Сырдың көркі – сыр талы
«Ағаш көркі – жапырақ, адам көркі – шүберек» дейді халық даналығы. Тіршілік иесі саналатын ағаштың қадір-қасиеті адамның күнкөрісімен байланысты. ұлтымыздың сенімінде әулие адамның аяғы тиген жерде өскен ағашты киелі санаған. Ағашты «әулие ағаш» деп санап, оны кеспеген, зақым келтірмеген, көлеңкесіне жатып ұйықтамаған. Ал шөл далада бұтақтары кең етек жайған ағаштың түбіне керісінше түнеген, бұтағына шүберек байлап, тілеу тілеген. Әулие жатқан жер деп құрбандық шалған.
Дәстүрімізде жас шыбықты жұлмайды, ағаш бүрін үзбейді. Себебі көк шыбық, жас өскін жаңа тіршіліктің бастамасы, қайнар көзі деп білген. «Көкті жұлсаң, көктей соласың» деп сенген.
«Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген мақалдың астарында да өмір-тірліктің жалғасы малда емес, жасыл ағашта деп ырымдаған.
Сыр еліне тән ағаш-талдың арасында Сыр талы ерекше қасиетке ие. Аты айтып тұрғандай Сыр ағашы дарияның жағасында өседі. Оның өзге өңірлердегі ағаштарға қарағандағы айырмашылығы төзімділігінде, тығыздылығы мен иілгіштігінде.
Аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің директоры Әлібек Рахыжанов орман шаруашылығында он жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі маман. Оның айтуынша Сыр талын арнайы саябаққа егу ауданда бірнеше жылдан бері жүзеге асып келеді. Ағашты терек, үйеңкі, жеміс ағаштарымен қоса ауданға қарасты №9 аялдамадағы саябаққа 2008 жылдан егілуде.
– Сыр талын қаламша арқылы өсіреміз. Қаламша бір жылда адам бойындай болып өседі. Келесі көктемде немесе күзде отырғызылған көшет дайын болады. Қаламшаларды ауданнан сұраныс берген мекемелерге таратамыз. Жақында кент әкімдігіне кентті көркейту-көгалдандыру мақсатында 500 қаламша бердік. Жалпы Сыр талы өте төзімді болғандықтан, оның өсімі де жылдам, әрі ауа-райына қолайлы. Саялы ағаш жазда көлеңке болады, – дейді Ә.Рахымжанұлы.
Сыр ағашы тұрмыста және шаруашылықта кеңінен пайдаланылады. Әсіресе, қол өнер шеберлері түрлі кәде-сый дайындайды. Өсіп жетілген ағашты бірнеше сатыдан тұратын дайындықтан өткізіп, мықты ағаш бұйымдарын, ыдыс-аяқтар жасайды.
Сыр талының бірнеше түрі бар. Соның бірі «жылауық» деп аталады. Талды осылайша атауға оның жапырақтарынан судың тамшылап тұруы себеп болған. Дарияға жақын өсетін өсімдіктің тамыры үнемі суда тұратындықтан, тамыры көп мөлшерде су ішеді де артық ылғалды жапырақтары арқылы шығарады, яғни «жылайды». Осыдан оның атауы да «жылауық тал» делінген. Тағы бір түрі – иілгіш тал. Бұтақтары төмен қарай иіліп тұратын талдың осы түрі біздің ауданның бірқатар елді мекендерінде кездеседі. Айналасына ерекше көрініс беріп тұратын ағаштардың биіктігіне көз сүйсінеді.
Сыр елінің көркіне айналған Сыр талы көшенің көркі, әрі саялы ағашына айналды.
Бибісара ЖАНӘЛІ