Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасы институтын нығайту – басты бағыт

Отбасы институтын нығайту – басты бағыт

ҚР Үкіметінің 2017 жылы 31 қазандағы «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесі туралы» № 689 қаулысына сәйкес қыркүйектің екінші жексенбісі Отбасы күні болып бекітілді. Отбасы күні – ел көлемінде кеңінен аталып өтетін айтулы мереке. Биыл Отбасы күні қыркүйектің 12-ші жұлдызына сәйкес келіп отыр.

Халқымызда «Отан – отбасынан басталады» деген жақсыт тәмсіл бар. Елдің тұтастығы, аза­маттардың бақытты болуы, мемлекеттің келешегі ең әуелі әрбір отбасының жағдайымен, елдегі отбасы институына қатысты хал-ахуалмен тығыз бай­ланысты.

Қазақстанда Тәуелсіздік жылдары отбасы институтын жақсарту, тұрмыстық зорлық-зом­бы­лықтың алдын алу, балалар құқықтарын қорғау, баршаға бірдей тең құқықты қамтамасыз ету сияқты бағыттар бойынша біраз жұмыстар атқа­рылды.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президен­тінің 2016 жылғы 6 желтоқсандағы №384 Жарлы­ғымен «Қазақстан Республикасындағы 2030 жыл­­ға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұ­­жы­­рымдамасы» бекітілді. Тұ­жырымдамада Қа­­зақстан­дағы отбасылардың келесідей өзекті мәсе­лелеріне тоқталып, мемлекеттік саясат оны шешуге бағытталатыны жазылған.

Ажырасу және некесіз бала туу үрдісінің өсуі, толық емес отбасылар санының артуы, алимент төлеудегі проблемалар, «азаматтық» және кейбір этникалық топтар өкілдері арасында туысқандық некелер, діни мекемелер арқылы неке қию, қыз алып қашу және оларды күштеп тұрмысқа беру оқиғалары, ерлер мен әйелдердің репродуктивті денсаулығы мәселесі, қаламаған жүктілікті үзу жағдайлары, ерте жастан некеге тұру, кәмелет жасына толмағандардың жүкті болуы, ерте жас­тан аборт жасату проблемалары, отбасындағы зорлық-зомбылық және қатыгездік жағдайлары және тағы басқалары – мемлекет және қоғам болып жұмылуды қажет ететін түйіткілді мәселелер.

Демографиялық жағдайды жақсарту территориясы үлкен, халқы аз Қазақстан үшін маңызды мәселе. Ал демографиялық өсімді қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау саласы, әлеуметтік қам­сыздандыру, ана мен бала капиталын дамыту мем­лекеттік саясаттың негізгі басымдығы болуы тиіс. Осы орайда, аталған салада шешімін күткен мәселе жетерлік.

Айта кетерлік мәселе, кәмелет жасына тол­маған балалары бар отбасылардың шаңырағы жиі шайқалады. Яғни, әкесіз немесе анасыз өсіп жатқан балалардың саны көбейіп келеді. Бұл жекелеген отбасының емес тұтас ұлттың бас­ты проблемаларының бірі. Толық емес отбасында тәрбиеленген бала көбінесе психологиялық, материалдық, моральдық тұрғыдан кедергілерге тап болады.

Қорыта келгенде айтарымыз, отбасы инсти­тутын нығайту, елімізде қалыптасқан өзекті мәсе­лелерді шешу – мемлекетіміздің күн тәртібіндегі маң­ыз­ды мәселенің бірі. Жаһандану үдерісі әрі жаңа ком­муникациялық технологиялардың пайда болуымен қатар келген сын-қатерлер мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен жекелеген азаматтан сергектік пен нақты әрекетті талап етеді. Отбасын бұзуға әкелетін әрбір себептің түп-тамырына үңіліп, оны шешудің нақты тетіктерін қабылдаған жөн. Мемлекеттік саясат азаматтарды бүтін отбасы болуға итермелейтін нәтижелі бағдарламалар қабылдап, заңнамада толық от­ба­сыға, ана мен бала капиталына көрсетілетін қол­дау көлемін арттыруға бағытталуы тиіс.

Мектеп бағдарламасына жоғары сынып оқу­шы­лары үшін отбасы құруға, әке мен ана рөліне қа­тысты дәрістер енгізілсе, жас отбасылардың ажырасуы азайып, жұбайлық өмірге саналы түр­де баратындар саны көбейер еді. Бұл ретте, отбасы құндылықтарына қатысты оң мысалдарды халқымыздың тарихы мен дәстүрінен де көптеп кездестіруге болады.


Е.Зұлқарнаев,
аудандық жұмыспен қамту,
әлеуметтік бағдарламалар
және азаматтық хал актілерін тіркеу
бөлімі басшысының орынбасары
07 қыркүйек 2021 ж. 395 0