Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 31 газет

20 сәуір 2024 ж.

№ 30 газет

16 сәуір 2024 ж.

№ 29 газет

13 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Өнегелі ісі өшпейді

Өнегелі ісі өшпейді

Дана қазақ ежелден дүниеге келген нәрестеге ат қоюға ерекше мән береді. Оның ырымы мен жөн-жосығы сан алуан. Әсіресе, атағы, абыройы ел арасына, тіпті жаһанға жайылған ұлы тұлғалардың есімдерін ұлықтап, өз баласына, немере-шөбересіне қойып жүруі жақсы дәстүрдің төрінен орын алады. Сонымен қатар адамның аты да белгілі бір мағынаға ие болуы қажет. Сондай есті есімді иеленіп, саналы ғұмырында білім саласының дамуына айрықша үлес қосқан азаматтардың бірі – біздің әр­­­іп­­­­тесіміз, замандасымыз Алауаддин Зайниддинұлы Сейітасқаров. Оның есімі арабшадан аударғанда «сенімнің биіктігі» деген мағынаны білдіреді екен.
Иә, сенім адамның тұлғалық болмыс-бітімін айшықтап тұратын негізгі қасиеттердің маңыздысы. Сенімге ие адам – құрметті адам. Ал сенімге ие болу үшін тектілік, тәрбие, жауапкершілік секілді бірінен соң бірі жалғасып кете беретін қасиеттер ауадай қажет. Біз сөз еткелі отырған Алауаддин Зайниддинұлы отбасының ғана емес, әріптестерінің, қала берді ауылдастарының сеніміне селкеу түсірмеген, жаны жайсаң азамат болатын. Басшылық оған қай істі де сеніп тапсырып, нәтижелі орындайтынын әлдеқашан-ақ мойындаған десек қателеспейміз. Сондықтан осындай ардақты аза­­мат­­­ты дәріптеп, насихаттап, өмір жолын өзгелерге өнеге ету – ортақ парыз. Бұл – ұлтқа ұстын болған «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы адал еңбе­­гімен елдің ардақтысы атанған тұлға­лардың еңбегін кеңінен насихаттау жөнінде Елбасы атап өткен басым бағытты орындауға қосылған үлес болмақ.
Уақыт расында да жүйрік әрі емші екен. Бірақ өмірден өткен кей азаматтар арада қанша уақыт өтсе де ұмытылмайды. Көңіліміздің төрінде, жүрегімізде игі істері, қоғамның дамуына қосқан еңбектері сақталып тұрады. Таулардың алыстаған сайын биіктей түсетіні секілді олар туралы естеліктер де уақыт өткен сайын ойға оралып, санада жаңғыра береді.
Біз «Алауаддин дүниеден өтіпті» деген суық хабарды естіп, селк еттік. Жүрегіміз ауырды. Өмір өзен секілді ағады деген рас екен-ау. Аптал азамат былтыр ғана алпыс жылдық мерейтойын өткен жылы ғана зор қуанышпен атап өткен еді. Әттең, Тәңір пешенесіне 61 жасты ғана жазыпты.
«Дүние ойлап тұрсам шолақ екен,
Адамдар бұл өмірге қонақ екен» деген өлең жолдарындағы адамның, шолақ өмірге «қонақ» деген айшықты сөздің ақиқаттығына бас иеміз. Десек те, ойды ой қозғайды. Мына дөң­геленіп жатқан өмірде жыл мезгілдерінің, түн мен күннің, өлім мен өмірдің алмасып тұруы тіршіліктің заңдылығы. Десек те кеше ғана жаныңда жүрген жанның жалған дүниеден ертерек кеткені көңілге сыймайтынын, жұп-жұмыр жүректің оны өлдіге қимайтынын қайтер­сің. Әйтсе де табиғаттың заңдылығына бағыну бір бөлек те, өмірден кеткен азаматты еске алу, әрине бір бөлек.
Қашанда жақсы адамның артында өшпестей ізі, өлместей ісі қаларын білеміз. Сол істеріне, сол іздеріне қарап әрдайым сабырлық жасап «шүкіршілік» жасаймыз. Өмірден өткенімен жасаған тірліктері «мен мұңдалап» тұратын азаматтар қаншама? Солардың бірі – біз әңгімелеп отырған Шаған ауылына есімі етене таныс, ұлағатты ұстаз, ұжым құрметтісі – Алауаддин Зайниддинұлы Сейітасқаров болатын.
