Тілсіз жау тығырыққа тіремесін
Ел аумағында ақпан-наурыз айында тұрғын үйден өрт шығу оқиғасы жиілеп кеткен болатын. Апат салдарынан адам шығыны орын алып, бірнеше отбасы зардап шекті. Тілсіз жаудың құрсауында қалған және газдан уланған отбасылардың қара жамылғаны көпшілікті алаңдатқаны мәлім. Төтеннен келген апатқа тосқауыл болу үшін сала мамандары міндетті ережені бекіткен. Ендеше, төтенше жағдайдың алдын алуға байланысты маңызды мәселелерді саралап көрмекпіз.
Былтыр төрт өрт оқиғасы тіркелген
– Алло, өрт сөндіру бөлімі. Сізді тыңдап тұрмын.
– Айналайын! Үйімнен өрт шығып, түтін будақтап жатыр.
Деміккен қалыппен әрең сөйлеген қарт ана үйінің мекен-жайын айтып үлгірді. Тұтқаның әр жағынан даурығып сөйлеген көршілер әбігерге түсуде. Радиобайланысшы заматында өрт оқиғасы жайында әріптестеріне хабар жеткізді.
Сағат тілі сырғуда. Соңғы 1 минут ішінде өрт сөндіру мекемесінен арнайы кезекшілік топ өрт болған жерге аттанды. Уақытында жеткен өрт сөндірушілер өрт шарпыған аумақты сөндіру үшін іске кірісіп кеткен. Ең алдымен, олар асхана ішіндегі газ баллонын сыртқа шығарды. Кейіннен жедел-жәрдем мамандарына түтіннен уланған ана мен баланы жеткізді. Адам өміріне араша түскен фельдшер зардап шеккен отбасы мүшелерін ауруханаға алып кетті.
Өрт сөндіруге жұмырылған АЦ-8-40 Камаз автокөлігіне 8 тонна су кетеді екен. Секундына 40 литр су беретін автокөлік қызыл жалынды ауыздықтауда. Осылайша 10 минут ішінде тұрғын-үй өрті сөндіріліп, төтенше жағдай қызметкерлері газ ақауларынан пеш жағу кезінде кететін ақаудан немесе тоқ көзінің қысқа тұйықталуынан деген жорамал жасады. Басты олқылықты анықтау мақсатында бірнеше сараптама жүргізу керектігі тағы бар. Ал қауіп-қатердің ықтималдылығын таразылаған сала мамандары тұрғындарды қауіпсіз жерге көшірді.
Міне, осындай өрт оқиғаларымен кез келген уақытта әрбір маман бетпе-бет келеді. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Нұрбол Бақтияр аудан көлемінде газ қондырғыларының ақауынан туындаған өрт оқиғаларына байланысты мынадай мәлімет келтірді.
– 2020 жылы аудан бойынша 4 өрт оқиғасы газ қондырғыларын пайдаланудағы ереже талаптарын сақтамауынан болды. Бөлім қызметкерлері тұрғын үй секторларында өрттің және басқа да төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында 7624 тұрғын үй аралады. Осы жұмыс барысында 33542 адамға нұсқау жүргізілсе, биылғы жылдың 3 айында барлығы 3802 үй араланып, 14011 адамға үгіт-насихат жұмысы жүргізілді, – дейді бөлім бастығы.
Негізінен №12 өрт сөндіру бөліміне қарасты АЦ-6-40 Урал 6 тонна, АЦ-8-40 Камаз 8 тонна, АЦ-5-40 Камаз 5 тонна, АЦ-3,2-40 ЗИЛ 3 тонна 200 литр құрайтын 4 автокөлік бар. Өрт апатының аумағына байланысты бір мезетте жану қауіптілігін ескеріп, 1 немесе 2 автокөлік жұмылдырылады. Бүгінде №12 өрт сөндіру бөлімінде штат бойынша 36 қызметкер бар. Қазіргі таңда 34 қызметкер, 1 штаттан тыс радиобайланысшы жұмыс атқаруда.
