Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Баспаналы болуға басымдық беріледі

Баспаналы болуға басымдық беріледі

Жастайынан жұмыс істеп, тапқан табысының белгілі пайызын зейнетақы қорына аударып отырған қазақстандықтарға жинақталған қаржының бір бөлігін алуға мүмкіндік жасалды. Яғни, зейнет жасына жетпей-ақ, қордағы салым мөлшері жеткілікті шектен асқанда оның бір бөлігін қажетіне жаратуға болады. Бұл дегеніңіз ел тұрғындарына берілген айтулы мүмкіндік екені сөзсіз. Бұған қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты жаңа Жолдауында ерекше тоқталды. Осы жөнінде және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жұмыстар туралы «БЖЗҚ» АҚ Қызылорда облысы Сырдария аудандық қашықтағы жұмыс орны орталығының жетекші маманы Ләйла Айыпқызымен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Ләйла Айыпқызы, жаңа Жолдауда Мемлекет басшысы зейнетақы қорындағы жинақтың алуға болатын бөлігін «Отбасы банктегі» есепшотқа аударып, сол арқылы баспана сатып алуға рұқсат беру керектігін атап көрсетті. Мұның халыққа тиімділігі мол екені айқын. Осыны тарқатып берсеңіз?
– Мемлекет тарапынан елдің әлеуетін жақсарту бағытында нақты іс-шаралар қабылданып жатқаны белгілі. Осы орайда, ел Президенті кезекті Жолдауында халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру үшін әлеуметтік төлемдер белгілі мөлшерде индекстеліп отыратынына тоқталды. Яғни, алдағы бес жыл ішінде әлеуметтік төлемдерді жыл сайынғы индекстеуге үш триллионнан астам теңге қаржы бөлінбек. Бұған қатысты бас­ты құжатта негізгі басымдықтар көрсетілген. Оның біріншісінде әр азаматқа өз әлеуетін жүзеге асыру үшін тең мүмкіндік беру көзделсе, екіншісінде әлеуметтік-экономикалық саясатта нарық тәсілдері басшылыққа алынады. Одан соң қаржыны және жәрдемақыны негізсіз, оңды-солды тарату доғарылып, атаулы көмек шын мәнінде мұқтаж адамдарға берілетін болады. Мемлекет басшысы ең бастысы, әлеуметтік әділдік екеніне тоқталып, мұқтаж жандарға қамқорлық жасауға баса мән берілетінін атап айтты. Жалпы, әлеуметтік саясатты жүргізгенде қиындыққа тап болған азаматтарға атаулы көмек көрсету шаралары күшейтіледі. Ортақ зейнетақы мөлшері де жыл сайын индекстеледі. Бұл ретте, мұны инфляция деңгейіне 2 пайыз қосып жүзеге асыру ұсынылып отыр.
Жолдауда ел Президенті зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын шешіп алу бастамасы оң нәтиже бергенін атап, бұл үрдісті қолдау үшін жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинағының бір бөлігін болашақта баспана сатып алу үшін «Отбасы банк» шотына аударуға рұқсат беру қажет деп санайтынын жеткізді. Осы тұста айта кетерлігі, нарықтық ипотека ставкасы әлі де жоғары және жұрттың бәріне бірдей қолжетімді емес. Оның үстіне Мемлекет басшысы «Баспана хит» және «7-20-25» тұрғын үй бағдарламаларының мерзімі аяқталатынын мәлімдеді. Ендігі жерде бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы әзірленіп, ұлттық даму институтына айналатын «Отбасы банкі» оның әкімшісі болып белгіленеді. Соның нәтижесінде, «бір терезе» қағидаты бойынша есеп жүргізіліп, азаматтарға тұрғын үй бөлу міндеті жүктеледі. Сол арқылы қазақстандықтардың бас­паналы болуына мүмкіндік жасалады.
– Мемлекет басшысының азаматтарға зей­нет­ақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, емделуге немесе жеке қаржы компанияларға басқару үшін бөлуге мүм­кіндік беру тапсырмасы өңірде қалай орындалуда?
