Алғыс арқалаған Тамарахан
Асқарлық Тамарахан Ұзақбаеваны бала кезімнен танимын. Осыдан 20 жыл бұрын облыс орталығына қатынап, сүт өнімдерін сататын аяулы ана төрт-түлікті түлетіп, ата кәсіптен ырзық-несібесін тауып отырған жан. Ауыл тұрмақ, аудан көлеміне ағарғанымен танылған Тамарахан ханымның қолынан бал таматыны рас.
Жастайынан Тамарахан ханым сауыншылықпен айналысқан екен. Ауылда арнайы мал бағатын қожалықта бірнеше жыл еңбек еткен көрінеді. Кейіннен отбасылық кәсіпті жандандыруға күш салған отағасы Таңатар Ұзақбаев екеуі мал шаруашылығын дамытуға бейімделеді. Күніне 5 бұзаулы сиырды сауатын Тамарахан апа еңбеккеш қасиетімен отбасылық бизнесті түрлендіру үстінде. Мәселен, жеке кәсіпкер 3 жыл бұрын «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының грант бөлу тетігі бойынша конкурсқа қатысып, «Күркетауық асырау» жобасымен 250 000 теңге ұтып алады. Бүгінде жеке кәсіпкер құс шаруашылығына икемді екенін аңғартып келеді.
– Отағасы екеуміз жастайынан еңбекке ерте араластық. 3 қыз, 1 ұлды жеткізу үшін мал шаруашылығына ден қойдық. Бір жылдары ауыл тұрғындары мен мал бағатын қожалықтардан сүт жинап, ағарған өнімдерін сатумен айналыстым. Әлі күнге берекелі істі тоқтатқан емеспін. Тоқтаусыз еңбектің нәтижесінде, күркетауық асырауды қолға алдық. Бүгінде 25 тауық пен 12 күркетауықтың жұмыртқасы мен етін жергілікті халыққа ұсынып келеміз. Негізінен, күркетауық аурушаң келеді. Ерекше күтімді қажет етеді. Тауықтарға екі мезгіл жем беріп, денсаулығын тексеріп отырамыз. Көктемде бастырған балапандарымыз арқылы олардың санын күзде 100-ге дейін жеткіземіз. Нарықтағы бағасына сәйкес, күркетауықты 6-7 мың теңге көлемінде сатамыз, – дейді жеке кәсіпкер.
Тамарахан Ұзақбайқызы өткен жылы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты бойынша мал басын көбейтуге байланысты құны 1,5 млн теңге несие алып, сүт өнімдерін өндіруде. Өз кезегінде қолы алтын жан құрт жасайтындығын тілге тиек етті.
– Сүт өнімдерінен жасалатын тағамның барлығын жасап, жергілікті тұрғындарға ұсынамыз. Бір күнде 10 келіден аса, құрт, ірімшікті жоғары сұраныспен дайындаймын. Мысалы, құрттың 1 келісін 2500 теңге болады. Бұрыннан үйреніскен шаруаның жайы осылай. Қолдағы табыстың берекесін көріп келеміз, – дейді Тамарахан апа.
Жеке кәсіпкер Тамарахан апа «талай менің сүтімді ішіп, жүруші едің. Ержетіпсің» деп таңданысын білдірді. Ал мен болсам, самайында жасырынып тұрған ақ шаштарынан ата кәсіп үшін бар ғұмырын арнаған ардақты ананың өткенін көрдім. Ауылда жүріп, ағайынның алғысына бөленген қадірлі жанның қолға алған ісі алға баса берсін демекпіз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