Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарызды қалай өндіріп алуға болады?

Қарызды қалай өндіріп алуға болады?

Сырдария аудандық сотында «Қарызды өндіру бойынша сотқа дейінгі және соттан тыс дауларды реттеу тәртібі» тақырыбында онлайн режимінде дөңгелек үстел өткізілді.

Іс-шараға төраға Р.Алдамбергенов, судья А.Мизанбаев, «Қазақстан Халық Банк» АҚ Қызылорда облыстық филиалы, Сырдария басқарма басшысы А.Палымбетов , «КМФ» микроқаржылық ұйымы ЖШС-нің топ менеджері Н.Есенов, Сырдария аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бас маманы Р.Бакуова және нотариустар Ф.Оспанова, Қ.Назарова қатысты.

Сот төрағасы Руслан Алдамбергенов дөңгелек үстелді ашып, татуласудың маңызы мен артықшылығы - ол тек даулы мәселені реттеп қана қоймай, тараптар арасындағы қарым-қатынасты сақтайды. Сотқа даусыз істермен жүгінетіндер де жетерлік. Сондай кезде тараптардың өзара келісімге келуінде татуласу рәсімдерінің маңызы зор. Мемлекеттік баждың қайтарылуы да азаматтар мен заңды тұлғалардың дауды бітімгершілік жолымен шешуге ынталандырады, сол себепті, дау-дамайлар тез арада шешімін тауып келеді деді.

Судья Асылхан Мизанбаев сөз кезегін алып, қатысушылардың назарын заем шарттарынан туындайтын талап арыздарды нотариустардың атқарушылық жазбасы арқылы сотқа дейін реттеудің заңнамалық көзделген мүмкіндігін түсіндіріп, ҚР АПК-нің 152-бабының 1-бөлігінің 1) тармағына сәйкес, талап қоюшылармен заңда белгіленген немесе тараптардың шартында көзделген дауды сотқа дейін немесе соттан тыс реттеу тәртібін сақтамай осы тәртіпті қолданудың мүмкіндігі жойылмаған жағдайда сотқа талап арызбен жүгіну көбейгенін атап өтті.

Сонымен қатар, дөңгелек үстел барысында төраға дауларды сотқа дейін шешудің тиімді тәсілі ретінде нотариусқа жүгіну арқылы атқарушылық жазба жасаудың тәртібі мен салдарына тоқталып, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 29 қарашадағы №232 қаулысымен бекітілген «Микрокредит беру туралы шартты жасасу тәртібі, оның ішінде микрокредит беру туралы шарттың мазмұнына, рәсімделуіне, міндетті шарттарына қойылатын талаптар, микрокредитті өтеу кестесінің нысанының» 4-тармағының 1) және 4) тармақшаларына сәйкес бір қатар жағдайларда ұйымның қарыз алушы жеке тұлғаның келісімін алмай, нотариустың атқарушылық жазбасы негізінде негізгі борышты, сыйақыны және тұрақсыздық айыбын қоса алғанда, өндіріп алу құқығы бекітілгендігін, бұл ретте қарыз алушы жеке тұлғаның берешек бойынша өтініш ұсынбауы оның міндеттемені орындамауының кінәсін мойындау болып табылатындығын, демек, «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасы 1997 жылғы 14 шілдедегі № 155 Заңының ( 92-1-бабының 2-тармағының 2) тармақшасының негізінде, аталған нормалар талап қоюшының борышты, сыйақыны және тұрақсыздық айыбын өндіру жөніндегі даусыз талаптарымен нотариусқа атқарушылық жазба шығару үшін жүгіну арқылы дауды соттан тыс тәртіппен шешу көзделген деді.

Дөңгелек үстелге қатысушылар қарыз өндіру мәселесін сотқа дейін реттеу тәртібі бойынша ойларын ортаға салып, талқыланған мәселелер бойынша пікір алмасты.

Сырдария аудандық сотының баспасөз қызметі
29 сәуір 2021 ж. 561 0