Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жарнамалаймыз деп ұятты ысырып қойдық

Жарнамалаймыз деп ұятты ысырып қойдық

Иә, қазір жарнаманың дәурені жүріп тұр. Қандай істі қолға алсаңыз да, қандай шаруамен айналыссаңыз да ең бірінші жарнамалау жағын «қатырып» алсаңыз, ісіңіз алға басты дей беріңіз. Әрине, оған ешкімнің де дауы жоқ. Алайда, сол жарнамалау сәтінде өрескел қа­телерді айтпағанда, ұятты ысырып қойғандаймыз.

Қалтафон өміріміздің «бір бөлшегі» болмай тұрғанда, бәріміз көк жәшікке телміретін едік. Бұл қазір теледидардан алыстадық деген сөз емес. Десе де теледидардағы беретін тәрбиесі жоқ кейбір шоу бағдарламалардың әсерінен көпшіліктің көк жәшікке деген өкпесі қара қазандай екенін айта ке­ту керекпіз. Жә, бұл өз алдына бөлек тақырып. Біздің бүгін қаузайтынымыз сол телеэкрандағы жарнаманың жәйі болмақ.

Бала кезімізден білемін, жарық уақы­тымен жанса да көк жәшікте тағлымы мол бағдарламалар көп болатын. Сол ке­зеңдерде отбасымызбен теледидарға тел­міріп, қызықты, қажетті дүниелерді тама­шалайтынбыз. Бір бағдарлама беріліп жатқанда арасында ешқандай үзіліс болмайтын. Онысы көрерменге деген құрмет шығар. Кейде ата-анамызбен бірге кинолар көргенде арагідік қана көзімізді басып немесе төмен қарайтынымыз бар еді. Ол сол балалық шақтың естелігі болып қалғандай.

Ал қазір ше? Қазір теледидарға телміру былай тұрсын, бір бағдарламаны көріп, аяқ­таудың өзі мұң. Басталғаннан бастап жарнама беріліп, я бағдарлама көргеніңді, я жарнама көргеніңді, жалпы не көріп, қандай тағылым бар екенін түсінбей қаласың. Бұл тұрғыда сықақшы Жанатбектің «Әжептәуір жарнама көріп отырсаң, арасында жылт-жылт етіп кино бөле береді» деген әзіл-әжуасы ел-жұрттың көкейіндегісін дөп бас­қандай болды.

Әрине, жарнама – бұл кез келген БАҚ-тың табыс көзі екені анық. Оған ешкімнің дауы болмас. Бірақ сол жарнаманы өз орнымен берсе, көрермен де теледидардан алшақтамас еді-ау.

– Теледидардан жақсы дүниелерді алуға болады. Жанұямен отырғанда та­нымдық бағдарламалар көріп жатсаң, жылт-жылт етіп жарнама шыға береді. Сол сәтте әкеміз «осылардың жарнамасы бітпейді екен» деп кейде басқа арнаға ауыстырып жібереді, болмаса теледидарды көрмейді. Содан біз де не көріп жатқанымызды түсінбей қаламыз. Жалпы, эфирде жарнаманың тым жиі беріліп кетуі тұтынушы құқын бұзып қана қоймай, олардың жүйке жүйесіне кері әсер етуде, – дейді тұрғын Н.Байжанов.

Осы тұста, жарнамаға қатысты тағы бір өзекті мәселе бар. Көпшілік күні бойы жұмыста болып, кешқұрым отбасымен жиналып кешкі асқа отырады. Сол шақта барлығы көк жәшіктің айтарына көз салады, құлақ түреді. Жаңалықтар беріледі, одан кейін сериалдар немесе шоу бағдарламалар көрсетіледі. Ал кеш батса теледидардың «әдеті» басталады. Ұлы сөзде ұят жоқ, отбасымен бірге кешкі ас ішіп отырып, интимді жарнамалардың берілуі – ең сорақылық екені даусыз. Олай дейтініміз, ата-анамен бірге отырып, ондай дүниелерді көргенде көпшіліктің кірерге тесік таппай қалатыны жасырын емес. Я жарытып ас ішпейсің, теледидардан ұялғаннан өзің орныңнан тұрып кетесің. Одан бөлек, теледидар «ашықтық» деген саясатты тым әсірелеп жібергендей. Қай арнаны қоссаң да жалаңаштанған қыздар, бір-бірімен бет жыртысып жатқан жігіттер. Содан кейін барып, елімізде суи­­цид, тастанды бала, жеңіл жүрістілер көбейді дейміз. Асылында, өскелең ұрпаққа барлығы айдан анық көрсетілуде. Көк жәшік – тәрбие құралы дейтін болсақ, мұндай олқылықтар көрерменді сыйламаушылық екені шүбәсіз.

Жоғарыда айтқандай, жарнама теледидардағыларға күнкөріс көзі екенін жоққа шығармаймыз. Алайда, жарнама берерде оның ұлтқа кері әсері тимейтініне көз жеткізіп алған дұрыс болады. Ал пайданы көздеп, әр нәрсені көк жәшіктен көрсете берсе, мұның арты жақсы болмасы анық...

Ердос БЕРКІНБАЕВ



25 мамыр 2021 ж. 546 0