Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Түс түзелмей, іс түзелмес

Түс түзелмей, іс түзелмес

Адам баласы пайда болғалы бері жаратылыстың тылсымы мен талайына таң болып, оның құпиясын ашуға ұдайы ұмтылған. Адамзат табиғатына тән қызықты процестің бірі – түс көру.

Түс – санада еріксіз түрде жүзеге асатын психологиялық процесс. Түстің мағынасы мен эмоционалдық бояуы түс көрушінің сол сәтте­­гі жағдайына тікелей байланысты.

Негізінен, түс – адамның күндізгі өмірінің аяқталып, жан мен тәннің келесі күнге жаңаруына дайындығы. Ғалымдар мұндай процесті адамға ғана тән саналы ойлау процесі тоқтағанда жүзеге асатынын айтады.

«Тауықтың түсіне тары кіреді» демекші, адам түсінде кез келген нәрсені көруі мүмкін. Былайғы шақта қарапайым сияқты түстер бір нәрседен хабар беруі мүмкін. Ертеректе түс көріп, аян беру арқылы болашақты болжау жиі кездескен.

Түс жорудың өзі бөлек әңгіме. «Көрген түсті қалай жорыса солай келеді» дейтін халық мұндайда көзі ашық, көпті көрген, аузы дуалы қарияға жүгінеді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген және бар. Яғни, не нәрсені болса да, оң ырымдап, жақсылыққа жорыған жөн. Жақсы сөз – жанға қуат, дертке дауа.

Сондай-ақ, «түс садақасы» деген бар. Жа­ғымсыз түс көрген адам садақа беріп немесе жеті нан таратып, қауіптің алдын алады деген түсініктен туындаған. Шын ниетпен берілген садақаның кез келген істе шарапатшы болатынын ескерсек, бұл сенім негізсіз емес.

Ал жануарлар ше? Олар да адамдар сияқты ұйықтайды. Бірақ олар түс көреді ме? Ғалымдардың пайымдауынша, түс көру санамен тікелей байланысты. Ал сана-сезім дегеннің адам баласына ғана тән екенін ескерсек, түс көру «бақыты» жануарларға бұйыр­маған.

Түс көру, түс жоруға қатысты аңыз-әңгімелер жиі кездеседі. Сондай-ақ, көркем прозада белгілі бір оқиғаны кейіпкердің түсіне енгізу арқылы баяндау тәсілі де бар.

Түсті рухани әлемнің хабаршысы ретін­де қабылдау діни түсінігімізге жат емес. «Түс – балқыған қорғасын» деген, оны жақсылыққа жорысаң, жақсы ниет қабыл болып, жамандыққа баласаң, оның да орын алуы ғажап емес. «Түс түзелмей, іс түзелмес» деген және бар. Қалай десе де, түс көрсеңіз, оны тек жақсыға жорығаныңыз жөн.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
18 қыркүйек 2021 ж. 338 0