де сайлау науқаны өткенін атап өткім келеді. «Nur Otan» партиясы «Единая Россия» секілді көшбасшылығын дәлелдеп, азаматтардың аталған партияға сенім білдіретіні байқалды», – деді Виктория Федосова. Сонымен қатар, Әзербайжаннан келген жастар «Jas Otan» жастар қанатына форум өткізуде ұйымдастырушылық қолдау көрсетті. Ислам ынтымақтастығы ұйымы Жастар форумы Еуразиялық аймақ орталығының бас директорының міндетін атқарушы Вузал Гурбанов өз сөзінде «Jastar – Otanga!» форумын өткізу арқылы жастар саясатын дамытуға болатынын баса айтты.
«Қазіргідей пандемиямен күрес жүргізіп, жаһандық қауіп-қатерлерге төтеп беріп жатқан уақытта ел жастары әлем құндылықтары мен тату көршілік қарым-қатынастарды дәріптеп жүр, бұдан асқан қандай бақыт бар? Біздің форум мен «Jas Otan» Жастар қанаты бұрыннан тығыз байланыста, қазақстандық серіктестер біздің форумның жұмысына белсенді қатысып жүр», – деді Вузал Гурбанов.
Бірнеше күнге созылған форумда «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жастармен кездесу өткізді.
«Қазақстанда «этникалық азшылық» және «диаспора» деген ұғымдар жоқ, барлығының құқықтары мен міндеттері бірдей. Бұл – Елбасы саясатының маңызды жетістіктерінің бірі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағытты әрі қарай жалғастыруда. Келісім мен бірлік – мемлекеттің тұрақты дамуы және барлық азаматтың өмірін жақсарту үшін қажетті біздің қоғамдағы басты құндылықтар. Сондықтан тілдік қысым көрсетілді деген тақырыптағы жарияланымдар жұмсартып айтқанда, қазақстандықтардың түсінбеушілігін туғызады. Бәріміз – Қазақстан азаматымыз. Ал қазақ тілі бізді біріктіреді. Жақында ғана қоғам белсенділері іске қосқан «Менің елім, менің тілім» қозғалысы – осының нақты дәлелі. Оған Яков Федоров, Марина Шаповалова, Әскер Пириев, Марина Сахарова, Алексей Лодочников сынды басқа да көшбасшы жастар бастамашы болды. Бұл қозғалыс бүкіл қоғамға жастардың зерделілігі мен олардың Отанымыздың болашағы үшін жауапкершілігінің зор екенін көрсетті деп ойлаймын. «Nur Otan» Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп, азаматтық бірегейлікке, бай тарихи тамырды, ұлттық мәдениет пен рухани дәстүрлерді сақтау мен дамытуға негізделген қазақстандық патриотизмді одан әрі дамыта береді», – деп атап өтті ол.
Билеуші партия төрағасының бірінші орынбасары бүгінде әрбір үшінші қазақстандықтың 30 жастан аспағанын, сондықтан жастарды жан-жақты қолдау «Nur Otan»-ның және «Jas Otan» жастар қанатының басты бағыттарының бірі екендігін атап өтті.
«Бүгінде жасотандықтар мәжіліс пен мәслихат сайлауының қорытындысы бойынша «Nur Otan»-ның 616 жас депутатынан тұратын корпус жасақтап үлгерді. Бұл Елбасының бастамасымен қолға алынған билеуші партияның сайлауалды тізіміндегі 20%-дық жастар квотасының арқасында мүмкін болып отыр. Ел Президенті Қ.К.Тоқаев өзінің саяси реформаларында жастар квотасын барлық партиялардың сайлауалы тізімдері үшін міндетті етіп бекітті. Жастарды жүйелі қолдау мақсатында кең көлемде жүргізілген көпшілік талқылаудан кейін жасотандықтар 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасын қабылдады. Ол бүгінде партиямыздың ерекше бақылауында», – деп атап өтті Бауыржан Байбек.
Мұнан бөлек, форум аясында ҚР Мәжілісінің депуттары Елнұр Бисенбаев, Мәди Ахметов, Тілектес Адамбеков, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек форум қатысушыларымен кездесіп, жастар саясатын дамыту туралы атқарылған жұмыстар жөнінде ақпарат берді. Оған қоса «KASSYB GROUP», «Синергия» университетінің президенті Бауыржан Қасымбергебаев пен «Токио-2020» Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов жетістікке жету жолдарын түсіндіріп, жастарға жаңаша серпін берді. Өз кезегінде ҚР Президенті жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, «Turkistan Media Holding» бас продюсері Асхат Садырбай мен «Асар үме» ҚҚ президенті Асхат Нұрмашев жастардың әлеуетін қайырымдылық іс-шараларына бағыттаудың алғышарттарын айтты.
Сондай-ақ, форум аясында ICYF-ERC-пен бірлесіп «Руханият көпірі – Низамиден әл-Фарабиге дейін» тақырыбында панельдік сессия өткізілді. Онда жазушы-драматург, Әзірбайжан Жазушылар одағының хатшысы Ильгар Фахми мен философия ғылымдарының докторы, профессор Әмірқұл Әбуов ойшыл әл-Фарабидің шығармашылығы туралы айтты. Ал кәсіби жаттықтырушылар Толқын Аманбек, Бақдәулет Исаев және Салтанат Қашағанова, Лейла Асылбекова «Эмоционалды көшбасшылық технологиялары. Жеке және кәсіби жетістіктердің кілті», «Шешендік өнер: коммуникация дағдылары және аудиториямен жұмыс», «SMM маркетинг, брендинг және PR құралы» тақырыптарында семинар-тренингтер өткізді.
Осы ретте, қызылордалық жастар барлық іс-шараларға белсенді қатысқанын атап өтуіміз қажет. Соның нәтижесінде «Jastar – Otanga!» форумының қорытындысында аймақ жастары «Ең үздік облыс» аталымын жеңіп алды. Жекелей бағыттар бойынша ұйымдастырылған байқаулар бойынша Сырдария аудандық мәслихатының депутаты, «Jas Otan» жастар қанатының аудандық бөлімшесінің жетекшісі Ақтөре Ибрагимұлы «Ең үздік фото» аталымымен марапатталды. Марапаттау салтанатында «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев сырбойылық жастардың ойлары озық, идеялары терең әрі қоғамдық-саяси белсенділіктері жоғары екенін атап өтіп, «Jas Otan» Жастар қанатының облыстық филиал төрағасы Медет Жорабекке ерекше алғыс білдірді. Халықаралық форумның соңғы күнінде жастар Елбасының пәрменімен, Ел Президентінің қолдауымен түлеген, түрленген Түркістан қаласын аралады. Сондай-ақ, белгілі жазушы, драматург Дулат Исабековтің «Бөрте» спектаклін тамашалады. Осылайша, форумға қатысушы жастар халықаралық деңгейдегі іс-шарадан тың серпін алып, тәжірибелері толысып, жаңа идеяларды жүзеге асыратын күш-жігермен оралды.
А.СЕЙІЛОВ