Төтеншеліктер түсіндіреді, ескертеді, талап етеді
Қырық мыңға жуық аудан халқы өрт қауіпсіздігіне байланысты профилактикалық іс-шараларға мән бергені абзал. Шын мәнінде, төтенше жағдай орын алған тұста абдырап қалмаудың бірден-бір амалы – мамандардың қызметіне жүгінген дұрыс. Бұл ретте, төтеншеліктер тұрғындар үшін газдан келетін қауіп-қатер жөнінде түсіндіріп өтті. Газдың иісі шыққан кезде тұншықтырғыш улануға алып келеді. Ең қорқыныштысы жарылыс болуы ықтималдығында. Газды пайдаланудың ереже-талаптары мынадай:
Біріншіден, тұрмыстық баллондарды толтыруға арналған арнайы пункттерде ғана баллондарды құюды жүзеге асыру, екіншіден, баллонды ауыстырар алдында жаңа немесе пайдаланылған баллондардың крандары жабық екеніне көз жеткізіңіз, ауыстырылғаннан кейін герметикалығын тексеріңіз (сабын ерітіндісін жағу арқылы), үшіншіденбаллонды газ плитасымен қосу үшін арнайы (кездейсоқ емес) иілгіш резеңке шлангты қауіпсіздік қысқыштары арқылы бекітілген ұзындығы 1 метрден кем емес пайдаланыңыз. Оның созылуына немесе қысылуына жол бермеңіз, төртіншіден газ құралдарын қосу кезінде ретін сақтаңыз алдымен сіріңкені жағып, содан кейін газ беруді ашыңыз, бесіншіден тексерілмеген баллонды пайдалануға болмайды. Ал газдың шығып кетуін болдырмау үшін тамақ дайындау барысында қайнаған сұйықтықтарды отқа төгілмеуін қадағалаңыз. Газ плитасының жанарғыларын үнемі тазалап тұрыңыз. Жұмыс аяқталғаннан кейін баллонның кранын жабуды ұмытпаңыз. Үй-жайда газдың иісі пайда болған кезде газ беру кранын жабу, үй-жайды желдету үшін терезелер мен есіктерді дереу ашу, ашық отты пайдаланбау, электр және электр құралдарын қоспау, телефон сымын розеткадан шығару керек.
Көпшілік отбасының төмендегідей әрекетіне қатаң тыйым салынады. Өз бетінше үйді газдандыруға, орнын ауыстыруға, кез келген газ жабдығын жөндеуге, тиісті қызметтердің рұқсатынсыз, жабдықтың орналасқан жерін өзгертуге болмайды. Үй-жайды қайта жоспарлауды жүргізу, жабдық жарамсыз болған жағдайда газды пайдалануға, газ құралдарын қараусыз қалдыруға немесе оларды балалармен пайдалануға рұқсат етілмейді. Сонымен бірге үй-жайларды жылыту үшін газ плиталарын пайдалануға, газ плитасы орнатылған бөлмеге ұйықтауға қатаң тыйым салынады.
Бірнеше жыл бұрын аудандағы «Тұран-газ» мекемесінде қызмет еткен кент тұрғыны Таңатар Сүлейменов газ баллондары мен плиталарынан келетін қауіптің жоғары екенін ескертеді.
– Газ тарату мекемесінде 10 жылға жуық қызмет еттім. Бүгінде газдан улану немесе тұрғын үйден өрт шығу бойынша қайғылы жағдайлар орын алуда. Көп қабатты тұрғын үйлер мен үй-жайларда орналасқан газ плиталары талапқа сай орнатылмайды. Жылдар бойы жинаған өз тәжірибемнен білемін. Тереңөзек кентінің басым бөлігінде тұрғындар ережені орындауға құлықсыз келеді. Қауіптің алдын алу үшін жылына екі рет газ плиталарын тазалап отырғаны дұрыс. Сонымен бірге газ баллондарының ақауына мән беруі тиіс. Бізге білене қоймайтын көгілдір отынның иісінен адамның улануы ықтимал. Сондықтан газ баллондарын жаңалап, ішінде жиналған қоқымнан арылтып, газ плитаға жалғанған арнайы құрылғыны мықтап бекіткен қауіпсіз болады, – дейді газ маманы.
Күйік шалғанда көрсетілетін көмек
Тілсіз жаумен бетпе-бет келген адамның жан ұшыра жасаған әрекеті шарасыздықтан туады. Меншікті үйін сақтап қалу үшін қызыл жалынға қарсы тұрады. Басын қатерге тіккен талай адам тосыннан келген апатқа қарсы тұра алмай арамыздан ғайып болды. Одан бөлек, өртенген үйдің ортасында қалған ана мен бала өмірімен қоштасты. Тірі қалғаны күйік шалып немесе түтін мен газдан уланып, ақ халатты абзал жандардан өміріне араша сұрады. Сондықтан өртенген үй ортасында қалып қойған адамға қандай медициналық көмек көрсетілетіні жөнінде дәрігер-хирург Нұрсұлтан Құлтаевтан сұрап білген едік.
