Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауданды дамытқаның – өзіңді дамытқаның немесе еркіндік, теңдік, жайлылық қағидасы туралы ой

Ауданды дамытқаның – өзіңді дамытқаның немесе еркіндік, теңдік, жайлылық қағидасы туралы ой

Көне Жапон астанасындағы биік ғимаратта тікелей аударғанда «Басшы барлық қырынан үлгі әрі бәрімен тең болуы қажет» деген жазу бар екен. Бұл Тынық мұхиты аралдарында орналасқан елде бас­қару түсінігінің тереңдігін және кімге болса да зор жауапкершілік жүктейтінін білдірсе керек-ті. Ал, бізде ше? Халқымыз «Биіктегі адам алысты көреді» деп астарлайды.
Иә, тегін адам ел басқарып, әкім болмасы анық. Ауданның басшысы Талғат Дүйсебаевты білімі мен тәжірибесі толысқан азамат деп есептейміз. Жақында аудан әкімі жұмыс кабине­тіндегі еркін пікірлесу барысында Чарльз Монт­гомеридің «Бақытты қала: қалалық жоспарлау арқылы өмірімізді өзгерту» атты кітабын оқуға кеңес берді. Көп өтпей пәлсапалық кітап­ты қолымызға алып, оқуды бастадық. Сөйтіп, жаңаша көзқарастармен, тіпті тың ойлау жүйе­сімен бетпе-бет келдік.
Әуелі оқырман қауымға түсінікті болу үшін аудан әкімі ұсынған кітаптың авторын таныстырып алсақ. «Бақытты қала: қалалық жоспарлау арқылы өмірімізді өзгерту» кітабының авторы Чарльз Монтгомери – қала, психология, мәдениет және тарих туралы жұмыстары әлемдік журналдарда жарық көрген журналист, урбанистика саласы бойынша білгір сарапшы. Ол Канада, АҚШ, Ұлыбритания елдерінің бірінші басшылары мен жоспарлаушыларына, қала әкімдеріне, ірі құрылыс компанияларының сәулетшілеріне, жоғары оқу орындарының оқы­ту­шылары мен студенттеріне дәріс оқыған. Қаламгер қала тұрғындарының қоғамдық қарым-қатынасын өзгертуге көмектесетін құндылықтар мен негіздерді зерттеп, көптеген еңбек жазған. Оның туындылары жүздеген қаланың инфра­құрылымдық дамуына өзгеріс енгізіп, қоғам мү­шелеріне жайлылық пен жақсы көңіл-күй сый­лағанын шетел журналистері әлі күнге жарыса жазуда.
Аудан әкімінің қалалық жоспарлаудың қыр мен сыры кеңінен жазылған бұл кітапты оқуды ұсынуы тегін емес. Биыл Тереңөзек кентіндегі орталық алаң жөнделіп, абаттандырылуда. Бұ­рын бұл жер тек іс-шаралар өткізуге арналған орын еді. Енді жайлы демалыс аймағы болмақ. Жайлылық демекші, бәрі тұрғындар игілігі үшін жасалуда. Орталық алаңды абаттандыру бұған дейінгі аудан әкімдерінің де жұмыс жоспарында болған. Бірақ іргелі істің басталуы Талғат Тұрсынұлының аудан тізгінін ұстауымен тұспа-тұс келді. «Бақытты қала: қалалық жоспарлау арқылы өмірімізді өзгерту» кітабын оқыған аудан басшысы әр мекеннің өзіндік аурасы болатынын біледі. Соны іс барысында ескеріп, ыңғайлы әрі жайлы жағдай қалыптастыру бағытында қолданып көргісі келеді. Біз аталған кітаптың мазмұнына, мәні мен маңызына тоқталмас бұ­рын, бір-екі мысал келтірсек.
Кез келген адам өз өмірінде белгілі бір қалаға сапарлайды. Мүмкін қыдырар, мүмкін жұмыс барысымен сапар жасар, әйтеуір бір қаладан екін­ші қалаға барып, ауасын жұтып, суын ішеді. Қызығы сол, кей қаладан жылылық сезілсе, ал кейбірінен кетіп қалуға асығамыз. Бұл әр қала­ның өзіндік мінезі, болмыс-бітімі болатынын аңғар­тады. Құдды адам өмірі мен тағдырындай... Ал қаламен танысуды сіз қалай түсінесіз?! Қала­мен танысу даңғылдар мен көшелерін аралау, саябақтар мен гүлзарларда серуендеу, танымал нысандарға бару деп ойлайсыз ба? Егер осылай ойласаңыз, Чарльз Монтгомеридің пікірінше, сіз қателесесіз. Бәлкім, бұл сіздің мыңдаған ойшылдарды қатты қызықтыратын урбанистика ғылымына қызықпайтын немесе бейтарап қа­райтын көзқарасыңыздың жемісі шығар. Енді осы тақырыпта, яғни жайлы, ыңғайлы, бір сөзбен айтқанда, бақытты тұрғындардың қаласы туралы әңгіме өрбітейік.
