Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ​ Шығармашылықтың шыңына шыққан ақын

​ Шығармашылықтың шыңына шыққан ақын

Ақын, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Сақтапов Мұхтар Жаналханұлы мерейлі 85 жасқа толып отыр. Сатира сардары Асқар Тоқмағамбетовтің ақ батасымен өлең өлкесіне жолдама алып, қазір ауданның бас ақынына айналып отырған тұлғаның жүріп өткен жолы, қаламгерлік қызметі мен жүректерді тербеп, көңілдерді шаттыққа бөлеген өлең-жыры халықтың жадында. Ол – ауданның екінші әнұранына айналған, әрбір сырдариялық жатқа білетін жалынды жырлардың авторы. Бүгінде Сырдария ауданында Мұхтар Сақтапов десе өлең, өлең десе Мұхтар Сақтаповтың есімі қатар айтылады.

Ес білген шағымыздан бастап әдеби ортаға үйір болсақ, сол құштарлығымызды ақын Мұхтар Сақтаповтың бізге деген қамқорлығымен байланыстырамыз. Көңілі баладай, пейілі даладай ақынның құт қонып, бақ дарыған үйі – бәріміздің ортақ үйіміз еді. Ол үйден ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов, Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Әнұран мәтіні авторларының бірі Жадыра Дәрібаева, есімі ел аузында жүрген Асқар Кіребаев, ауданға белгілі азамат, кейіпкеріміздің тілімен айтсақ «депу­таттардың ақыны, ақындардың депутаты» Бағдат Есназар бастаған арқалы ақындар шықты. Сондықтан қай тарапта, қай талапта жүрсек те ақын­ның қарашаңырағы – сырдар­иялық ақын­дардың алтын ордасы ретінде баға­ланады. Бәріміз сол үйде өстік, жетілдік, шығарма­шылығымызды ұштадық және әлі де сол үйден табыламыз. Ақынның үйінің біз үшін табалдырығы – төр, ал төрі – тұғыр.

Бүгінде сексен бес жасқа жеткен ақынның әдебиетке келуіндегі бір ерекшелігі, оның бала күнгі достарының өлең-сөзге жақындығында десек қателес­пейміз. Бұл пікірімізді ақынның сыныптасы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлы қуаттай түседі.

– Біздің сыныптан үш ақын шықты. Мұхтардан бөлек сыныбызда Төлепберген Тобағабылов пен Ізхан Досмағанбетов есімді ақындар болды. Мұхаң ауданнан алыстамай, туған өлкені жырлаумен келеді. Ол туған елін шын сүйетін нағыз патриот азамат. Оның жырына еңбекші қауым, қарапайым мамандық иелері арқау болды. Ақынның шабытына дем берген өмірлік жары Несібеліге алғыс айтуымыз керек, – дейді Хайролла Әбенұлы.

Атап өтуіміз қажет, Мұхтар Сақтапов ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетовтің батасын алған. Жас қаламгердің тырнақалды туындыларынан болашағы зор екенін аңғарған сатира сардары сиясы кеппеген бірнеше өлеңіне алғы сөз жазып, облыстық газетте жариялануына ықпал еткен. Соның негізінде әдеби әлемге нық қадам басып, поэзия патшалығына енген Мұхтар Сақтаповтың жалынды жырлары республикалық газет-журналдарға жарияланған. Лирикалық жырларымен бірге сықақ өлеңдері де «Ара» журналында басылған. Шымкент, Кентау, Алматы қалаларында өткен аймақтық, облыстық, республикалық жас ақын-жазушылардың кеңес­теріне, жыр-мүшәйраларына, шығармалар бәй­ге­сіне қатысып, қаламы ұштала түскен. Ұзақ жылдар баспасөз саласында жұмыс жасаған ол қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқан. Аграрлы ауданның еңбеккерлері туралы очерк­тер мен арнау өлеңдер жазып, оны мерекелік жиындарда оқыған. Сөйтіп, жас­тайынан талғамы биік оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленген.