Хирург маманның айтуынша, медицинада күйік шалудың үш түрі болады екен. Адамның терісі от жалын арқылы күйікке шалдығады. Сосын, химиялық күйік пен электр күйігін атауға негіз бар. Ең алдымен, адам ағзасына залал келтіріп жатқан өртті неқұрлым жедел түрде тоқтату керек. Өртке шалдыққан адамды жедел-жәрдем келгенше 10 минут салқын суда ұстағаны абзал. Одан кейін ауырсынуды басатын дәрі-дәрмекті қолдану арқылы күйік шалған адамға көмектесе аламыз. Және асептикалық таза дәкемен күйік шалған денені жауып қою керек. Ең бастысы, науқасты ауруханаға жеткізем дегенше, күйік шогына апармау керек.
– Негізінен, күйіктің 4 дәрежесін айта кетсем деймін. Бірінші дәрежедегі күйік шалуда адам денесі қызарып, терісі күйеді. Анық тізбелері кездеседі. Терінің сыртқы қабаты зақымданбайды. Күйіктің екінші дәрежесінде теріде майда бөртпе көбейеді. Бөртпе ішінде 2 және 4 күн бойы сақталатын сұйықтық пайда болады. Сыртқы терінің қабаты күйген кезде 7-14 күн ішінде жазылады. Ал үшінші дәреже А және Б санаты бойынша екіге бөлінеді. А санатында күйік шалғанда адам ағзасына еніп, қанмен араласу байқалады. Бұл ретте, от жалыны терінің меншік қабатын зақымдайды. Б санатында терінің барлық қабаты зақымдануға әкеледі. Аталған санатта құрғақ және ылғалды некроз белгілері білінеді. Үшінші дәрежеде науқас ұзақ уақытқа дейін емделеді. Төртінші дәрежелі күйік шалуда терімен бірге, адамның бұлшық еті, сіңірі, сүйегі зақымданып, жағдайы ауыр хәлде болады, – дейді дәрігер-хирург.
Мәселен, адам денесінің күйік шалуын медицина мамандары пайыздық көрсеткішпен анықтайды. Бас 10 пайыз, кеуде 18 пайыз, арқа 18 пайыз, қол 9 пайыз, алақан 1 пайыз, екі аяқ 18 пайызды қамтиды. Сонымен бірге ересек адамның денесіндегі күйікті алақан өлшемімен де қауіптілігін таразылайды. Осылайша, дәрігер жоғарыда маңызды медициналық тұжырымдарды негізге алып, өрттен зардап шеккен азаматарды аман алып қалады. Ең бастысы, оқиға орнында күйік шалған азаматқа алғашқы көмек дұрыс жасалуы тиіс.
Балаларды қараусыз қалдырмау керек
Ересек адамдармен қатар, өрт оқиғалары салдарынан балалар да көбіне зардап шегеді. Оларда психологиялық тұрғыдан қорқыныш сезімі басым болады. Мінез-құлқында өзгерістер анықтала бастайды. Мұндай қиын кезеңде баланы психолог маманға көрсеткен дұрыс. Өз кезегінде осы уақытта өрт оқиғасына тап болған балалармен тікелей байланысып, жұмыс жасап жатқан ҚР психологиялық ассоциясының мүшесі, Бітім медиация орталығының кеңесшісі, тренер-психолог маман Назира Аймаханованың ақыл-кеңесіне жүгіндік.
– Жалпы алғанда тұрғындар төтеннен келетін өртке дайын болмайды. Кейде өрттің шығуын да сезбей қалады. Аяқ асты орын алатын апатты оқиғаларды алдын алуға сауаттылығымыз төмен. Өзінің әлі келе бермейтін істерге жекелеген адамдарды көмекке шақыру маңызды. Кішкентай балалардың техникалық құрылғыларды пайдалануында олқылық көптеп кездеседі. Соның салдарынан өрт оқиғасы жиілейді. Балаларға ата-аналардың өртке апаратын қауіптерден қорғау жолдары егжей-тегжей түсіндірілмей жатады. Еліміз бойынша газдан улану немесе өрт оқиғаларынан адам шығыны орын алғаны бәрімізді қынжылтады. Өрт кезінде немесе газдан улану жағдайында балалар ең алдымен өздерін қорғауды ойлайды. Оларда эмоциялық тұрғыдан қорқыныш туындағанда миы мен ойлау жүйесі жұмыс жасамай қалады. Қызыл жалынның ортасында қалған бала үйдегі жатын төсек орнының астына, шкафтарға тығылып қалады да көп жағдайда көмірқышқыл газға уланып, отқа төтеп бере ала алмай қалады.
