Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

Мұғалім

Тереңөзек ауданына қарайтын колхоздарда жан біткеннің барлығы оны «Өзіміздің Оспан қожа» дейді. Оған «қожа» деген ат құрметтегендіктен, аса жақсы көріп, ерекше сыйлағандықтан тағылған. Қай заманда болсын халық өзінің сүйген ұлдарына, көбінесе қосымша аттар беріп, оларды басқалардан саралап бөліп алып, ел алдында қадірін арттырып отырған. Балуан шолақ, Ақан сері, Қарға бойлы Қазтуған, Еңсебай бойлы Ер Есім дегендегі «шолақ», «сері, «қарға бойлы» «еңсегей бойлы ер» сияқты қосымша аттар сол жақсы көріп, айрықша сүйгендіктің анықтамасы.

Оспан қожа Тереңөзек қыстағындағы қазақ мектебінде 22 жыл бойы қызмет атқарды. Ол осы 22 жылдың ішінде Тереңөзек ауданының көп жерінен мектептер ұйымдастырып, балаларды оқуға көптеп тартып, оларға тәлім-тәрбие, білім беріп, әлеуметтік маңызы бар еңбек етті.

Әлі есімде 1923 жылдың күзінде Ақболтай өзенінің бо­йын мекендейтін 2 ауылдың ортасынан мектеп ашылды. Сол күні үлкен той болды. Тойға қос тай, өгіз сойылды. Бозбалалар қас қарайғанша көкпар тартып, балуандар күреске түсті. Мектебіміздің мұғалімі Оспан Әбілпаттаев болды. Алғашқы күні оқуға 30-дан аса бала жазылды. Артынша көп ұзамай оқу да басталды.

Мектеп үйі алғашқы кезде қамыстан соққан, іші-сыртын бал­шықпен сылаған қақырада болды. Ол кезде парта болмады, оның орнына мектепке жұмсақ қоға төселді. Кітап, қалам, қағаз тіпті тапшы еді. Оқу басталған күні екеуара бір қалам, бір-бірден 12 парақтық дәптер үлестірілді. Оқу аспаптары атымен болмады. Дегенмен «көш жүре түзеледі» дегендей, оқу жұмысы барған са­йын тәртіпке келіп, жөнге қойыла бастады. Оқушылардың саны да арта берді.

Ауыл арасында Оспан қожаға қырын қараушылар, оның игілікті ісіне кесірін тигізушілерде болмай қалмады. Әсіресе, көршілес ауылдағы ескі дін мектебінде дәріс оқитын Салық молда: «Оспан қожа діннен шыққан, балаларыңды бұзады, кәпір етеді» деген сияқты неше алуан өсектер таратты. Бірсыпыра кісілер әсіресе, Шалабай, Беркінбай, Шора сияқтылар Салық молданың өтірік-өсегіне малданып, балаларын мектептен шығарып алмақшы да болды. 2-3 айдан соң-ақ Оспан қожаның еңбегі жұрт көзіне түсті. Бірсыпыра оқушылар әсіресе, оқуға ықыласты, тәртіпті, зерек балалар өз беттерінше кітап оқып, хат жаза бастады. Бұл жағдай ескі дін мектебінде 3-4 жылдан бері көк ми болып, әліпті таяқ деп білмей, жапа шегіп жүрген балаларға үлкен ой салды, қатты әсер етті. Әні-міне дегенше олардың көпшілігі Оспан қожаға қашып келді, жаңаша оқуға талпынды. Ескі дін мектебінде бас-аяғы 5-6-ақ бала қалды. Келесі жылдың күзінде ол балалар да ескіше оқудан бас тартып, мектеп біржола жабылды. Сөйтіп, бұрынғы 30 баланың орнына келесі жылы Оспан қожаның қарауында 50 шақты бала болды. Мектеп балаларының аз уақыттың ішінде хат жазып, кітап оқығаны ауыл жігіттеріне де әсер етті. Оған жиналып келіп, «бізге де хат таныта көр» деп Оспан қожаға қолқа салды. Оспан қожа қатар өскен достарының тілегін құшақ жайып қош алды. Кеш мезгілдерінде де үлкендерді оқытуға кірісті.

Сол жылы Самара қаласынан біздің елге Иван деген орыс жігіті келді. Иван білімді жігіт екен. Оспан қожа оны үйіне шақырып, өзімен бірге қызмет істеуге қалдырды. Мектеп екі тілде оқуға кірісті. Біз ең алғаш орыс тілін сол Иваннан оқыдық.

Сонымен кішкентай мектеп бір-екі жылдың ішінде қанатын жайып, өрісін кеңейтіп мәдениеттің орталығына айнала берді.

***
Бір кезде Оспан қожа ұйымдастырған бастауыш мектеп өсе келе орта мектепке айналып, аудан орталығынан орын алды. Тереңөзектегі ең үлкен, ең биік, ең әдемі үй – сол мектептің үйі. Қазір мектептің өз алдына клубы, кітапханасы, дене шынықтыру залы, толып жатқан класс бөлмелері бар.
Оспан қожа жаңа мектепке келгеннен кейін жұмысын қайта құрды. Бір жағынан өз білімін көтерді. Сырттай оқып, екі жылдық мұғалімдер институтын бітірді. Бұл жылдары Оспан қожа тәртіп жұмысын өте-мөте қолға алды. Өйткені, оқуышалардың арасында кейбір тентек, аса қияңқы балалардың өрескел қылықтары көпшіліктің назарын аударды.