Ақынның шығармашылығына келер болсақ, ол қара қаламына туған жердің қадір-қасиетін, тұлғалар еңбегін және өз замандастарының болмыс-бітімін арқау еткен. Тіпті М.Сақтаповтан басқа Тереңөзек туралы өз ойын бір шумақ жырға сыйдыра білген ақын жоқ десек те болады.
Қараңызшы, ақын:
«Тереңөзек – терең жатқан жер төсі,
Тереңөзек – Сырдың сұлу еркесі.
Тереңөзек – ән мен жырдың Отаны,
Тереңөзек – таланттардың өлкесі», деп тебірене жазады. Бұл бір шумақ өлең бүгінде Тереңөзек кентінің әнұранына айналды. Ақынның жүректен шыққан, жүректерге жеткен жыры Тереңөзектің талайларға танылуына да себепші болған. Ал М.Сақтаповтың сезім, іңкәрлік, ғашықтық туралы жазған мөлдір өлеңдері бозбаланың жыры, бойжеткеннің сыры іспеттес. Оған «Алғашқы махаббат», «Қайтайық, қырға барып», «Сыр сұлуы», «Кеш білдім» секілді жұлдызды жырлары дәлел. М.Жаналханұлы сондай-ақ, бірнеше әнге мәтін жазған дарынды ақын. Оның «Туған жер», «Ағаларым», «Динара» секілді өлеңдері үлкен сахналарда шырқалып жүр. Ақын сөзін жазған өлеңдер бірнеше мәрте облыстық байқауларда жеңімпаз болып танылған. Ақынның сын-сықақтары да ерекше. «Мас шофердің монологі», «Мен Мұрынбаевпын», «Сабаз бен қағаз», «Бір топ қыздар қаша жөнелді» атты әзіл-қалжыңмен өрілген туындылары бар. Ақынның өлеңдері мен сын-сықақтары, әр жылдарда жазған очерктері мен жолжазбалары «Қайырлы таң, туған жер!» атты кітабында арнайы бөлімге топтастырылған.

Ақын М.Жаналханұлының өз заманын­дағы қарымды қаламгер, арқалы ақын, классик жазушылармен етене аралас­қандығы тағылымды тарих болып саналады. Саналы ғұмырында Мұхтар Сақтапов атақты Әбділда Тәжібаев, Асқар Тоқмағамбетов, Сырбай Мәуленов, Зейнолла Шүкіров, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әли, Нұрғиса Тілендиев, Қабдыкәрім Ыдырысов, Серік Тұрғынбеков, Кеңшілік Мырзабеков, Нармахан Бегалин, Фариза Оңғарсынова және Мұхтар Шаханов секілді дара тұлғалармен етене жақын араласқан.

Шығармашылықтың шыңына шыққан ақын ұстазымыздың өмірінде ұмытылмас сәттер көп. Қызығы да бар. Оны өз аузынан естісең, таңды таңға ұрып тыңдай беруге болады. Дарындылық қой, әр адамның аты-жөні мен болған оқиғаның жылын, күнін жатқа біледі. Ардақты жанның ақындық әлемдегі тағы бір ерекшелігі маңғаз мінез иесі екендігінде. Қашан көрсең де болмысынан тазалықты, кіршіксіздікті және риясыздықты анық аңғаруға болады. Сондай-ақ ақын ешқашан ешкіммен тайталасып, сөз таластырмайды немесе өмірдің мәнін ұғуға өресі жетпейтін ортада төгіліп сөз сөйлемейді. Оның өзі мен сырлас оқырмандарына ғана аян әлемі бар. Оған адалдықты ту етпеген ешкім ене алмайды. Осы орайда, ақынның назары ауып, пейілі түскен, яғни, Мұхтар Сақтаповтың мектебінен шыққан шәкірттерге келер болсақ, олардың есебіне жету мүмкін емес. Сонымен қатар, олардың әрбірі қайталанбас талант иелері екені де талассыз шындық. Бүгінде ақынның батасын алған алдыңғы буын өкілдерінің барлығы дерлік абырой тұғырына тұрақтаған деп толық айта аламыз.

Саналы ғұмыры көпке үлгілі ақынның отбасындағы абыройы да асқақ. Ұл-қыздарының барлығы түрлі салада жемісті еңбек етіп, әке сенімін, ана үмітін ақтаған перзенттер. Жұбайы Несібелі апай екеуі баспасөз саласында еңбек етіп жүріп, шаңырақ көтерген. Үлкен ұлы Бағдат жеті бала тәрбиелеп өсірсе, екінші ұлы Алмат Шымкент қаласында жауапты қызмет атқарып жүр. Қыздан үлкені Света Сақтапованың есімі жергілікті жұртшылыққа жақсы таныс. Ұзақ жылдардан бері білім беру саласында еңбек етіп жүрген ол қазіргі таңда Тереңөзек кентіндегі «Ботагөз» санаториялық бө­бек­жайының мең­геру­шісі. Шәрипа Мұхтар­қызы республикалық «Atameken business» арнасының Қызылорда облысын­дағы мен­шікті тілшісі. Ең кенже ұлы Махмуд аудандық мәдениет үйінде қызмет атқарады, Қазақстан композиторлар ода­ғының мүшесі. Бірнеше әннің әуенін жазған сазгер. Ұл-қыздарынан өрбіген немере-шөберелері де білімді де білікті жандар. Мәселен, немересі Әсет «Nur Otan» партиясының Қызылорда облыстық филиалында саяси жұмыстар бөлімінің консультанты қызметін атқарса, Айнұр мен Айшабибі атасына ұқсап аудандық, облыстық жыр-мүшәй­раларында жеңімпаз атанған, өз ортасында абыройы бар тәрбиелі ұрпақ саналады. Динара есімді немересі кәсіпкерлікпен айналысып келеді. Ал жалпы Мұхтар ата мен Несібелі апай бүгін­де жиырмадан астам немере, он бес шөбере сүйіп отырған бақытты жандар.