Психолог маман ретінде дәл қазіргі уақытта өрттен зардап шеккен балалармен үздіксіз жұмыс жасап келемін. Газ мәселесі бойынша қиындыққа тап болған балаларды ойламастан, өртке қатысы бар кінәліні іздеумен көп уақытты жоғалтып аламыз. Бұл уақыт аралығында балалар психологиялық тұрғыдан зардап шегеді. Ең алдымен, балаларға көңіл бөліп, олардың қорқынышын бәсеңдетуіміз керек. Кішкене бүлдіршінмен сөйлесе келе, жан-жақты мінез-құлқына әсер еткен оқиғаларды анықтап, ұзақ емдеу курстары арқылы балаларды қалыпты өмірге қайтаруға болады, – дейді Назира Кенжебекқызы.
Біздер психолог маманнан балаларды үйге жалғыз тастап кетудің себеп-салдары бойынша пікірін білген болатынбыз.
– Балаларды үйге жалғыз тастап кетуге ата-аналар мәжбүр болып қалады. Мұндай жағдайда әлеуметтік мәселе тікелей әсер етеді. Екі-үш баласын құлыптап кеткен кезде ересегі бауырларына қарайды деген үміт басым екені анық. Үміт жетегінде жүріп, ата-ана күні бойы жұмыстан бас алмайтын кездері көп. Ал балалары сан алуан жағдайға ұшырап жатады. Сондықтан мүмкіндігінше, балаларды қараусыз қалдырмаған дұрыс, – дейді психолог маман.
Жұмысшы топ құрылды
Жақында аудан әкімі Талғат Дүйсебаевтың №53 өкіміне сәйкес, Сырдария ауданы бойынша тұрмыстық газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану талаптарын сақтау және оқыс оқиғаларды алдын алу бойынша жұмысшы топ құрылған болатын. Бір апта бойы жұмысшы топ аудан көлемінде кәсіпкерлік нысандары мен тұрғын үйлерді аралады. Құрамында аудан әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімі, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, «Қызылорда газдандыру жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Тереңөзек кенті учаскесінің мамандары бар жұмысшы топ барлық жағдайда газды пайдалану ережесін тұрғындарға түсіндірді.
Тереңөзек кенті бойынша 10-ға жуық тамақтану орындары тұрғындарға қызмет көрсетеді. Аталған тамақтану орындарының асханасында газды пайдалану ережесі көрсетілді. Адам өміріне жауапкершілікпен қарау ескертілді. Сонымен бірге газ баллондарын сақтаудағы олқылықтарды алдын алуға мамандар кәсіпкерлерді шақырды.
– Арнайы жұмысшы топтың міндеті зор. Тұрғындардың немқұрайлық танытуына жол бермеуіміз керек. Олқылықтың артында адам өмірі тұр. Газ баллондарын пайдалануда мұқият ескеретін жәйттерді сала мамандары күн сайын түсіндіруге дайын. Рейд жұмысын жандандыра бермекпіз, – дейді аудан әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің басшысы Қайрат Қуандықов.
Өз кезегінде аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ержан Бахтияров тұрғын-үйлердің жер төлесінде кездесетін олқылықтарды атады. Мәселен, көп қабатты тұрғын үйлерде жергілікті азаматтар газ баллондарын сақтап, отын мен көмірге толтырып қояды. Оқыс оқиға орын алған кезде мұның барлығы өрттің шарпыуына әкеп соқтырады. Бөлім басшысының сөзін растаған төтенше жағдайлар бөлімінің маманы Рүстем Беркінбаев жанғыш заттарды сақтау бойынша жыл бойы жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. «Қызылорда газдандыру жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Тереңөзек кенті учаскесінің басшысы Бекнұр Ысқақов көгілдір отынды үйге кіргізудің тиімді жолдарын атап көрсетті.
Р.S. Апат айтып келмейді. Айналдырған екі ай ішінде қаншама отбасы жақынынан айырылды. Баспанасынан қағылды. Бұның барлығы қарапайым тұрмыста біз ескере бермейтін олқылықтар нәтижесі. Сондықтан тілсіз жаудан сақтануды күшейтіп, мамандар кеңесіне жүгінейік.
Балтабай ОРДАБЕКОВ