Озат қыздардың ізбасары
Сырдария ауданы – ауыл шаруашылығы саласының майталмандарын дүниеге әкелген киелі топырақ. Оның ішінде ерге бергісіз мамандықты игерген нәзік жандылар да жетерлік. Атызда су кешіп, сыр салысын өсіруде озат шыққан батыр қыздардың ізбасары ретінде ақжармалық Қарашаш Қалменованың да есімін атауға болады.
Кейіпкеріміз Қарашаш Қалменова – ауданға қарасты Шаған ауылының тумасы. Ол осы ауылдағы 10 жылдық мектепті тәмамдаған соң, кеңшарда күрішші болып жұмыс жасауға кірісіпті. Еңбекке ерте араласқан күрішші қыз өмір заңдылығымен Ақжарма ауылына тұрмысқа шығады. Күндіз түні атқарған тынымсыз еңбегі, төгілген маңдай тері өз жемісін бере бастайды. Ақжарма елді мекенінде де осы салада еңбек еткен Қарашаш Әбенқызы 1978 жылы Сыр салысының әрбір гектарынан 77 центнерден өнім алады. Ерлермен қатар иық тіресіп еңбек етіп жүрген аруға жары Бейсенғазы Махамбетәліұлы білім алуға мүмкіндік жасайды. Осылайша, есепші мамандығын игеріп, қызметі есеп-қисап саласына ауысады. 1990 жылы жарынан кенеттен айырылып қалған ана қиындыққа мойымай, балаларына бас-көз болып, отбасының түтінін түтетуге күш салады. Еңбегі адал жан 1981 жылдан бастап бас есепшінің орынбасары болып еңбек етіп келеді. Ол 1989 жылы шаруашылықтың сол кездегі директоры Бақыт Мыхановтың қолынан «Тұрғын үй – 1991» бағдарламасы аясында пәтер кілтін иеленген.
– Отағасынан ерте айырылып, қанатым ерте қатайды. Өмірге әкелген 4 баламды өсіріп, жетілдіру үлкен мақсатым болды. Сол кезеңдегі шаруашылық директоры Бақыт мырза көп қолдау көрсетті. Жаңа үй беріп, шаруашылыққа өз еңбегімді сіңіруге мүмкіндік жасады. Бүгінде 4 баламнан тараған 18 немере мен 1 шөберенің аяулы әжесімін. Мереке қарсаңында барша ардақты аналарға көктемдей шуақты ғұмыр тілегім келеді, – деген Қарашаш Әбенқызы қазіргі шаруашылық басшысы, аудандық мәслихат депутаты Марат Бисеновке де өз ризашылығын білдірді.
Атап өту керек, күрішші болып еңбек жолын бастаған кейіпкеріміз аудан әкімінің, шаруашылық басшысының «Алғыс хатымен» марапатталған. Сондай-ақ «Сырдария ауданының 90 жылдығы» мерекелік медалінің иегері.
Майя ҚОЖАБАЙ