Абай айтқан ақиқат
Ақиқат – адам санасында тура жолды бейнелейтін таным. Адам баласы табиғи болмысында ақиқатты аңсайды, армандайды, шындықтың шыңы деп іздейді, бірақ оны таба алмайды. Өйткені, ол өмірде біреу ғана, ол да болса тұңғиық тереңде жатады. «Ақиқаттың бөлінбейтіні сияқты, бір түптен шыққан гүл де екі түрлі болмайды» (Бедил). Дүниеде екі ақиқат жоқ, адам баласынының ақиқатқа жету жолында көп қателікке баруы да содан. Мұндай жағдайда өзара іштей де, сырттай да қақтығыстар болуы табиғи құбылыс. Ол жолда елім деп еңіреген талай қайраткер мұрттай ұшты.
Абайдың:
Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған (І, 178) – дейтіні де содан шығар.
Әр қоғамның өзінің ақиқаты болады және оның іздеушісін де өмірдің өзі «…елден бөлек» (І, 97) туғызады. ХХ ғасырдың басында өмір сүрген заманы бір түйдей құрдас Мағжан Жұмабаев пен Сәкен Сейфуллин бірге жүріп ақиқаттың ақ жолын екеуі де іздеді. Күн көсем деп – Ленинді, бастаушымыз деп – партияны (латын тілінен алынған, бөліну) коммунистердің (латын тілінен алынған, жалпы) алғы шебі деп – большевикті, жаңаның жаршысы деп – қызылды жырлаған Сәкен мен олардың бірде-бірін жырламаған, керісінше:
Ұзын Орал – күн мен түн шекарасы,
Бір жағы – күн, бір жағы – түн баласы.
Арғы жағы – көк көзді жын ұясы,
Бергі жағы – Түріктің сар даласы. («Орал») – деген, Мағжанды, екеуін де, бір-ақ күнде атып тастады. «Сіз атылуға бұйырылдыңыз» дегенде, Сәкен: «Басқа, басқа, мен мұны Совет үкіметінен күткен жоқ едім» деген екен. Сонда ақиқат қайда? Ол кім жағында?
«Жалпы «хақиқат» деген көптің айтқанын ғана қостаушы болмаса керек. Қайта сол көптің адасқанын ашып, тыңға бастайтын болса керек» (Әуезов.М. Абай жолы: Роман-эпопея. Үшінші кітап. – Алматы: «Жазушы» 2002. – 384 бет. 24-бет). Адам баласын алдаусырататын Кеңес қоғамның түпкі қара ниеті айқындалды. «Шындық бар, бірақ ол кешігіп келеді» (Шерхан Мұртаза) кешігіп жүрсе де ақиқатына келді.
Тәуелсіздікке 25 жыл болса да, өз жерінде «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» (Қазақстан Республикасы Конституциясы (латын тілінен алынған, құрылым) І-бөлім, 7-бап) деп Ата Заңда жазылғанмен, орындалмауы біздің қоғамның ақиқатты белінен теуіп тұрғанын байқау қиын емес. Бүгінгіні ұлы ақын өз дәуірінде-ақ көріп тұрғандай: «Олар сендім десе де, анық ақиқат көзі жетіп, ден қойып, ұйып сенбейді» (ІІ, 190) деген.
Бүгінде қала іргесінде жер телімі бір миллион (француз тілінен алынған, мың-мың) теңге, қала ішінде он миллион теңгеге сатылады. Алланың берген несібесін бабаларымыз жан-жақтағы көк шыбын мен қара шыбыннан қорғап бізге сыйлады сыйлыққа берілген бұйымтай сатылмайды деген басыбайлы ережені ескерсек, «Ата-бабамыздан мол тіл, кең байтақ жер қалған» (Ахмет Байтұрсынұлы) деп мақтануға ғана жаратылғандаймыз. Шындық көп, ақиқат жалғыз дейтін қағиданы ұстансақ, бұл жолда: «Олар хақ-шын жолдың орнына адасуды сатып алғандар» (Бақара сүресі (2) 16-аят) деп қасиетті Құранда бұл ісіміз теріс екенін айтса да ескермейміз.
Ақиқат – араб тіліндегі «Һақ» сөзінен алынып, «шын», «әділ», «дұрыс», «рас», «тура» деген ұғымды білдіреді. Қазіргі қолданып жүрген «әкім» деген сөз, арабтың «һоқ», көпше түрінде «һоқим» («шен» «басқарма») сөзінен шыққан. Ол ел басқарушы, халықтың тынысын дәл табушы деген мағынаны білдіреді. Осыған ұқсас арабтан келген сөз – «һакем», «һаким». Бұл сөз «ғұлама», «ойшыл», «дана» дегенге тура келеді. Мағжан ақынның «Алтын хакім Абайға» атты өлеңінде:
Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес.
Қарадан хакім болған сендей жанның,
Әлемнің құлағынан әні кетпес, –
деп, соңғы нұсқадағы һакимді айтып отыр. Абайдың өзі: «Әрбір ғалым – емес, әрбір хаким – ғалым» (ІІ, 205) (38-қара сөз) деп, нақтылап өтеді.
