Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыс әкімінің оқу гранты тағайындалды

Облыс әкімінің оқу гранты тағайындалды

2013 жылдан бастап өңірге қажетті мамандықтар бойынша халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарынан шыққан балалардың күндiзгi оқу нысанында жоғарғы оқу орнындағы оқу ақысын төлеуге әлеуметтік көмек – облыс әкімінің гранты тағайындалып келеді.

Әлеуметтік көмек өңірге қажетті мамандықтар бойынша жоғарғы оқу орындарында күндiзгi оқу нысанында оқитын халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарынан шыққан:

1) «Қызылорда облысының білім басқарма­сының «Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің түлектеріне;
2) мүгедек балаларға, ата-анасының біреуі немесе екеуі де зейнеткер болып табылатын балаларға, ата-анасының біреуі немесе екеуі де мүгедек болып табылатын балаларға, асыраушысынан айрылған балаларға, көп балалы отбасылардың балаларына, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, егер отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің үш еселенген мөлшерінен аспаған жайдайда;
3) аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспаған жағдайда жыл сайын тағайындалады және жылына бір рет төленеді.
Өңірге қажет мамандықтар бойынша жоғарғы оқу орындарында білім алу үшін оқу ақыларын төлеуге әлеуметтік көмекті (облыс әкімінің гранты) тағайындау туралы шешімді аудан әкімдігінің жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды.
Өңірге қажетті мамандықтар бойынша 2021-2022 оқу жылына Сырдария ауданына облыс әкімінің 5 оқу гранты бөлінді. Атап айтқанда:
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне – 2 грант:
– орыс тілі мен орыс әдебиеті пәні мұғалімі (орыс тілінде оқытылатын сыныптарда) – 1;
– математика пәні мұғалімі (орыс тілінде оқытылатын сыныптарда) – 1;
«Нұр Мүбарак» университетіне – 1 грант:
– дінтанушы – 1;
С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетіне – 1:
– жалпы медицина – 1;
М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мем­лекеттік медицина университетіне – 1 грант:
– жалпы медицина – 1.
Сырдария аудандық мәслихатының 2020 жылғы 16 қыркүйектегі «Әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау Қағидаларын бекіту туралы» № 430 шешіміне сәйкес қажетті құжаттар тізбесін Тереңөзек кенті тұрғындары аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне, ауылдық жердің тұрғындары ауылдық округ әкімі аппаратына өтінішпен жүгінеді.
Өтінішпен бірге төмендегідей құжаттар ұсынылуы тиіс:
1) жеке басты куәландыратын құжат;
2) өтініш берушінің отбасы құрамы туралы мәліметтер;
3) адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтер;
4) өмірлік қиын жағдайдың туындағанын растайтын акт және/немесе құжат;
5) ҰБТ немесе КТ нәтижесі бойынша сертификатының көшірмесі;
6) орта білімі туралы аттестат көшірмесі.
Әлеуметтік көмек алу үшін қажетті құжаттармен қоса өтінішті уәкілетті органға жоғары кәсіптік білім беру ұйымдарына студенттер қатарына қабылдау туралы бұйрық шыққан күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде ұсыну қажет.
Ескерту: педагогикалық мамандық таңдаған талапкерлер арнаулы емтихан тапсырғандығы туралы сертификатын қоса тапсыруы қажет.
Қосымша ақпаратты Сырдария аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміндегі /872436/ 21-5-72 байланыс телефоны арқылы хабарласып білуге болады.

А.Мұхан,
аудандық жұмыспен қамту,
әлеуметтік бағдарламалар
АХАТ бөлімінің сектор меңгерушісі
07 тамыз 2021 ж. 924 0