Мемлекет ауылды дамытуға қанша жерден күш салып, қолдау көрсеткенімен қалалардың жер жүзіне, біздің өмірімізге ықпалы күннен-күнге артып келеді. Әлемдік статистика қала халқының саны жыл санап өсіп келе жатқанынан хабар берсе, қарапайым өмірде де ауылдан ауданға, ауданнан қалаға көшкендердің саны басым екенін байқаймыз. Бұл біз үшін аса маңызды емес шығар, бірақ тақырыптың өзектілігі адамдардың ауылдан қалаға көшуі бізге не береді және қандай міндет жүктейтінін дұрыс таразылауымызға ті­келей байланысты. Айталық, ғалымдар мен әлеуметтанушылар қала халқының көбеюі экономиканы нығайтқанымен, архитектуралық жос­­пар­лаудың күн санап құбылуына әсер етіп жат­қанын алға тартады. Яғни, халық көп жерде мә­селе де көбейеді. Өмірдің қысқаша формуласы осылай.
Сіз бақытты қаланың мэрі немесе қызмет­керлері бақытты мекеменің басшысы болуды армандайсыз ба? Егер армандасаңыз ең әуелі ЕРКІНДІК, ТЕҢДІК және ЖАЙЛЫЛЫҚ қағидасын бірінші орынға қоюыңыз қажет. Бұл – пікір Чарльз Монтгомери туындыларының негізгі түпқазығы. Расында да тәуелділікте, бодандықта бақыт болмайды ғой. Яғни, біз өзімізді еркін сезінгенде ғана жайлы, ыңғайлы, қолайлы һәм бақытты өмір сүреміз. Осы ретте, тағы да «Бақытты қала: қалалық жоспарлау арқылы өмірімізді өзгерту» кітабынан мысал келтірейік.
Колумбиялық Энрике Пеньялосаның есімі сая­саткерлерге жақсы таныс. Ол адам ұрлау мен кісі өлтіру қылмыстары өте көп тіркелетін Богота қаласын басқаруға кіріскен күні тұрғындар таңғаларлық іс жасапты. Қала мэрі брондалған джипке мінбей, оққағарларын шақыртпай, жұ­мысқа велосипедпен қатынауға көшіпті. Қызы­ғы сол, дәл мұндай шешім 1998 жылы Богота қаласының халқы үшін өзіне-өзі құл жұмсау деп саналатын. Пеньялосаны өзгелерден ерек­шелейтін тағы бір қыры, оның еркін және бәрімен тең өмір сүруінде еді. Ол бұрын атыс-шабуыл мен көлік апаты өте көп тіркелетін, тіпті балалар көшеге шығуға қорқатын қаладағы қалыпты өмірді өзгерткісі келді. Сөйтті де бір күнде қаланың бас жоспарына өзгеріс енгізді. Автокөлік жолдарын қысқартып, велосипед ай­дауға арналған жолдар мен ашық аспан астында орналасқан демалыс аймақтарын салды жә­не барлық жолдардың бағытын саябақтар мен мектептерге бағыттады. Көлік салығын көбейтіп, «Көліксіз күн» тәжірибесіне қатысуды ұсынды. Қала мэрі Энрике Пеньялоса «Қала не адамдарға, не көліктерге арналуы мүмкін, үшінші жол жоқ» деп мәлімдеме жасады. 2000 жылдың 24 ақпанында Боготада барлық жеке автокөліктерге көшелерде жүруге тыйым салын­ды. Бұл шешім көп өтпей өз жемісін берді. Мэрдің ұсынысын қолдаған халықтың жұмысқа және мектепке жаяу, велосипедпен, роликтер­мен баруының арқасында бір жылдан кейін жол апатынан бірде-бір адам қазасы тіркелмеді. Ауруханаға түскендер санының көрсеткіші үштен бірге кеміді. Боготалықтар үш жылдан кейін өмір сүруге үмітпен қарайтын, өздерін еркін әрі тең сезінетін болды. Оқушылар да сабақтан себепсіз қалмайтын болды. Мэрдің бұл еңбегі дүниежүзілік урбанистік форумда айтылғанда үш мың тыңдаушы орындарынан тұрып, қол соқты.
