Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көзден кетсе де, көңiлден кетпейдi

Көзден кетсе де, көңiлден кетпейдi

Адамның бiр көңiлi ұнататын, сүйкiмдi, сыйласуға, сырласуға ыңғайлы адамы болады. «Әзiлiң жарасса – атаңмен ойна» дегендей, өзi жас болса да әзiл-қалжыңымыз жарасып, бiр-бiрiмiздi жақсы көрген, қарым-қатынасымыз түзу жiгiттiң бiрi болған Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетiнiң белдi бiр қызметкерi, әрiптесiм, жазушы Қази Данабаев едi. Екеумiздiң танысып, бiлiсуiмiздiң өзi қызық болды.

Бiр күнi кезектi еңбек демалысынан оралып, редакцияға келсем, Мәкең, Мырқы Исаев кабинетте көңiлдi отыр екен. Оның бiр қасиетi – жұмысқа ерте келедi, кешiкпейдi. Екеумiз бiр кабинеттемiз. Амандық-саулықтан соң-ақ iле шала:

– Естiдiң бе, бiзге бiр жөнi түзу тiлшi қызметке келдi,– дедi ол. – Түсiнiгi мол, әдептi, сыпайы жiгiт көрiнедi.
– Қайдан келiптi? – деп сұрадым.
Менiң бұл сауалыма Мәкең:
– Аралдан келдi, тәп-тәуiр мақала жазып жүрген бала тәрiздi,– деп жауап қайтарды.
Мәкең, шынын айтқанда, еңбексүйгiш адамды жақсы көредi. Көбiне мақтаудан гөрi, кiм болса, ол болсын мiнезiнен бiр кәкiр тауып сiлейтiп жамандап тас­тайтын кәнiгi әдетi де бар. Осы жолы оның бiр көрген адамын маған дәрiптей жөнелгенiне қайран қалдым. Редакцияның кабинеттерiн аралап, әрiптестерiммен жүздесiп, амандасып шығайын деп орнымнан тұрып есiкке қарай беттегенiм сол едi, кабинетке мен бұрын-соңды көрмеген қағылез денелi, сылыңғыр, биязы жiгiт кiрiп келдi. Амандасты. Iш тартып жып-жылы сөйлестi. Байқаймын, әдептi екен. Сосын «Сiздi сыртыңыздан бұрыннан бiлемiн, аға» дедi де, өзiн Қази Данабаевпын деп таныстырды.

Мен қуанып кеттiм. Сөйлесу мәдениетi, iлтифаты, мiнезi, бәрi-бәрi де ұнады. Сосын ол «Түнде кезекшiлiктен кеш қайттым, газет өте кешiгiп шықты. Бүгiнгi нөмiрге бiр материал беруiм керек едi. Соған демалмастан ерте келдiм» дедi. Мен күлдiм. Ол «Аға, неге күлдiңiз?» деп сұрамады. Асығыс есiк жаққа қарай беттей бергенде:

– Бұл жердiң жұмысы осылай... балақай, жүре берсең, көре бересiң,– дедiм әзiл араластыра күлiп оты­рып.
Қази да күлдi. Содан соң:
– Көбiсi үлкен кiсiлер тәрiздi. Кезекшi болғанда, iс-сапарға шыққанда, жиналысқа барғанда, шамасы, қиындау ма, қалай? – деп өз ойын аңғартып өттi.
Содан бастап жасы менен көп кiшiлiгiне қарамастан Қазимен тонның iшкi бауындай сырлас болған едiм. Әңгiменi жақсы, жатық, сыпайы айтатын. Сөздi бөлмейтiн. Мiнезi салмақты, ақылды жiгiт екенi көрiнiп тұратын. Анда-санда қолы бос кезiнде кабинетке келiп отырып, әңгiмелесiп кететiнi бар едi.
Бiрде «Қази, осы сен сын мақала жазуға қалайсың?» дедiм. Ол «Иә, әжептәуiр жазамын» дедi.
– Ә, онда мынау Мәкең, Мырқы Исаев бөлiм бастығы, жездең екен, жездеңе тартсаң, жаман болмайсың ғой,– дедiм.
Қази тағы да күлдi. Бiрақ, «Бұл сөзiңiздiң төркiнiн түсiнбей қалдым» деп қарсы сауал қойған жоқ. Мен де үндемедiм. Орындықтан тұра бергенде:
– Мен Мәкеңмен, иә, Мырқы Исаевпен көп жыл бiр кабинетте отырдым, ол басқаратын бөлiмде тiлшiмiн,– деп әңгiме бастадым.– Қанша жыл бiрге қызметтеспiз, жұмыс барысында я басқа уақытта бiр-бiрiмiзге қабақ шытып, ренжiскен жерiмiз болған жоқ. Ашулы, айбарлы, тез тұтанғыш, аяқ астынан бұлқан-талқаны шығып жатса да тым аңқылдақ, ақкөңiл, еңбексүйгiш, ерiнiп-жалығуды бiлмейтiн адам. Бiрақ, оны көбi жақтырмайды, жай адамдар емес, әрине атқамiнерлер, шенеунiктер. Өйткенi, Мәкеңнiң қаламы олардың бет-пердесiн ашып, қызметiне, беделiне қарамастан сынап, түйреп тастайды. Шынын айтқанда, Мәкең тез ашуланады. Қазiр дос болып аралас-құралас қатысып жүрiп, сосын iлезде айнып шыға келедi. Қонақ болып, шұбат, қымызын iшiп, марқа қозысын жеп болған соң үш аяқты мотоциклiмен жедел редакцияға келген бойда әлгi өзiн асты-үстiне түсiп күткен шенеунiк жайлы жамандап көлдей мақала жазады. Ана адам қыңқ ете алмай қалады, себебi, дәлел-айғақтар жетiп жығылады. Мәкең осындай ұтқыр, тiлдi, өжет, батыл журналист. Мұндай бiр мықты журналист өте керек, редакцияда iстеген соң солай өткiр болуы да тиiс. Мәкең маған сенi мақтап келiп едi, қаламың ұшқыр болсын, бiр терiнiң пұшпағын илеп жүретiн қызметтес болғаныңа қуаныштымын. Өмiрi адам мақтамайтын, тек сынайтын Мәкең саған зор үмiт артып отыр.

Бұл әңгiменi естiгеннен кейiн Қази шек-сiлесi қата күлдi. Шынымды айтсам, мен жастармен ойнап-күлiп, әзiл-қалжың айтып отырғанды жақсы көремiн. Бұл бойыма сiңген әдет, оны былайғы адамдар да бiледi. Сондықтан олар менiмен емiн-еркiн, ашық сөйлеседi. Қыз-келiншектер де солай.

Менiңше, адам баласының жаманы жоқ. Бәрi де жақсы. Бiрақ, пиғыл тапшылығы бәрiн де тұмшалап тас­тайды. Қызғаныш, көреалмаушылық iштей бұғып жатады. Оны бетке айта алмайды. Адамның жақсы не жаман болуы осындай қордаланған қолайсыз iс-әрекеттен басталып, бiрте-бiрте әрi қарай тамырын терең жайған соң өзгеше бiр жағымсыз мiнез танытады. Ол осылайша қоғамда өзi жайлы бiреу бiлiп, бiреу бiлмейтiн, айналасында басқа бiреулер жағымпазданып, жалпақтап ша­уып жүретiн орта қалыптастырады. Өмiр солай.

– Шүкiр, қазiр жағдай жақсы ғой,– дедiм өткен өмiрiме ой жiберiп Қазимен арадағы әңгiменi жалғастырып. – Бiр кездерi мұнда ылғи жасы ұлғайған ағалар қызмет еттi. Бәрiн обком билеп отырды ғой. Партияда болмасаң қызмет тұтқасын ұстау қиын iс едi. Сол кездегi газет қызметкерлерiне деген партиялық ұстын өктем болды. Жас журналистердi партияға алу, марапаттау жағы тұмшаланып, еңсесiн көтере алмады. Соның өзiнде редакцияға Қайырбек, Ақберген, Құттыбай, Әбдiхан, Әдiлхан, Асқар, Әбдiбай, кейiнгi жас толқындар – Жолдасбек, Оразбектер келдi. Сөйтiп, қатарымыз едәуiр молықты, көңiлiмiз көтерiлдi. Дегенмен, шығармашылық топты жаңалап отыру үнемi тежелдi. Оларға жағдай жасау, қызмет бабында өсiру, лауреат, еңбегiне қарай түрлi атақтар беру жұмыстары жеткiлiксiз жүргiзiлдi.