Мынадай бір оқиға болды. Тереңөзек теміржол дүкенінде істейтін Құрманғали ұста мен Қант деген жесір әйелдің балалары шектен асқан бұзық болған. Олар оқуға бармай, күндіз карта ойнап, түнде ұрлық істеп, жас балаларды сабап, бүкіл Тереңөзек жұртшылығының тынышын алды. Құрманғали мен Қант балаларын тәртіпке шақыру былай тұрсын, қайта балаларына ара түсіп, «маңдайымыздағы жалғыз баламыздың бетінен қаға алмаймыз» деп көрінгенмен ұрысып, бұзықтарды одан сайын дандайсытып жіберді. Бұл балалар өздерінің тобына сөзге еріп, оқуға селсоқ қарайтын, кейбір жаңғалақ балаларды жия бастады. Барған са­йын олардың тобы көбейе берді. Аудандық оқу бөлімі мен мектеп кеңесі бұл балаларды Оспан қожаның қарауына берді. Олар басқа сыныпта оқитын еді.

Оспан қожа олармен көп жұмыс істеді. (Ол өз алдына ұзақ бір хикая). Ақырында оларды өзінің дегеніне келтіріп, тәртіпке мойынсұндырып, тезге салған шыбықтай түзеді. Жыл аяғында Оспан қожаның класы сабақты үлгіру жағынан болсын, тәртіп жағынан болсын, бүкіл аудан көлемінде бірінші орынды алды. Оқу жылының аяғына арналған жиналыста Құрманғали мен Қант жылап тұрып, Оспан қожаға алғыстарын айтты. Оған тек Құрманғали мен Қант ғана емес, жалпы Тереңөзек халқы алғысын айтты. Оспан қожаның мерейі үстем бола берді.

1922 жылдың ішінде Оспан қожаның алдынан жүздеген бала білім алды, тәрбие алды. Олардың бірсыпырасы басшы қызметте, бірсыпырасы ғылыми жұмыста, оқу, шаруашылық орындары мен әскер жұмысында жүр. Кешегі тентек Құрманғалидың баласы Әлібек, Қанттың баласы Сансызбай Ұлы Отан соғысы күндерінде жақсы офицерлер қатарынан көрінді. Оспан қожа жұмыс істеген мектептің кейінгі жылдары директоры болған Шайқы Нұржанов та осы Оспан қожадан білім алған.

Оспан қожа колхаздастыру дәуірінде колхоз мүшелерінің сауатсыздығын жою мәселесінде көрнекті еңбек етті. Ол Тереңөзектегі «Қызыдихан», «Қызылорақ» колхозының құрметті мүшесі, колхоз жұмысына үнемі қатысып, күн сайын қолма-қол жәрдем көрсетіп отырды. Колхоз бастықтары Оспан қожамен керекті мәселелер жөнінде ылғи кеңесіп отыратын.

Оспан қожа қызметін тек 1942 жылдың күзінде ғана уақытша доғаруға мәжбүр болды. Ол кезде зұлым жау Сталинград қаласына ойран салып, Еділ бойына өрт шалып жатқан кез еді. Мұндай кезде үйде отыруды бойына ар көрді. Оған ауылда жүру, әсіресе, шәкірттерінің алдында өліммен тең. Ақырында өз тілегі бойынша майданға кетті.

***
Мен Оспан қожаны Берлинге жақын бір станцияда көрдім. Ол мені көре сала әскер тәртібі бойынша сәлем бермекші болды. Бірақ оның кіші сержант екеніне қарамастан, құрметті ұстазым болғандықтан, оған мен бұрын сәлем бердім. Екеуіміз құшақтаса кеттік. Біраз әңгімелестік. Ол соғыс кезінде бастан кешкендерін, ерлік істерін қысқаша ғана айтып өтті. Шынында да оның төсіндегі 4 награды айтқандарын растап-ақ тұр.
Бұл – қуанышты күн еді. Ол елге қайтқалы тұр еді:

– Өзіміздің Тереңөзекке, 22 жыл бойы қызмет істеген сүйікті мектепке барамын. Мектеп маған алтын босағалы орда, ол – жас жеткіншектеріміздің тағдырын шешетін, білім мен тәрбие беретін дүкен. Мен сол дүкеннің зергерімін. Қазақстанның 25 жылдық мерекесімен бірге өзімнің 32 жылдығымды қоса тойлаймын, – деді Оспан қожы әңгімесінің аяғында.

Ол бұл сөздерді ерекше, қалтыраған дауыспен елжіреп сөйледі. Мен:

– Тереңөзекке сәлем айтыңыз, 22 жыл қызмет істеген мек­тепбіңізді қолға қару алып, жаудан қорғадыңыз, ақырында жауда табаныңызға салдыңыз. Тағы көптеген жыл қызмет істеуіңізге, сау-саламат болуыңызға тілектеспін! – деп қолын алып, қош айтыстым.

Біздің елдің мұғалімдері осындай, қызметінде істей біледі, керек болғанда жаудан Отанын да қорғай біледі.

Ә.Тоқмағамбетов
«Сырдария (Тереңөзек) ауданы» кітабынан

05 қазан 2021 ж. 192 0