Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » "Айналайын" сөзінің мәнін білесіз бе?

"Айналайын" сөзінің мәнін білесіз бе?

Көбіне қазыналы қарттарымыздан, асыл әжелерімізден, ардақты аналарымыздан "айналайын" деген жылы сөзді естіп жан-жүрегіміз елжіреп, тұла бойымыз тебіреніп жатады. "Айналайын, құлыншағым, абайла!", "қылықтарынан айналайын", "Аллам бере салған, айналайыным" және сол сияқты нәзік, жылы сөздермен немерелерін еркелетіп, мәпелеп жататын аталарымыз бен әжелерімізде аз емес.

Адамды аластағанда да, ыдыс сынғанда да бастан айналдырады. Ал, ол сіздің түбінде тамыры терең тарих, неткен мән мен мағына жатқанын білесіз бе?! Егер білмесеңіз, жақынырақ отырып, зейін қойып оқыңыз.

Бұрындары қазақ отбасында кішкене бала яки жас жеткіншек сырқатқа шалдығып ауырғанда әкесі, анасы немесе егде жастағы  адам сол жастың сауығып, дертінен айығып, жанын аман алып қалу үшін осы ырымды жасайтын болған. Оның бізге жеткен 2 түрі бар. Алғашқысы, баласы ауырғанда әкесі киімін терісіне аударып киіп, мойнына белдік іліп, оның "төменгі әлемге түскенін" білдіріп, баласын айнала бастаса, екінші жағдайда қарияларымыз киіз үйдің дәл ортасына науқасты жатқызып, үш мәрте айналып, есікке келген сәтте "айналайын" деп дауыстайды екен. Бұл ырымнан кейін, ең қызығы, жас сауығып, сол ырымы жасаған қарт ауруға шалдығып немесе жан тәсілім ететін болыпты.

Қазақ содан бері бұл асыл сөзді ұмытпай, балаларына "Айналайын" деп еміренеді екен. Ондағысы "Сенің жолыңда менің жаным құрбан", "сенің мұңыңды маған берсін" дегені екен. Ойлаңызшы, қазағымның бір ғана сөзінде қаншама тылсым, жанашырлық, мейірімділік пен балаға деген шексіз махаббат жатыр.

Айналдыру - ежелгі дәстүрдің сарқыншағы болғанымен, мұның артында түркі дәуірінен келе жатқан сенім тұр. Осы тұста сөз қадірін жетік түсіне білген ағамыз Кәкімбек Салықовтың:

"Бүкіл әлем сөйлегенде бір тілде,

"Айналайын" деген сөзді сақтармыз" деген өлең жолдарының түпкі ұғымын енді ұққандаймын. Ойланып қарасақ, "айналайын" сөзі ешбір өзге тілге аудара да, өзге ұлтқа түсіндіре алмайды да екенбіз. Яғни, ол – тек біздікі. Бұл жайлы қазақтың біртуары Олжас Сүлейменов атамыздың:

"Айналайын – чудесное слово,

Жаль, что русский его не поймет.

Объяснить я готов ему снова,

Только бедно звучить перевод" деген өлең жолдары сөзімнің астарын айшықтап тұрғандай.

Бүгінде бұл ырым жоғалып кетсе де, айналамызда "айналайын" сөзі өз сәнін жоғалтпақ емес.


10 мамыр 2021 ж. 426 0