– Биылғы жылдың 22 тамыздағы жағдай бойынша Қызылорда облысында БЖЗҚ салымшыларының тұрғын үй жағдайларын жақсарту мен емделулері үшін зейнетақы жинақтарын пайдалану туралы 16166 өтініш қаралды. Тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін облыс бойынша БЖЗҚ шамамен 10 816 өтінішті орындай оты­рып, 34 млрд теңгені салымшылардың арнайы шоттарына аударды. Орындалған өтініштердің басым бөлігі «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы берілген. Естеріңізге сала кетейік, «Отбасы банкі» уәкілетті операторында ашылған арнайы шотқа біржолғы зейнетақы төлемі түскеннен кейін, алушы уәкілетті операторға біржолғы зейнетақының тағайындалған мақсатын растайтын құжаттарды төлемдер түскен күннен бастап 45 жұмыс күні ішінде ұсынады. Белгіленген мерзімде уәкілетті операторға растайтын құжаттар ұсынылмаған жағдайда, бұл қаражат БЖЗҚ-ға қайтарылуға жатады. Сонымен қатар, зейнетақы жинақтарын пайдалану кезінде азаматтар уәкілетті операторлар арқылы жылжымайтын мүлікті тіркеу кезінде өтініште көрсетілген мақсатты өзгертуге құқылы. Салымшы аударылған соманы БЖЗҚ-ға көрсетілген мерзімді күтпей-ақ, «Отбасы Банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-на өтінім беру арқылы қайтара алады. Ол банк алушыдан қайтару туралы өтініш алған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде орындауы керек.
– Орындалған өтініштерде зейнетақы жинақ­тарын пайдаланудың қандай мақсаттары көрсетіл­ген?
– Азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша тұрғын үйді жеке меншікке сатып алуға, жеке тұрғын үй құрылысына, жер учаскесін сатып алуға, ипотекалық тұрғын үй заемын алу үшін бастапқы төлем жасауға, ипотекалық несиені қайта қаржыландыруға және тағы басқа да мақсаттағы өтініштер бар. Айта кету керек, облыс бойынша БЖЗҚ емделу мақсаттары үшін жалпы сомасы 997 млн теңгені қамтитын 1191 өтінімді орындады. Біржолғы зейнетақы төлемдерін емдеу үшін пайдалану жөніндегі уәкілетті оператор – «Отбасы Банкі». Егер алушы БЖТ мақсатты пайдалануды растайтын құжаттарды 45 күн ішінде ұсынбаған болса, олар уәкілетті оператордың арнайы шотынан салымшының жеке зейнетақы шотына кері қайтарылады.
– Салаға қатысты көпшілікті мазалайтын сауалды қойсақ. Егер адам зейнет жасына жетпей өмірден өтсе, оның зейнетақы жинағы не болады? Жерлеу тө­лемі бар ма, әлде барлық ақша бюджетке түседі ме?
– Зейнетақы жинағы салымшының меншігі екенін тұрғындар білуі тиіс. Егер салымшы немесе алушы, сондай-ақ БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар зейнет жасына толмаған адам қайтыс болған жағдайда, оның отбасына немесе жерлеуді ұйымдастырған тұлғаға БЖЗҚ-дан республикалық бюджет туралы заңда көрсетілген тиісті қаржы жылына белгіленген 52,4 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жерлеу үшін біржолғы төлем төленеді. Бірақ ол шоттағы қаражаттан аспайды. Егер алушының жерлеуге біржолғы төлем жасағаннан кейін зейнетақы жинағының қалдығы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аспайтын соманы құрайтын жағдайда қалдық сома жерлеуге төлем ретінде төленеді. Сонымен қатар, міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болғанда, оның жинағы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мұрагерлік тәртіппен беріледі.
– Қазір ақпарат жедел тарайтын кезең. Кейбір әлеуметтік желілерде зейнетақы жинағы есебінен автокөлік сатып алуға болатыны туралы хабарламалар тарап жатыр. Бұл қаншалықты рас?
– Зейнетақы жинағы автокөлік сатып алуға немесе тұтынушылық несие төлеуге жұмсалмайды. Тек заңнамада белгіленген мақсаттар мен тәртіпте пайдаланылуы мүмкін. Атап айтқанда, азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақ­сартуға, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кірмейтін емделуге, міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыруға ақы төлеуге, жеке басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға беру үшін пайдалануға құқығы бар. Ал міндетті зейнетақы немесе міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары бар адамдар жинағының бір бөлігін өзінің, жұбайының жақын туыстарының тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында, өздері немесе жұбайы, жақын туыстары үшін емдеу ақысын төлеу үшін пайдалану құқығын қолдана алады. Ол үшін зейнетақы жинақтарының сомасы белгіленген ең аз жеткіліктілік шегінен асып түсуі керек. Зейнетақы мөлшері алушының ҚР Үкіметі айқындаған тәртіппен белгіленетін 40 пайыздан төмен емес деңгейдегі орташа айлық табысын алмастыру коэффициентін қамтамасыз ете алуы қажет. Бұл ретте, біржолғы зейнетақы төлемі уәкілетті оператордан бастапқы электрондық хабарламаны алған күнге салымшының МЗЖ және МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтары мөлшерінің 50 пайызына аспауы тиіс. Жинағының бір бөлігін алу құқығын сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасқандар да қолдана алады. Ол үшін біржолғы зейнетақы төлемі салымшының жеке зейнетақы шотындағы МЗЖ және МКЗЖ есебінен жинақталған зейнетақы жинағының мөлшерінен аспауы қажет.
