Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 31 газет

20 сәуір 2024 ж.

№ 30 газет

16 сәуір 2024 ж.

№ 29 газет

13 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Олимпиада қызықтары

Олимпиада қызықтары

23 шілде күні алауы тұтанып «Болашақтың ойыны» атанған ХХХІІ Жазғы Олимпиада ойындарының басталғанына 12 күн өтті. Осы күнге дейін қазақстандық спортшылар үш қола медальді қанжығаға байлап, жалпы есеп бойынша 71-орынға табан тіреп тұр.

Жапонияда өткізіліп жатқан Жазғы Олимпиада ойындары түрлі қызықтарға толы. 2021 жылы өткізіліп жатқанына қарамастан ойындардың «2020» жазуымен жүруі – биылғы Олимпиаданың негізгі ерекшелігі болды.

Осыдан бес жыл бұрынғы тарихи сәттегідей бұл жылғы Жазғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына спорт сүйер көрермен қатыстырылмады. Әлемдік пандемияға сәйкес қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігі басты назарда. Алаңға шыққан спортшылардың түгел бетперде тағуы бұрын соңды болмаған жағдай.

Сондай-ақ биыл жаңа рекордтық көрсеткіштер орын алуда. Пневматикалық тапаншадан оқ ату спортынан грузин спортшысы Нино Салуквадзе биыл тоғызыншы рет дүбірлі додада өнер көрсетіп, «тоғыз рет Олимпиадаға қатысқан тұңғыш» әйел ретінде танымалдығы артты. 1988 жылы Сеулде Олимп шыңын бағындырған спортшы бірнеше дүркін Әлем және Еуропа чемпионы. «КСРО Еңбек сіңірген спорт шебері» атағын иеленген әйел осы күнге дейін спортпен шұғылдануды жалғастырған. Биылғы қорытынды бойынша пневматикалық тапаншадан 10 метр қашықтықтан ату кезінде 51 ойыншының ішінде 31-орынға тұрақтаған ол бұған дейінгі ойындарда медальсіз қалған кезі болмаған. Ниноның айтуынша, биылғы Олимпиада оның спорттық мансабындағы соңғы ойын болмақ.

Біреулер спорттағы мансабын аяқтап, жарыс жолынан қол үзсе, біреулер Олимпиада алаңында өзінің сүйікті хоббиімен айналысып, журналистерді таң қалдырған. Олимпиада чемпионы Том Дейлидің ерекше хоббиіне журналистер ғана емес, түгел әлем таң қалып отыр. Суға секіруден әйелдер арасында өткен жарыста британиялық спортшы тоқыма тоқып, әріптестері үшін қобалжып отырған. Оның сөзінше, тоқыма тоқу жүйке жүйесін тыныштандырып, ойын сәл де болса бөлетін көрінеді. Том бос уақытында тоқыма тоқумен айналысатынын, тіпті өзінің алтын жүлдесіне арнайы қапшық тоқып алғанын айтқан.

Жарыс болған соң қатысушылардың мақсаты біреу – жеңіс тұғырынан көріну. Қарсыластарын басып озып, жүлделі орынға жайғасқан спортшы биік мінберге шығып, сол елдің Туы көкке көтеріледі. Мемлекетінің мерейін үстем еткен спортшыға алтын, күміс және қоладан құйылған медаль табысталады. Олимпиаданың жалпы қорытындысы осы медальдер санынан байланысты болады. Ал спортшылардың мойнына ілініп, жеңісінен хабар беретін медальді ұйымдастырушы ел дайындайтынын белгілі. Түрлі техника ойлап табумен үнемі таң қалдыратын жапондықтар Олимпиада медальдерін қоқыстан құйып, тағы да жер жаһанды аузына қаратты. Бұл үшін жапондық өнертапқыштар бүкіл елден қолданылған ескі телефондары мен SIM карталарын, техникалық бұйымдарын мемлекетке қайырымдылыққа өткізуін сұраған. Мұндай құрылғылардың кей бөлігі алтыннан, күмістен құйылатынын жақсы білетін жапондықтар 4850 тонна қалдық өнім жинаған. Одан 32 кг алтын, 3500 кг күміс, 2400 кг мыс жинаған. Содан Олимпиадаға қажетті 5000 медаль құйылған. Одан бөлек, қалдық бөтелкелерді өңдеп, одан спортшыларға арнап киім тіккен.

Биылғы ойындардың тағы бір ерекшелігі – 1912 жылдан бері алғаш рет Олимпиаданың алтын медалі екі спортшыға бөліп табысталуы. Ерлер арасында биіктіктен секіру секторында катарлық Мутаз Эсса Баршим мен итальяндық Джанмарко Тамбери бірдей нәтиже көрсеткен. Екі спортшы да 2,37 метр биіктікке секіріп, төрешілер қос спортшыны да Олимпиада чемпиондары деп таныған.

Жапондық ағайынды спортшылар Хифуми және Ута Абэлер дзюдодан 52 және 66 кг салмақ дәрежесі бойынша сынға түсіп, екеуі де алтын медальға ие болған.

Талай-талай қызыққа толы Олимпиада ойындары 8 тамыз күні аяқталады. Сондай-ақ, қауіпсіздік шаралары қатаң бақыланып, споршылар мен бапкерлер күн сайын, журналистер әр төрт күн сайын ПТР тестін тапсыруға міндеттелуде.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
03 тамыз 2021 ж. 611 0