Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Оқу-өндірістік комбинатын ашқан

Оқу-өндірістік комбинатын ашқан

Қазан айының алғашқы күні халықаралық қарттар күні аталып өтілгені белгілі. Осы күні барша егде тарт­қан кісілер құрмет-қошеметке бөленіп, олардың өмір-жолдары жас ұрпаққа насихатталды.

«Жастығымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» дегендей, бейнетінің зейнетін көріп отырған қарттарға арналған басқосулар болды. Осындай кездесулерде ара­мызда замандасымыз Бақытжан Сауытбаевтың болмауы жанымызға батты. «Мың күн жанған шырағың бір күн сөнер» деп бекер айтылмаса керек. Бірге жүріп, қызметтес болған ардақты ініміз Бақытжан Алматұлы өмір жолы өнегеге толы азамат еді. Аудандық газеттің «Құрметті азамат» айдарына ардақты азаматты жазуды жөн көрдім.

Бақытжан 1944 жылы 28 шілдеде ауданға қарасты Ақжарма ауылында, өз заманында ел басқарып, билік еткен текті әулет Сауытбай ұрпағы Алматтың отбасында дүниеге келді. Әкесі Алмат өмір бойына туған ауылының өсіп-өркендеуіне тер төгіп, еңбек етсе, анасы Ақкенже Бекмұратқызы – ұстаз болған жан. Осындай отбасында дүниеге келген Бақытжан мектеп бітіріп, кейін жоғарғы орнында оқыды. Еңбек жолын өз ауылында №130 Абай атындағы орта мектепте мұғалімдіктен бастады.

Қызмет барысында білікті маман ретінде танылып, мектептің және ауылдың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты. 1972 жылы аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы болып қызметте жоғарылады. 1975 жылы «Партияның ХХІ съезі» атын­дағы совхоздың партия комитетінің хатшысы болып сайланды. Осы қызметте 1980 жылға дейін болды. Содан кейін аудандық оқу бөлімінде инспектор қызметін атқарды. Өзінің үнемі ізденіп, жаңаны игеруді қалап тұратын іскерлік қабілетіне сай ауданда тұңғыш рет аудандық оқу-өндірістік комбинатын ашуды қолға алып, оны басқарды.

Мұндай жаңадан оқу-өндірістік комбинатын ашу оңай жұмыс емес еді. Біріншіден, оқу ғимаратын да­йындап, әзірлеу, оған қажетті техникалық оқу құрал-жабдықтарды іздеп, табу және техниканы жете мең­герген шебер кадрларды жасақтау тәрізді күрделі жұ­мыс­тарды жүзеге асыру үшін тынбай тер төкті. Нәтижесінде, облысқа белгілі үлгілі оқу-өндірістік комбинат іске қосылды. Көптеген жастар өндірістік ма­мандықтарды игеріп, шаруашылықтарға жұмысқа орналасып, ауданның экономикасын дамытуға үлес қосты. Осылайша, Бақытжан Алматұлы өз еңбек жолында өне­ге болатын өшпес із қалдырды.

Білікті басшының қажырлы еңбегі ескерусіз қал­мады. Бірнеше дүркін мақтау грамоталарымен, алғыс, құттықтау хаттарымен марапатталды. Ол «Семей сы­нақ полигонының ардагері», «Невада-Семей ядроға қарсы қозғалысына – 25 жыл», «Сырдария ауданының 90 жылдығы» мерекелік медальдарының иесі. 2017 жылы Сырдария ауданының Құрметті азаматы атағын алды.

2004 жылы өзінің әскери борышын Семей полигонында өтеген Бақытжан Алматұлы соғыс ардагеріне теңестірілген ардагер ретінде мүмкіндігі шектеулі азамат ретінде зейнет демалысына шықты.

Бақытжан сүйікті жары «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Сырдария ауданының 90 жылдығы» медалінің иегері, ардагер-ұстаз Сұлупан Шамшадиновамен екеуі 3 қыз, 2 ұл тәрбиелеп өсірді. Олардан 14 немере, 6 шөбере сүйген үлгілі отбасы болды. Ерлі-зайыптылар 54 жыл отасты. Олардан тараған ұрпақтары Мәскеу, Алматы қалаларында білім алып, қазір еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет атқаруда.
Өнегелі өмір иесі өмірден өтсе де, оның жарқын істерін ұрпағы жалғастыруда.

Рақымжан қажы БӘЙМЕНОВ,
тыл және еңбек ардагері,
«Сырдария ауданының Құрметті азаматы»
12 қазан 2021 ж. 358 0