Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сауыншы сергек, бақташы бейнеткеш

Сауыншы сергек, бақташы бейнеткеш

Ақжармалық шаруалар егінмен бір­ге ата кәсіпті дамытуда. Ауылдан 2-3 шақырым жерде орналасқан «Мақсат» шаруа қожалығының мал бор­дақылау алаңында 220 мүйізді ірі қара бар. Өткен жылы 136 бас қалмақ тұқымдас ірі қара, 80 бас тай сатып алынған. Бақташылар 100 бас жылқыны айрықша күтімге алған. Қыр­уар тірлікті көзімізбен көрген біз мал шаруашылығының қиындығынан қанық­қан болатынбыз.

Соңғы 7 жыл көлемінде сауыншы Гүлсім Маханбетжанова қожалықта қызмет етіп келеді. Алғашқы жылдары ешкі бағуды қолға алған сауыншының еңбегі зор. Оқушы кезінен ат үстінен түспеген аяулы ана әріптесі Ботакөз Ауханова екеуі таңғы 7-ден бастап, 20-дан астам сиырды сауады. Осылайша, қас қарайғанша тыным көрмейтін сауыншылар төрт-түліктің сүті – шекер, еті бал екенін жақсы біледі.

– Қожалықта қызмет еткеніме 7-8 жыл болды. Мал бордақылап, сауын биелерге мұқият қарауға тырысамыз. Сауын биелерді байлап, кәсіпті кеңейту – қожалық басшылығының негізгі мақсаты. Күнделікті сүт өнімдерін шығарып, нарыққа шы­ғару көзделген. Бұдан бөлек, қызметкерлер сүт-айранмен қамтамасыз етіліп келеді. Әріптесім Дархан екеуміз мал бордақылауды жетік меңгеріп келеміз. Сонымен бірге Гүлсім де өрістен мал айдау кезінде бізбен бірге жылқы үстінен түспей, көмектеседі. Көпбалалы ананың табандылығына тәнтіміз, –дейді бақташы Алтай Шалабаев.

Негізінен, қожалық құс шаруашылығымен де тұрақты түрде айналысады. Өткен жылы тың кәсіпті жетілдіру мақсатында 500 бас үйрек пен қаз сатып алынған. Құстардың күтіміне жауапты маман Гүлбану Иманбай екенін айта кеткеніміз жөн. Құс асырайтын қорада 40-қа жуық ешкіні бағу да іскер келіншектің міндетіне кіреді.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 
27 сәуір 2021 ж. 485 0