Бұл әңгiменi Қази ұйып тыңдады. Өйткенi, жаңа келген адамға әзiр бәрi де беймәлiм. Күнделiктi жұмыс барысында, кездескен жерде, iс-сапар кезiнде Қазимен арада әжептәуiр әңгiмелер өрбiп, ой-пiкiрiмiз жарасып тұратын. Мен көбiне облыстың сол жылдардағы әкiмi, сөзге шебер, iске мығым, жергiлiктi кадрлар арасынан суырылып шыққан iрi танымал тұлға Сейiлбек Шаухамановпен iс-сапарға облыстың шалғай жерлерiне, әсiресе, Арал, Қазалы аудандарына, Құмкөл кенiшiне, алтын және уран шығатын кен орындарына жиi шықтым. Арал теңiзiне төнген қауiптi көруге келген шет ел өкiлдерiн тiкұшақпен аралатып көрсеткен iс-сапар барысында көп жайлар есте қалды. Әр iс-сапар журналистiк қоржынды тың, жақсы жаңалықтармен қампитып тастаған едi. Арасында тiптi әзiл әңгiмелер де көп айтылатын. Осындайда Қази қанаттанып, көңiлденiп, айтылған сөзге тұшынып, барынша ынта қойып тыңдайтын едi. Бұл Қази Данабаевтың журналистiк әрi жазушылық үлкен қарым-қабiлетiн танытып, оның адаммен сөйлесу кезiнде ойының тым тереңдiгiн аңғартып отыратын.

Қази еңбек демалысын қай кезде алса да көбiне уақытын өзi туып-өскен ауылында өткiзiп жүрдi. Үнемi жазумен айналысатын едi. Көп iзденетiн, көп оқитын. Сүйсiнген нәрсесiн кейде баяу, оқта-текте шек-сiлесi қатып, жайдарылана күлiп айтып отыратын мiнезi бар. Ойы ұтқыр, пейiлi кең, кiсiге залалы, қиянаты жоқ, ақкөңiл азамат едi. Мәкеңмен, Мырқымен оңаша кездес­кен жерде кiлең «жезде» деп әзiл-қалжың араластыра айтып ойнай беретiн.

1996 жылдың маусым айында Алматы қаласына қоныс аудардым. Қала прокурорының аға көмекшiсi – баспасөз хатшысы болып қызметке орналасқан соң прокуратура органдарының жұмысын бұқаралық ақпарат құралдарында көрсетумен жүргенде елге барып тұруға уақыт та тапшы болды. Қазимен соңғы жылдары кездесе алмадым. Бiр күнi суық хабар келдi. Төбемнен жай түскендей болды. Бақұл бол, бауырым! Аузыма түскен сөз осы болды. Өлiмге қимайтын жiгiт едi, қайтесiң, амал жоқ. Маған ылғи кездескен жерде «Аға, «Алматы жаңалықтарын» тұрақты түрде жiберiп тұрыңызшы» дейтiн едi. Құлағыма оның осы сөзi әлi естiлiп тұрған тәрiздi. Қазиды өлдi деуге аузың бармайды, оның рухы, оның шығармасы көңiлiңдi әрдайым алай-түлей етiп желпiп тұрғандай әсер етедi. Оның өзi арамыздан кетсе де рухы кетпейдi.

Бiр сәт өткен уақыт ойға оралды. Сонау 1958 жылдың қазан айында Дзержинский көшесiндегi «Ленин жолы» /қазiргi «Сыр бойы»/ газетiнiң редакциясына, хат бөлiмiне қызметке орналасқанда мұнда кiлең сақа журналистер болатын. Хат бөлiмiнiң меңгерушiсi Әбдiкәрiм Оңалбаев пен оның әдеби қызметкерi Назым Есiмова апай едi. Сол Назым апай ауыр науқасты болуы­на байланысты жұмыстан шықты. Орын бос тұрған соң ауылдан хат-хабар жазып облыстық газет бетiнде жиi көрiнiп жүрген менi газеттiң редакторы З.Жарқынбаев сол орынға қызметке қабылдау үшiн партия тұрмысы бөлiмiнiң әдеби қызметкерi болып жұмыс iстеп жүрген Жақсылық Бекқожаевтан «Газетке Қарымсақов деген бала елден тәуiр материалдар жолдап жүр ғой» деп сұрап, шақыру жөнiнде тапсырма берiптi. Ол заманда ауылда тек рация бар, ол да колхоз бастықтың кабинетiнде тұрады. Жақсылық сөздi өте жұмсақ айтатын, адамның iшi-бауырына кiрiп сөйлесетiн өте-мөте кiшiпейiл, ақкөңiл жiгiт едi. Колхоз бастыққа айтып менi редакцияға шақырды.