Иә, әр адамның өмірі – өзіндік сыры бар, айтары мол тарих. Ұлысың ба, кішісің бе, әркімнің бұл фәниде өзі жүрген сан-салалы жолы, орны бар. Біз білетін Алауаддин Зайниддинұлы 1960 жылы тамыз айының тоғызыншы жұлдызында дүниеге келіпті. Шаған ауылындағы орта мек­тепті бітірген соң, ауылшаруашылығы мен өндіріс саласында білек түре жастық жалынмен абыройлы еңбек биігінен көрінді. Өмірдің әр алуан иірімдерінен тәжірибеден өтті. Сабақ алды. Еңбек майданында көп нәрсені пайымдап, көңілге түйді.
Балалық шақтың өршіл арманы Алауад­динді «ұстаз» атты мамандықтың даңғыл жолына қадам жасатты. Арнаулы орта педагогикалық білім алған соң, қасиетті қара шаңырақ №37 орта мектепке жұмысқа орналасты. Еңбек ете жүріп, жоғары оқу орнының тарих, құқықтану факультетіне оқуға түсіп, бітіріп те алды. Міне, ол өзінің осы арадағы 34 жылдық ағарту саласындағы ғұмырын туған елге, өз халқына қызмет етуге арнаған ұстаз. Қиындығы мен қызығы мол салада шәкірттер дайындауда қа­жырлы еңбек жасады, заман талабына сай білім алуына жанашырлықпен ықпал етті. Жоғары санатты білікті ұстаздың білімді өрен­дері әр алуан сайыстар, байқаулар мен пән олимпиадаларында топ жарып, мерейін көтергенін білеміз. Өскелең ұрпағының бойына адалдық, мейірімділік, әдептілік пен имандылық сынды адами асыл қасиеттерді ұғындыруға күш салуды ұстаздық парызы санайтын. Жақсылыққа жетелеп, жол көрсетіп отырушы еді.
«Тектіден текті туады,
Тектілік тұқым қуады» демекші, текті әулет­тің тұяғы Алауаддинге қасиет үлкендерден дарыған деуге болады. Арғы ата-бабалары Сейітқожадан тараған Сейітасқаровтар әу­летінің бүгінде үрім-бұтағының өрісі кеңейіп, тамыры терең бойлаған саялы бәйтеректей, діннің асыл құндылықтарынан сусындап өс­кен, дәретсіз жер баспаған, бісмілласыз сөз бастамаған тақуа жандардың кейінгі ұрпағына өнегесі жетерлік. Ал әкесі Зайниддин мен анасы Сәнтай да елге беделді, баланың ертеңіне мән беретін, иманжүзді адамдар болатын. Үйдің тұңғышы Алауаддин әке қаны, ана сүтімен бойына дарыған асыл қасиеттерді жете ұғынды. Тәлім-тәрбиесін, ұлағатты істерін көңілге түйіп өсті. Ата-ана алдындағы перзенттік борышын сезіне отырып, оны әркез биік ұстауға, кір келтірмеуге тырысты. Үлкен-кішіге қамқор, дос-жарандарға адалдық пен бауырларына деген ағалық ілтипатын білдіруші еді.
Мен жасым келіп зейнеткерлікке шық­қанша Алауаддинмен бірге аталған білім оша­ғында қызметтес болдым. Көп нәрсеге қанық­пын. Азаматтық бітім-болмысы, қадір-қасиеті, еңбекке деген көзқарасы маған таныс психолог, педагог-ұйымдастырушы қыз­меттерін аса жауапкершілікпен атқарды. Шә­кірттері, ұжым мүшелерімен тіл табысып, жұ­мысты сәтті аяқтап отыратын. Мектептегі талай көңіл қуантатын жақсы істердің куәсі болғанымыз көз алдымда. Алауаддиннің тағы бір қыры тазалықты ұнататын. Киген киімі тап-таза, бір қылау болмайтын. Әсіресе, өзінің пәндік және жұмыс кабинетіне бас сұқсаңыз жинақылық, ұқыптылық пен тазалықтың ле­бін кез-келген адам көріп, риза болатын еді. Мектептегі кәсіподақ ұйымына жетекшілік жасауы, абыройға кенеліп, мерейінің өсуі де оның жауапкершілік жүгін арқалаған азамат екендігін айқындай түсті.
