Әйелдерге оқуға кеңес берілетін кітап

Динара Болат «Өмірге шексіз ғашық»
Кітапты бір парақтап шыққанда саяхат туралы немесе жеңіл-желпі тақырыпты қамтыған көп кітаптың бірі деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда ден қойып оқи бастағанда көп сынақты бастан өткізген, өмірдегі бар жетістікке өз күшімен жеткен қарапайым ауылдан шыққан қыздың оқиғасына куә боласыз. Жоқ кезде жасымай, бар кезде тасымай, болып жатқан жағдайларға саналы түрде қарап, адекват шешім қабылдаған аяулы жар, асыл ананың әр ойы жүрек түкпірінен орын табады.
Джон Кехо «Түйсігіңмен ойла»
Өмірдегі барлық жағдай 10 пайыз санаға, 90 пайыз бейсанаға байланысты екен. «Адам бір боқ көтерген боқтың қабы» деп Абай айтқандай, ішімізді тазартып, жақсы өмір сүруге кедергі келтіретін ойдан арылсақ, бәрі біз ойлағандай болады. Осы бейсанамен жұмыс істеу үшін, әлемдік бестселлер «Түйсігіңмен ойла» кітабы көмектеседі. Қазақ тіліне аударған қазақтың шебер аудармашысы – Мырзагелді Кемел.
Лариса Ренар «Күйеуіңді миллионер қыл»
Атауына қарасаңыз, тек ақша, байлық туралы кітап тәрізді елестеуі мүмкін. Алайда мұнда әйел адам жолдасының қаржылық жағдайына қалай әсер ете алатынымен қатар өзіңді іздеу, қазіргі тілмен айтсақ, нишаңды табу, сүйікті ісіңді анықтау тақырыбы да сөз болады. Төрт қыздың әңгімесі ретінде жазылған кітап біраз адамға ой салып, көзқарасын өзгертері анық.