Зейнетақы жинағы: Қордағы қаржыны кімдер ала алады?
Ел Президенті Қ.Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында тұрғындардың зейнетақы қорындағы жинаған қаржысының бір бөлігін пайдалануға рұқсат беру керектігін айтқан болатын. Жаңа жылдың басында мемлекет басшысы жаңа заңға қол қойып, ел игілігіне жұмсалатын қаржыны пайдаланудың тәртібі нақтыланды. Жиырма жылдан астам уақыттан бері зейнетақы қорын жасақтаған тұрғындар бұл жаңалықты жылы қабылдады. Аталған заң аясында қанша қаржыға қол жеткізуге болады және кімдердің қаржыны алуға мүмкіндігі бар екендігін сараптап көрелік.
Қор қаржысы кімдерге қолжетімді?
Сауалдың нақты жауабын тиісті министрлік өкілі әлеуметтік желі арқылы айтып берді. Министрліктің айтуынша, жұмыс істеп немесе жұмыс істеген, бірыңғай жинақтау зейнетақы қорында жарналары бар адамдар қаржыға қол жеткізе алады. Әрине, бұл ретте қордағы қаржы көлемі маңызды рөл атқарады. Яғни, мемлекет тарапынан бекітілген жеткілікті шегінен асып жатқан жағдайда қаражаттың бір бөлігі ғана алынады. Себебі, зейнетақы қорындағы қаржыны қайта толықтыруға уақыт пен мүмкіндік берілетіні ескерілген. Алдын ала жасалған болжамға сәйкес мұндай мүмкіндікті елімізде 530 мыңдай адам пайдалана алады екен.
Сонымен қатар министрдің айтуынша, зейнет демалысына шыққан адамдар қорға жинаған ақшасының 50 пайызын алуына болады. Дегенмен, бұл жерде бір шарт бар екенін білген жөн. Зейнеткердің мемлекеттен берілетін зейнетақы мен жинақтаған қордан алатын зейнетақысын қоса есептегенде, зейнетке шыққан уақытындағы табысының кемінде 40 пайызынан төмен болмауы тиіс.
Зейнетақы қорындағы қаржыны алу мүмкіндігі барлар қатарын зейнетақы аннуитетті (зейнетақы қорына тұрақты салымдар) реттеген, яғни сақтандыру қорына аударғаннан кейін жинақтаушы зейнетақы қорында қаражаты қалған болса, оны толығымен алуына болады.
Жалпы айтқанда, зейнетақы қорындағы жинағының бір бөлігін 721 мың қазақстандық пайдаланатын болады.
Жеткілікті шегі не үшін белгіленді?
Жаңа заңда жеткілікті шегі деген норма пайдаланылады. Бұл дегеніміз – салымшының есепшотындағы қажетті ең төменгі қаржы көлемі. Сома әрбір азаматтың жасына қарай белгіленеді. Ол адам зейнетке шыққанға дейін ай сайын тұрақты түрде жарнаны ең төменгі жалақы мөлшерінде аударып тұрған жағдайда және зейнетке шыққаннан соң кем дегенде ең төменгі зейнетақы алуына мүмкіндік беретін қаражат. Осындай қаржы болғанда, одан асқанын толықтай алуға мүмкіндік бар. Жеткілікті шегінің мөлшері барлық адамдарға бірдей болып белгіленген. Әйелдер мен ерлер үшін бөлек көрсеткіш жоқ.
Айта кету керек, жеткілікті шегінің мөлшері жыл сайын қайта есептеледі. Бұл табыс деңгейіне, инфляцияға және ең төменгі табыс мөлшерінің өзгеріп отыруына тікелей байланысты. Егер 30 жастағы адамның есепшотында жеткілікті шегі 2 миллион 518 мың теңге болса, бұл мүмкіндікке ие болады. Әрі қарай жас мөлшері 35 жастағы 2 миллион 961 мың теңге, 40 жастағы 3 миллион 437 мың теңге, 45 жастағы 3 миллион 947 мың теңге, 50 жастағы 4 миллион 495 мың теңге, 55 жастағы 5 миллион 84 мың теңге, 59 жастан жоғары 5 миллион 586 мың теңге болса, бұдан асқан қаржыны салымшыға алып пайдалануына рұқсат беріледі.
Қаржыны қандай мақсатқа жұмсауға болады?
Бірден айту керек, осы жердегі жағымды жаңалық отбасындағы адамдардың қаражатын біріктіруге болады. Зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсайды. Жақын туыстар Заң бойынша ата-әжесі, ата-анасы, балалары, немерелері үшін емделудің ақысын төлеуге пайдалана алады. Ең бастысы, зейнетақы жинағын мақсатты түрде пайдалану.
Тұрғын үй жағдайын жақсарту мәселесін тарқатып айтар болсақ, тұрғын үй немесе жер учаскесін сатып алуға, тұрғын үй құрылысын жүргізуге немесе жөндеуден өткізуге, ипотекалық қарызды қайта қаржыландыруға немесе өтеуге заңмен рұқсат етіледі. Бұл ретте, шектеу шарасы бар. Ол аталған қаржыға алынған тұрғын үй 5 жыл уақыт өтпей сатылуға жатпайды. Аталған мақсатты іске асыратын уәкілетті оператор ретінде қайта құрылған «Отбасы банкі» белгіленсе, жақында «Halyk Bank» екінші уәкілетті оператор ретінде қосымша бекітілді.
Зейнетақы жинағының бір бөлігін емделуге жұмсау үшін салымшы денсаулық сақтау басқармалары жанынан құрылған арнайы комиссияға жүгінуі тиіс. Комиссияның қорытындысы негізінде, емделетін медициналық мекеме белгіленгеннен соң ғана ақы төлеу үшін өтініммен уәкілетті операторға келеді.
Зейнетақы жинағын мақсатты пайдаланудың тағы бір тетігі – қаржыны жеке қаржы компанияға беру. Сенімгерлік басқаруға беру арқылы еліміздің қаржы нарығына үлесін қосатын азаматтар өз таңдауы туралы өтінішті бірыңғай жинақтық зейнетақы қорына тапсыра алады.
Осы ретте, «Отбасы банктің» басқарма төрағасы Л.Ибрагимованың жаңа мәлімдемесі шыққанын айта кеткен жөн. Басқарма басшысы алдағы уақытта қазақстандықтар зейнетақы жинағының белгілі мөлшерін экстракорпоралды ұрық-тандыруға, яғни ЭКО-ға жұмсай алатынын айтты. Перзент сүю бақытын қаншама уақыт күткен отбасылар үшін бұл жақсы жаңалық. Аталған мақсатқа қаржыны пайдаланудың қағидасы бір апта ішінде арнайы комиссия бекітетін болады.
Зейнетақы жинағынан алынатын қаржы қолма-қол берілмейді. Ол тиісті шотқа аударылу арқылы жұмсалатын болады.
Түйін:
Тұрғын үй, емделу және инвестиция. Зейнетақы жинағындағы қаржы осы үшеуіне мүмкіндік береді. Ендігі мақсат – адамдардың тұрақты түрде зейнетақы қорына қаржы аударып, оның осындай тиімді тұсын дұрыс пайдалану арқылы әлеуметтік хал-ахуалды жақсарту. Өзіңе тиесілі қаржыны жұмсай білу де қажырлы еңбекті талап етеді. «Еңбек еткен, мұратқа жеткен» демекші, зейнетақы жинағымыз жеткілікті шекке жеткенге не жетсін?!
Бибісара ЖАНӘЛІ