«Отбасы – алтын бесік» дейтін болсақ, алтын бесіктің шамшырағы, жұбайы Мағрипа да ұстаз. Өсіп-өнген, тәрбиелі ортадан шыққан. Екеуі өмірде кездескен қиындықты, ауыртпалықты бірге бөлісті. Мағрипа қасиетті де, құтты ұяға келін болып қонып, бесік тербетті. Ері қызметте жүргенде тілекші, үйге келгенде кеңесші болды. Адал жар бола білді. Төрт қызының тілеуін тілеп, жоғары білімге қол жеткізді. Раушан, Айдана, Әсел, Іңкәр сынды қызғалдақтарды құтты орындарына қондырып, құдалар саны көбейді. Өрісі кеңейді. Алты жиен немерелері өсіп келеді, үйдің болашақ азаматтары Дінмұхаммед пен Досымжан мектеп қабырғасында білім алып жатыр.
Алауаддин Зайниддинұлының еңбегі еске­ру­сіз қалған емес. ҚР Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының, «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталды. Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Қызылорда облыстық комитетінің (Үздік кәсіподақ көшбасшысы – 2014» облыстық байқауының жеңімпазы атанып, үшінші дәре­желі дип­ломға ие болды. Педагогтарға ар­налған олимпиадалар Қазақстан ұстаздары қоғамының «Қазақстан тарихы» пәні бойынша өткізілген сайыста бірінші дәрежелі дипломмен, 2016 жылы «Весна -2016» халықаралық ұстаздар арасындағы жоба жұмысына белсене қатысқаны үшін Алғыс хатпен марапатталды. Аудандық, облыстық білім басқармаларынан алған марапаттаулары да жетерлік.
Ел үшін еңбек етсең, халқың сүймек,
«Біз үшін отқа, суға түсіп жүр» деп.
Ер өлсе де, еңбегін ел өлтірмес,
Неше мың жыл өтсе де, тарих білмек, – деп жырлаған екен Сұлтанмахмұт ақын. Иә, Алауаддиндей азаматты ұжымдастары, достары, бауырлары оның атын да өлтірмейтіні ақиқат. Өткенді ұмытпау, өткенді ұлықтау – тірілердің парызы. Өз ұстазы туралы №37 мектеп-лицейінің директоры, аудандық мәслихат депутаты Ғалия Жаңабаева былайша толғанады:
«Жақсының жақсылығын айт» демекші, Алауаддин ағайымыз көп жылғы саналы ғұмырында халқымыздың рухани өмірін өркендетуге үлес қосты. Білім саласында өнегелі жұмыс жасағанын білеміз. Өзінің күш жігері, білімділігі арқасында мықты шәкірттер тәрбиелеген ұлағатты ұстаз. «Ұстаздардың ұстазы» ақылшысы атанған ағайдың алдынан дәріс алған оқушылары өзімен бірге еңбек етті. Мектеп, ауыл өміріндегі қоғамдық істерге белсене араласқанын мақтаныш етемін. Әсіресе, кәсіподақ ұйымына жетекшілік жасап, жақсы істерге мұрындық болғанына көңіл тояттайды. Ол кісінің жүріс-тұрысы, түр-тұлғасы, бәрімізге ақыл-парасат пен ұстамдылықтың үлгісіндей көрінетін. Амал нешік, ажал құрсауына ерте ілінгені өкінішті. Бұл да тағдырдың жазуы. «Жақсының аты өлмейді» деген даналық сөз бар халқымызда. Ендеше ағайдың өнегелі ісі, есімі мәңгі өлмек емес» дейді іргелі білім ордасының басшысы Ғ.Жаңабева.
Алда ұстаздардың төл мерекесі жақын­дап қалды. Тірі болғанда Алауаддин де осы саладағы отыз төртінші күзін қарсы алып, мерекенің бел ортасында жүрер еді. Мақса­тымыз – атпал азаматтың жақсы істерін тағы бір еске алып, ой елегінен өткізу, көпшілікке ұсыну.


Нағыман ӘЙТЕНОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
02 қазан 2021 ж. 516 0