Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ораза ұстау ережелері: Имам ең маңызды сұрақтарға жауап берді

Ораза ұстау ережелері: Имам ең маңызды сұрақтарға жауап берді

Мұсылмандар үшін ерекше қасиетті саналатын Рамазан айы да келе жатыр. Карантин уақытында қалай ораза ұстау керек? Алғаш рет ораза ұстағалы жатқан адамдар нені ескеруі керек? Алматы қаласының Орталық мешіт наиб-имамы Ермек Көкірекбаевпен тілдесіп, қасиетті айда қандай іс қайырлы болады, не істеген абзал деген сауалдарға жауап алған Stan.kz сайты мынадай ақпараттарды ұсынады.

Еліміздің бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы қызыл аймақтағы тұрғындар тарауих намазына жиналмайтынын, ауызашар өткізуге болмайтынын ескертті. Ал бес уақыт намазды жамағатпен емес, жеке-жеке екі метр арақашықтық сақтап оқу керек. Ал балалар мен сырқаты бар жандар үйінде отырып оқыса да болады. Құлшылығын өтеп болған адам мешітте көп отырмауы керек.

Ауыз бекіткен кісілер ПТР сынамасын тапсырса, оразасы бұзылмайды. Вакцина салуға да шариғат бойынша рұқсат. Екпенің бірінші дозасын Рамазанға дейін алып, ауыз бекітіп жүргенде екінші дозасын алуыңыз керек болса ең алдымен дәрігердің кеңесіне жүгінуіңіз тиіс. Бас мүфтидің айтуынша, ауыз бекіткен адамның денсаулығы нашарлап кетпеуі керек, сондықтан дәрігер ауыз бекітуге болмайды десе, оразаны денсаулығыңыз түзелгенде ғана жалғастыру керек.

Ораза ұстаудың жалпы ережелері туралы Орталық мешіт наиб-имамы Ермек Көкірекбаев айтып берді.
Көпшіліктің көкейінде жүрген ең негізгі сұрақтарға жауап ұсынамыз:

"Намаз оқымайтын адамда ораза ұстаса болады. Осы оразадан кейін намаз оқып, сәждеге маңдайын қойып иманы артуы мүмкін. Намаз оқуға себепші ұстаған оразасы әсер етуі мүмкін. Ораза біздің тақуалығымызды арттырады. Осынау қасиетті айда есте сақтау керек кейбір ережелер мен тәртіптер бар:

- сілекей мен түкірігін жұтса;

- беттен сүйсе;

- кішкентай баласын жақсы көріп, иіскесе;

- әтір сепсе;

- душқа түссе ораза бұзылмайды.

Ерлі-зайыптылар кешке ауыз ашқаннан кейін жақындасуына рұқсат. Бірақ аузы берік кезде жыныстық қатынасқа түссе, үлкен күнә. 60 күндік кәфәрат өтейді.

Дәретсіз, ғұсылсыз ауыз бекітуге болады. Азанда ұйқыдан тұрғанда, ғұсыл дәреті жоқ болса, бірден аузын бекітіп алып, кейін тамақтан су өтіп кетпейтіндей болып душ қабылдаса болады.

Оразаның бірінші күні ниет етпегендер, екінші күнінен бастап ниет етіп ұстай берсе болады. Тек қарыз болған күндерін кейін өтейді.

Сәресінде оянып, ауыз бекітпей ұйықтап қалған кісі еш нәр татпастан, қайтадан оразасын ары қарай жалғастырса болады", - дейді Ермек Көкірекбаев.

— Қандай іс-әрекет оразаны бұзады?

- Біле тұра ішіп-жеу;

- темекі шегу, ащы су ішу, харамға бой алдыру;

- ерлі-зайыптылар біле тұра аузы берік кезде жақындасса;

- жаңбыр жауып тұрғанда ауыз ашып, жұту оразаны бұзады.

Одан кейін айта кететін бір жайт әйелдер қауымында ауыз бекіткенде етеккірі келсе ораза бұзылады. Бірақ толық тазарғаннан кейін қарыз болған күндерін өтеп беруі керек.

Сағыз шайнаса ораза бұзылады. Тісін мисуақпен жуғаны дұрыс, ал егер тіс пастасын қолданса, барынша мұқият болғаны абзал.

— Кімдерге ораза ұстамауға рұқсат?

— Сапарға шығып бара жатқан адамға, аяғы ауыр және емізулі аналарға, қатты сырқаты бар адамдарға ораза ұстамауға рұқсат етілген. Бірақ кейіннен сапардан оралған соң немесе баласы омыраудан ажыраған соң оразаға ниет етіп ұстаса болады. Ауырып қалған сырқаттар жазылған соң, ауыз бекітсе абзал. Кәрілік келген кісілер денсаулығына байланысты ораза ұстамай-ақ қойса рұқсат етілген. Бірақ ол кісілер жағдайы жетсе, фидия берсе, яғни, бір міскінді сәресі мен ауыз ашар тамағының құнын төлеп берсе болады. Биыл ҚМДБ Пәтуа бөлімі бекіткендей әр күнге 2500 теңгеге түсті. Демек, отыз күнге бір міскінді тамақтандыруға 75000 теңге беруі керек. Сонда мойнындағы ораза парызы өтеледі.

Рамазан айынан кейін келетін Шәуәл айының алты күнінде ауыз бекітсе, бір жылдық ораза ұстағанмен тең сауапқа ие болады.

— Ораза кезінде той тойлап, туған күн атап өтсе болады ма?

— Халқымыз ораза кезінде той тойлауға аса құмар емес. Барлығы оразадан кейін деп қалдырып жатады. Бірақ біздің ауызашар дастарханымыздың өзі үлкен қуаныш, той. Ауыз ашқаннан кейін көңілді отырып, үйдегі ағайын-туғанмен бас қосып көңіл көтерсе болады. Бірақ карантиндік жағдайларға байланысты көп жиналмаңдар деп ескертіп жатыр. Сондықтан елден коронавирус кетіп, жақсы заманға оралғанша сақтық шараларына бойсұнғанымыз абзал.
12 сәуір 2021 ж. 2 798 0