– Ендігі кезекте бірыңғай жинақтаушы зейнет­ақы қорындағы ақшаның инвестициялануына тоқ­талып өтсеңіз. Қазіргі табыстылығы қандай?
– Әрине, зейнетақы жинақтары үздіксіз инвестиция­ланады және салымшыға жұмыс істейді. Биыл бірінші жартыжылдықта БЖЗҚ салымшыларының шоттарына 753,3 млрд теңге таза инвестициялық кіріс қосылды. Бұл өткен жылдағы көрсеткіштен 210 млрд теңгеге немесе 39 пайызға көп. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басқаруындағы зейнетақы активтерінің табыс­тылығы жыл басынан бері 6,1 пайызды құрады, ал инфляция 4,6 пайыз болды. Осы ретте, соңғы 12 айдағы табыс­­тылық 12,1 пайызға жетсе, инфляция 7,9 пайызды көрсетті.
Салымшылардың зейнетақы жинақтарының мөлшері зейнетақы активтерін инвестициялау нәтиже­леріне сәйкес апта сайын қайта есептеледі және қайта бағаланады. Инвестициялық кіріске бағалы қағаздар бойынша сыйақы түріндегі кірістер – депозиттер және басқа операциялар, қаржы құралдарын нарықтық қайта бағалау түріндегі, валюталық қайта бағалау түріндегі, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістер және басқалар жатады. ҚР Ұлттық Банкінің, инвестициялық портфельді басқарушылардың зейнетақы активтерін инвестициялауы туралы толық ақпарат пен 2021 жылдың 1 шілдесіне дейінгі инвестициялық қызметке шолу enpf.kz сайтынан толық көре аласыздар.
Жалпы, БЖЗҚ-дағы барлық зейнетақы активтері шоғырландырылғаннан бері Ұлттық банк ұсынған ин­вес­тициялық кіріс 5,4 триллион теңгеден асты. 2021 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша зейнетақы жинақ­тарының жалпы көлеміндегі таза инвестициялық кірістің үлесі 36,3 пайызды құрады. Ұлттық Банк­тен басқа, БЖЗҚ салымшыларына өз жинақтарының бір бөлігін инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға аударуға болады. Қазіргі уақытта БЖЗҚ төрт инвестициялық портфельді басқарушы компания­­мен зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқару туралы келісім жасасты. БЖЗҚ сайтында олар туралы ақпаратпен танысып, инвестициялық декларациясын зерттеуге болады. Биылғы жылдың 22 тамызындағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының бір бөлігін инвестициялық портфельді басқарушыға аудару туралы өтініштерінің саны мен сомасына тоқталсақ. Облыс бойынша БЖЗҚ-ға 50 өтініш түскен. Оның ішінде, қабылдаудан бас тартылғандар – 9, өңдеуге қабылданғандар – 2. Барлығы 39 өтініш бойынша 43 млн теңгенің төлемдері арнайы шотқа аударылды.
– Тағы бір сұрақ, тұрғындар қазір зейнетақы шотын ашу үшін қандай құжаттар ұсынуы керек? Шотты жұмыс беруші аша алады ма?
– 2019 жылдан бастап міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін БЖЗҚ-да жеке зейнетақы шотын ашу автоматты түрде жүзеге асарылады. Сәйкесінше, жеке тұлғалардың шот ашу үшін өтініш беруі қажет емес. Егер шот жоқ болса, ол БЖЗҚ ақпараттық жүйесінде бірінші жарна түскеннен кейін автоматты түрде ашылады. Жеке тұлға зейнетақы жарнасын аудару кезінде төлем тапсырмасының электронды форматында көрсетілген дербес деректермен сәйкестендіріледі және құжаттың деректемелері мен басқа да мәліметтері туралы барлық қажетті ақпаратты БЖЗҚ мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алады.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Ердос БЕРКІНБАЕВ
21 қыркүйек 2021 ж. 179 0