Жоғарыда айтқанымыздай, әке жолын жалға­ған Шәрипа Сақтапованың есімі телеарна арқылы көпшілікке таныс. Ол өз әкесінің болмыс-бітімі, балаларына деген қамқорлығы туралы өз ойын білдірді.

«Кішкентай кезімізде балабақшадан әкеміздің алып қайтқанын қалайтынбыз. Егер, әкеміз бізді балабақшадан алып қайтса, міндетті түрді «Гастрономға» соғып, бәрімізге «Аленка» шоколадын алып беретін. Сосын анам екеуі айлық алған күні дастархан басында не, қашан, қайда, кімге атты дәстүрлі төрт сұрақтан отбасылық ойын ойнатылатын. Ата-анамыздың тапқан нәпақасының 30 пайызы біздің жинақ қорымызға кетеді. Ол заңдылық. Бір айдың азық-түлігі, басқа да қажеттіліктерге ата-анамыздың жалақысының 20 пайыз жоспарланатын. Ал қалғанын әкем анаммен ақылдаса отырып отбасылық кеңесте бөледі. Мысалы, ағамыз Бағдатқа су жаңа джинсы немесе Алмат бауырымызға гитара. Ал, мен өзімнің кезегімді тағатсыздана күтемін. Өйткені алдымен менен үлкендердің керектігі түгенделеді. Әкеміз – көпшіл. Ешкімге қабақ қатқан емес. Оның бір ғана мысалы 26 мамырдан бастап қала, дала, ауылдағы ағайын-туыстың баласы ата-анамыздың шаңырағына жиналатын. Олар үш айлық демалысын осында өткізетін. Ойлаңызшы, өзімізді санамағанда 8-10 отбасының баласы... Мұндай жауапкершілікті мен қазір мойныма алмас едім. Әкем болса, қораның тап ортасынан тор тартып, волейболдан немесе бадмидтоннан турнир ұйымдастырады. Ауладағы сәкіге (ол кездегі сәкілерге 20 адамға дейін сиятын) масахана құрып, ұл-қыз болып бөлініп жайғасамыз. Әкем ұйқы алдында келіп әңгіме айтады. Кейіпкерлері, әрине, біздер. Мәз боламыз. Шіркін, мотивация, өмірге деген құлшыныс сыйлау деген осы еді. Осы күнге дейін әкемнің ертегі, әңгімелерінен бір жинақ шығаруды армандаймын. Айтпақшы, анамызға деген қамқорлығы шығар, кейде таңертеңгі асты әкеміз әзірлейтін. Ал мен Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік (сол кездегі атауы) университеттің журналистика факультетінің студенті атанғанымда әкемнің қуанғанын тек көзінен байқадым. «Негізі, бұл мамандық – ер азаматтарға арналған, Шоколад (әкем осы күнге дейін мені Шарипа деген емес), жолы өте ауыр, ойлан» дегенімен, іштей құптағанын сезгенмін. Содан КазГУ-дің 5 жатақханасының 204, одан кейін 512 секциясының қыздары әкемнің хатын күтетінбіз. Өйткені ол нағыз нұсқау болатын. «Шоколад, айналайын, балам»-нан басталатын хат әрі қарай 10 тапсырмадан тұратын. Мысалы, біріншісі-Пушкин кітапханасына барып, «Абай жолын» қазақ тілінде қайта оқып шығып, содан соң «Путь Абая»-мен салыстырып, әсерімді жауап хатта мәлімдеу жүктеледі. Расында, уақыт өткен сайын бұл романның әсері де өзгеретін. Ең қызығы, соңғы нұсқау анаңа мынадай сыйлық алшы дегені» дейді Шәрипа Мұхтарқызы.

Еңсесін еңбекпен тіктеген халқымыз «Абыроймен қартаю – теңдессіз бақыт» деген даналық сөзге аса мән береді. Шынында да ел алғысына кенеліп, көпке сыйлы жан атану өмірдегі ең қымбат жетістік. Бұл ретте, тыл және еңбек ардагері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы, «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы», «Ұлы Жеңістің 65, 70 жылдығы», «Конституцияның 20 жылдығы» мерекелік медальдарының иегері, әр жылдарда облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хатын, Қазақстан Журналистер Одағының «Құрмет грамотасын» алған ақын Мұхтар Жаналханұлының жүріп өткен жолы, саналы ғұмыры көпшілікке үлгілі екені анық. Олай болса, сексен бес жасқа толған ардақты ақынға ұзақ өмір, зор денсаулық тілейміз. Әдебиет әлемінде айшықты орны бар ақын ұстазымыз аман болсын!

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
06 ақпан 2021 ж. 613 0