Ағайындылар мирасты қалай бөлді?
Баяғыда бiр ауылда үш ағайынды жiгiт өмiр сүрiптi. Бiр күнi олардың әкесi қайтыс болыпты. Екi үлкен ағасы бұған еш қайғырмайды. Ал, кiшiсi күнi-түнi жылағаннан әбден шаршап, қалжырап, ұйықтап қалыпты.
Ертесiне көзiнде жас, ұйықтап жатқан iнiсiн көрген екi ағасы қуанып:
- Е, жақсы болды, ұйықтап жатсын осылай, бiз әкемiзден қалған мұраны өзара бөлiсiп алайық, - дептi. Сөйтiп екеуi бар дүниенi бөлiскен кезде бiреуiне үй мен егiстiк, екiншiсiне қора мен мал тиедi. Кiшi iнiсi ұйқыдан тұрғанда, оны мазақтап:
- Мирасты бөлiсер кезде ұйықтап жаттың. Бiз кiнәлi емеспiз. Сенiң үлесiңе ұйқы тидi, - дейдi. Iнiсi еш мән бермегендей жүре бередi.
Ауыл адамдары бауырына арамдық жасағаны үшiн екi ағасына қатты ренжидi.
Ертеңiне ағалары күнi бойы мал бағып, егiн егiп жүргенде, iнiсi үйде ұйқысын әбден қандырыпты. Күн өте ыстық, жұмыс аса ауыр болатын.
Кешке шаршап келген екi ағасы бiрi бөлмеге, бiрi шөптiң үстiне қисайып, көз iле бергенде, iнiсi оларды жұлқылап оятып:
- Кәне, тұрыңдар. Мирас бөлiнген кезде маған ұйқының тигенiн бiлесiңдер. Ұйқы - маған ғана тиесiлi, - дейдi. Осылайша өзi күнi бойы ұйқысын кандырып алып, ағаларын түн бойына ұйықтатпайтын болыпты. «Ей, ұйықтамаңдар, ұйқы менiң үлесiм», - деп мазасын алады екен. Соңында ағайындылар әбден болдырып, жұмыс iстей алмайтын халге душар болады. Ауылдың үлкендерiнен көмек сұрайды. Ауыл адамдары баланы жақтайды. Қариялар мұраны қайтадан теңдей етiп үшке бөлiп бередi. Сөйтiп, ағайындар арасына әдiлеттiлiк орнапты.
Авторы: Пернегүл Үсенова