Адам Жаратушы Хақ тағала (Алла тағала) шынайы сенім ұғымы ретінде қасиетті Құранда: «Ол Алла Жалғыз, яғни оның ешқандай серігі жоқ. Ол – Жалғыз» (Ықылас сүресі (112) 1-аят) – жеке қарастырылады. «Себебі, Алла тағала өзі – хақиқат жол» (ІІ, 195) исламдағы 7 жол; Алланың жалғыздығына, періштелерге, қасиетті кітаптарға, пайғамбарларға, ақыреттің барлығына, тағдырдың құдіретіне және адам өлгеннен соң қайта тірілуіне сену, бұлар «Раббылардың жағынан келген ақиқат» (Кәһф сүресі (18) 29-аят) болып саналады.
Адамзаттың ең құрметті асыл сөзін Абай өз шығармашылығында «Ақиқат», «Хақ» және «Хақиқат» деп үш түрлі қолданған. Солардың ішінде «Хақ» сөзіне көп басымдылық береді, өйткені, Алла тағаланың орнына «Хақ тағала» деп қолданылады. Жаратушы Алланың 99 көркем есімдерінің бірі шындық иесі – «Әл-Хақ». Хақ – шындық болса, шындықтың шыңы – Алла деп қарастырған. Адамзат хақтың бір бөлшегі ретінде рухани пәктігін сақтап хақпен бірігіп ақиқат мәнін түсіне алады. Хақ мәніне Абайдың айтатын:
Өмір жолы – тар соқпақ, бір иген жақ,
Иілтіп, екі басын ұстаған хақ. (І, 177) («Лай суға май бітпес қой өткенге»). Ақиқатқа бірден және тұтасымен қол жеткізу мүмкін емес, бір түйін туралы екі болжам болса оның біреуі ғана ақиқат «Алла Тағаладан тыс ешбір дос, не қолдаушы жоқ екенін» (Бақара сүресі (2) 107-аят) оның күрделі үдеріс екендігін сезіп түсінуге адамдар бірте-бірте жақындады.
Ақиқатқа баратын жол қасиетті кітапта да «құранда сөгілген» (ІІ, 206) деген ұлы Абайды тыңдасақ; «Растың бір аты – хақ, хақтың бір аты – Алла» (ІІ, 206) екен, демек ақиқат – адам санасына тәуелсіз болуы. Екінші; адамның дүниеге келуі күмәнсіз. Үшінші; мәңгілік, адам баласының бақилық болуы. Төртінші; салыстырмалы түрде анықталатын өлшем. Яғни, алғашқы пайда болған танымнан гөрі, дәуіріне қарай жаңа таным салыстырмалы түрде ақиқатқа біртабан жақын тұрады. Бесінші; философиядағы жаңа мен ескінің арасындағы заңдылықты «Көңілде өзге махаббат тұрғанда хақлықты таппайды. Адамның білімі хақиқатқа, растыққа құмар болып,…» (ІІ, 195) (38-қара сөз) «инемен құдық қазғандай» білім-ғылымды тынбай іздесе ақиқаттың босағасын аттайтындығы ескерілген.
Шариғат та, Тариғат та, Ақиқат та, Мағрипатсыз (ғылым-білім) ешнәрсеге аспайды екен. Шындыққа апаратын бірден бір жол ғылым болып табылады. «Ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек» (ІІ, 187). Алғаш шариғаттың барлық талаптарын мұқият орындап, екінші басқыш тариғатқа көтеріліп өздері пір тұтқан ұстазына қол береді. Осы сенімге ие болғандар, үшінші басқыш Мағрифатқа көтеріледі, мұнда сопылық сенім кеңістігін оймен емес жүрекпен сезіну керектігін «…сырттан ішке барған әр нәрсенің суреті жүректің айнасына анық рәушан болып түседі» (ІІ, 217) – деген Абай Ақиқатқа табан тірейді. Ақиқатқа жету сопылық ілімінде пенделіктен өтіп Аллаға жақындау болып табылады. Сондақтан да Абай:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы деп әділетті (І, 244) – деп, Алланы, адамзатты, ақиқатты тізе келіп, «Осы үш сүю болады имани гүл,» (І, 245) деп, Алланы, адамзатты, хақты сүю адам атына сай болу тетігін ғылыми жолмен ұсынады.
Ақиқат санадан тыс белгілі деңгейде жағдайға қарай табиғи болмыс жекеден жалпыға, ескіден жаңаға қарай дамып өзгеріп отырады. Ес білмес ескі заманда тіршілік болмысын қасиетті кітап «Авестада» Заратуштік сенім заңдылыққа айналып уақыт өте келе мифологияға (грек тілінен алынған, аңыз) айналды. Бертін келе Құран кәрімдегі «Әмәнтү биллаһи кәмаһуә би әсмайһи уасифатиһи» («Аллаға, оның есімдері мен сипаттарына иман келтіремін») (ІІ, 196) (38-қара сөз) Абайдың пайдаланған осы сөзін Мұхтар Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясында кейіпкерлерінің «ақиқат бар ма, жоқ па?» деген бақас барысында келтірген (Үшінші кітап – Алматы: «Жазушы» 2002. – 384 бет. 30-бет). Әрбір ғылыми таным өзінен алдыңғы танымға қарағанда жаңа айқын болатынын білгенімізде өзге құбылыспен салыстырмалы түрде әркім «…өз қиялы жеткен жерді ақиқат санайды» (Олжас Сүлейменов) да, оның шынайылығын мойындап, сонан соң ғана ақиқат біліктілігіміздің көрінісі жүзеге шығады. Роман (француз тілінен алынған, шығарма)-эпопеядағы (грек тілінен алынған, жазу) Қодарды келіні Қамқамен бірге өлтірілуі шындық болса, қазақ ұлты үшін мәңгілік ақиқат.
Сейдалы Оразалиев,