Ж.Бекқожаев ауылға жиi iс-сапарға келiп талай кездесiп жүретiнбiз. Бұл жолы менi редакторға жақсы танитынын, ата-анам барын, оқуды жаңадан бiтiргенiмдi айтыпты. Кабинетке кiрсем, төрде отырған редактор З.Жарқынбаевтың түсi сұсты, адамды бас-аяғына дейiн көзiмен шолып қарайтын кiсi екен. Маңғаздана сөйледi. «Байқаған шығарсың, бiзде жас­тар жоқ. Ұжым үлкен. Жүрiп-тұруға ыңғайлы, елгезек жас керек. Хат бөлiмiне қойсақ, жұмыс iстей аласың ба?» дедi. Мен ынта бiлдiрдiм. Мiне, осы шешiм менiң бүкiл өмiрiме арқау болды, журналистiк қамытты мойнымнан бiр сiлкiп тастаған күнiм болған емес. Және де қаламның қуатын халыққа адал қызмет етуге арнадым.

Мен осы ұжымда алғаш еңбек жолымды бастап, әскерге шақырылған едiм, үш жылдан кейiн әскерден келген соң газетке қайта орналастым. Өмiрiмнiң көп жылдарын осы газетте өткiздiм. Сондықтан маған бұл ұжым жасымнан ыстық көрiнедi. Кәрi болсын, жас болсын, өлiмге қимайсың. Бiрақ, тағдырдың жазуы солай, талқаның таусылған күнi ешкiм қорған бола алмайды. Сол уақыттан берi қаншама адам о дүниеге аттанды. Қазидың қазасы да оңай соқпады.

Өткен жылы ұзақ жыл еңбек еткен сол редакцияға бас сұқсам, кiлең уыздай жастар отыр. Тiптi тоқсаныншы жылдарғы әрiптестерiмнiң де қарасын көре алмадым.

Көңiл – дария. Оған бәрi де жайғасып жата бередi. Көңiл иiрiмдерi босаған кезде, өзара әңгiме барысында ғана бұл фәниден өткендердiң кескiн-келбетi ойға оралады. Ортамыздан алдыңғы буын ағалар да, артқы буын iнiлер де бiрi ерте, бiр кеш дегендей, кетiп қалды. Қазiр есiмiн ел бiлген Мырқы да, маңдайы жарқырап жүретiн, сыпайы жiгiт Оразбек те, алған бетiнен қайтпас-қайсар Құттыбай да, аттары ұқсас Әбдiхан мен Әдiлхан да, «бiр оқты бөлiп атқан» әскери досым Әбдiбай да, адуынды Асқар да, «жуас түйе жүндемекке жақсы» деп көбiрек шашы түсiп қалған басынан сипап ойнап-күлген Болат та, оқтауды домбыраға айналдырып жiберiп бар даусымен ән шырқаған талант иесi Арзымбек те қатарымызда жоқ. Бiрақ, олар көзден кетсе де, көңiлден кетпейдi. Бұл – өмiрдiң заңдылығы, тағдырдың жазмышы. Әңгiменi Қазидан бастап, соған арнап едiм. Ендiгi айтарым, жатқан жерiң жайлы, топырағың торқа болсын, Қази бауырым!
Өмiр ешқашан бiрқалыпты тұрмайды. Иә, «Елу жылда – ел жаңа», «Жүз жылда – қазан» деген сөздiң төркiнi осы шығар.

Итен ҚАРЫМСАҚҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Қызылорда қаласының,
Сырдария ауданының Құрметті азаматы
07 тамыз 2021 ж. 438 0