Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Халықаралық байқауда бақ сынайды

Халықаралық байқауда бақ сынайды

Ауданымызда өнерлі жастардың көп екендігі қашанда көз қуантып, көңіл жадыратады. Талай додада топ жарып, алдыңғы қатардан көрініп жүрген шіркейілілік жас­өспірімдер өздерінің өнерлі екендігін тағы бір дәлелдегендей.

Қалтай Мұхамеджанов атындағы ауыл­дық мәдениет үйі жанындағы үйірме мүшелері «Бақытты елдің ұрпағы» қоғам­дық қорының ұйымдастыруымен 18-20 ақпан аралығында қашықтан өткен «Дала сазы» атты республикалық байқауға қа­тысты. Байқауда ән үйірмесінің мүшесі Аймереке Құдайберген «Вокал номинация­­сы» бойынша бақ сынап,  10 облыстан қа­тысқан бәсекелестер арасында топ жарып, бас жүлдені қанжығасына байлады.

Жас әнші А.Құдайберген 2019 жылдан бастап мәдениет үйі жанындағы Ақзираш Сүлейменова жетекшілік ететін ән үйірмесінің тұрақты мү­шесі. Аталған бай­қауға жас маман Жансая Нысанбаева же­тек­шілік ететін «Шат­тық» би тобы да қатысып, жүлделі І орынды иеленді. Құрамында 12 өнерпазы бар би үйірмесінің кіші тобының бұл – алғашқы жеңісі. Жеңімпаздар арнайы дипломмен бірге «Бақытты елдің ұрпағы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен 2021 жылдың мамыр айында өтетін  «Біз бақытты баламыз» атты халықаралық байқауға жолдама алды. Жасөспірімдер бұл байқауда да жүлделі орын алып, Сыр өңірінің беделін асқақтатады деп сенеміз.

Жұлдызай АНШАЕВА
10 наурыз 2021 ж. 456 0