Кеңістікті дұрыс жобалау – тұрғындарға жай­лылық немесе қолайсыздық сыйлаудың қуат­ты құралы. Жолды тек жүруге, ал орталық алаңды тек іс-шара ұйымдастыруға арналған орын деп есептесек, жол мен алаң тез тозады әрі ойлау жүйемізде өзгеріс болмайды екен. Чарльз Монтгомеридің кітабында «біз жолда жү­румен қатар, демалуымыз қажет» деп бекер жазылмаған. Осы орайда, осыдан екі-үш жыл бұрын ауданымызда апта сайын ауқымды велошерулер ұйымдастырылғаны еске түседі. Сол кезде негізгі көшелерде автокөліктер қозғалысы тоқтатылып, тұрғындар велосипедке мінді. Де­не қозғалысының белсенділігінен олардың көңіл-күйі көтерілгені анық. Бұл іс-шара облыс аудандарының ішінде тек біздің ауданда, республика бойынша Алматы мен Шымкент қаласында тұрақты түрде өткізілді. Сол кезде Алматыны Бауыржан Байбек, Шымкентті Ғабидолла Әбдірахымов басқарды. Тұрғындарының саны миллион адамнан асатын қалаларды басқарған қос әкім де «Болашақ» бағдарламасымен шет елде білім алған, яғни шет ел мәдениетін білетін азаматтар. Ал сол жылы ауданымызды басқарған Ғанибек Қазантаев қазір облыс орталығының тізгінін ұстады. Олар велошеру ұйымдастыру арқылы урбанистика саласына өзгеріс енгізгісі келді...
Қазір Тереңөзектегі орталық алаң абаттандырылуда. Бұрын бұл жердің 90 пайызы бос кеңістік еді. Алаңға жұртшылық тек мерекелік іс-шараларда ғана жиналатын. Басқа күндері алаң бос тұратын. Тіпті, таңғы және кешкі уақытта алаңда серуендеп жүрген тұрғындарды мүлдем көрмейтінбіз. Орталық алаңдағы орындықтар саны да аз болатын. Бұл қалыптасқан өмір сүру салты былтыр өзгерді. Орталық алаңға түлектердің демеушілігімен «Алтын сағат» орнатылғаннан кейін сағатты көру үшін, оның әр сағат сайын соғатын әуенін тыңдау үшін келетіндер көбейді. Ескерткіш-стелла маңына егілген гүлдер де көпшілікті өзіне шақырып тұрғандай әсер сыйлады. Биыл бұл жер тағы да өзгермек. Жақында орталық алаңға 79 түп тал егілді. Әр талдың өзіндік орналасу жоспарының бар екені және күтімге алынғаны қуантады. Мамандардың айтуынша, жоспарлы жұмыстар аяқталғанда орталық алаң шағын әрі жайлы демалыс аймағы болмақ. Мүмкін алаңға дейін келетін негізгі автокөлік жолы кейін арбат ретінде қайта өзгертілер. Ең маңыздысы тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға басымдық беріледі. Осылайша, Тереңөзектен жайлылық лебі есіп, жергілікті тұрғындар мен аудан қонақтарының еркін демалуы үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады. Бұған дейін «құрылыс алаңы», «таланттар мекені» деген теңеулерге арқау болған Тереңөзек уақыт өте келе «Жайлы аудан» аталса, оның түпкі негізі урбанистика саласын дамытуда жатқанын ұмытпауымыз қажет.
Бақытты өмірді ұзақ өмір сүру деп есеп­тейтіндер де бар. Ұзақ өмір сүруге сыртқы факторлар әсер етеді. Мысалы, «Бақытты қала: қалалық жоспарлау арқылы өмірімізді өзгерту» кітабында баяндалған мына бір оқиғаға назар аударайық. Кітап авторы Чарльз Монтгомеридің жазуынша, экопсихолог Фрэнсис Мин Куо мен Уильям Салливан Чикагода серуендейді. Оларды бір көшенің бойындағы аулалар арасындағы қарама-қайшылықтар таңғалдырады. Бір ау­ла та­қыр болса, екінші аулада жасыл желек жай­қалып тұрғанын көрген экопсихологтар мұны зерттейді. Нәтижесінде, екі ауладағы адамдар арасында психологиялық айырмашылық бар екенін анықтайды. Зерттеушілер Чикаго поли­циясының жазбаларын талдау барысында кездескен мәліметтермен танысып, тіптен таң қалады. Статистика жасыл желек аз жерде қылмыс пен тұрақсыздық көрсеткіші жоғары болатынын айғақтайтын ақпарат береді. Яғни, жасыл желек аз бос кеңістікте адам психологиясы агрессивті бағытта өзгереді екен. Қызығы сол, экопсихологтардың бұл зерттеуі Лос-Анджелесте де дәлелденеді. Біз осыдан өзімізге қатысты тұсын тарқатар болсақ, орталық алаңның бұрын 90 пайы­­зы бос кеңістік екенін және бұл маңда ауданның ең негізгі әкімшілік мекемесі – аудан әкімдігі орналасқанын айтпай өту мүмкін емес. Аудан әкімі аппаратында жұмыс істеген бірнеше жылдың ішінде әріптестерімнің жұмыстан шаршап, белгілі бір деңгейде психологиялық күйзелісте жүретінін өзім де көріп, сезінгенмін. Енді әкімдіктің алдында, яғни орталық алаңның жартысынан көп жерінде талдар өсіп, қоршаған ортаға әсем гүлдер сән береді. Бұл сол маңдағы мекемелерде қызмет ететін мамандардың психологиясына оң әсер етіп, сарқылмас шабыт сыйлайды деп үміттенемін. Орталық алаңда ауданның ең негізгі әкімшілік мекемесі – аудан әкімдігінің және нағыз өнердің, шығармашылықтың адамдары еңбек ететін аудандық мәдениет үйінің орна­ласқаны қандай тамаша!
Табиғи аймақтардың артықшылығын ешкім жоққа шығара алмайды. Урбанистика да тек бір жерді дамытуды көздемейді. Мысалы, біздің ауданда жайлы табиғи орта қалыптастыру үшін біз ойлағаннан да көп бос орын бар. Оны аңғару үшін көшелерге жай қарағаннан гөрі шынайы назар аудару қажет. Сондай-ақ экономикалық тұрғыда белсенді, жас тұрғындарға жағдай жасау барысында қарияларды да назардан тыс қалдыруға болмайды. Ол үшін аудан орталығына жақын маңдарды жаңғырту жұмыстары қатар жүруі тиіс. Бұл туралы Колумбия астанасы Богота қаласының мэрі болған Энрике Пеньялоса 2014 жылы Алматы қаласына келгенде ашық айтты. Ол жол қозғалысының дамуы мен шағын демалыс аймақтарын құру бойынша өз тәжірибесімен бөлісті. Ауданның немесе қаланың дәл орталығына дейін автокөліктердің жүруі және олардың дұрыс қойылмауы кептеліс пен жайсыздық туғызатынын сынап, жаяу жүргіншілер арбатын ашудың тиімділігі жөнінде дәріс оқыды. Осы орайда, Тереңөзектегі орталық алаңға баратын жолдағы автокөліктердің жүрісі бізге де ой салады. Неге осы маңайдың бір бөлігін арбат ретінде жаңғыртпасқа? Сонда көліктердің ерсілі-қарсылы жүруі азайып, шағын демалыс аймағы жайлы, қолайлы әрі біз ойлағаннан да жақсырақ болар еді. Бұл «Бақытты қала: қалалық жоспарлау арқылы өмірімізді өзгерту» кітабын оқығаннан кейін туындаған ой. Бұл ой жүзеге аса ма, әлде аспай ма, ол уақыттың еншісінде.
Ауданды дамытқанымыз – өзімізді дамыт­қанымыз. Себебі, ауданымыз жақсы, жайлы болса, біздің де күнделікті өміріміз көтеріңкі көңіл-күйде өтеді. Сондықтан жергілікті атқарушы органның аудандағы жасыл желекті аумақтарды арттыруға күш салып жатқанын құптарлық іс деп санау қажет. Бұл іске әрбір тұрғын атсалысып, қолдан келген үлесін қосса, қолға алған жұмысымыз нәтижелі болмақ. Өз кезегінде әкімдік «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде қоғам мүшелерінің пікірін ескеріп, ашық ой бөлісіп отырса, жоспарлау жүйесінде жүйелі жұмыстар атқарылады деп сенемін.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
аудандық мәслихат депутаты
24 сәуір 2021 ж. 328 0