Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жасымнан өлең-жырға жақын болдым

Жасымнан өлең-жырға жақын болдым

Ақын-жазушылардың шы­ғар­машылығы халыққа екі түрлі бағытта тарайды. Соның ішінде ауызекі тілде тараған туындылар уақыт өте келе ұмытылып, өзгеретіні белгілі. Ал жазылып, хатқа түскен дүние ешқашан өзгермейді, құндылығы да жойылмайды. Бүгін оқырман қауым назарына шығармашылы­ғы тереңірек зерттелмеген, толық жазылмаған, жинақталмаған Сыздық ақын жөнінде мәлімет­тер ұсынбақпыз.

Біреу білер, біреу білмес, Сырдария ау­данының Шіркейлі ауылында Сыздық Қали­лаұлы есімді ақын өткен. Оның есімі халық арасында «Қарауыз Сыздық» деп аталыпты. Бұлай аталудың өзіндік себебі де бар. Бұл туралы жақында ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Жәнібек Маханбеттен естіп, білдік. Мәдениет саласының майталманы шіркейлілік ақын жө­нінде Байназар Сүлейменовтің бірқатар зерттеу­­лер жүргізгенін айтты.

– Газет – аудан тарихының жылнамасы. Газетке жарияланған әр мақала тарихи дүние болып сақталып қалады. Өзім аудандық басылымды үзбей оқимын. Жақында Құнанбай қажының жиен жұрағаттары туралы зерттеуім басылды. Сол мақаладан кейін маған хабарласып, оң пікір білдірген азаматтардың қа­расы көбейді. Сосын ойлана келе тағы да бір дүниені редакцияға ұсынуды жөн көрдім. Ол көп зерттелмеген, есімі көп жерде айтылмаған шіркейлілік Сыздық ақын жөніндегі ақпараттар. Мен бұл кісі туралы бүгінде өмірден өткен Байназар Сүлейменовтен естідім. Аудандық музейде еңбек етіп жүрген жылдары ақынның немересі Бибіпатымамен бірге арнайы барып, пікірлесіп, қолжазбаларын алған болатынмын, – дейді Жәнібек Асанұлы.

Бірнеше бөлікке бөлінген, барлығы он сегіз беттік ескі қағаздарды алып қалып, асықпай оқып шықтым. Арасында Б.Сүлейменовтің «Ақын Сыздық» атты мақаласы бар екен. Аталған мақалада ақынды жұртшылық не­ліктен «Қарауыз Сыздық» деп атап кеткені жөнінде жазылыпты. «Жасымнан өлең-жырға жақын болдым. Біздің ауылдағы ардақты ақын Сыздық Қалилаев еді. Соғыс жылдарынан бұрын жазған өлеңдерін домбыраға қосып айтып отыратын» деп мақаласын бастаған автор бірде әкесіне «Сыздық ақынды неге Қарауыз Сыздық деп атаған?» деп сұрақ қойыпты.

...Байназар Сүлейменовтің әкесі өз замандастарымен бірге Қожаарық (Бесөзек) каналын жыл сайын кетпенмен аршып, тазалайтын болған. Бұл техника жоқ, барлық жұмыс қолмен істелетін кезең еді. Канал қазу жұмыстары Лайкөл, Шегірлікөлге және Әбділдә шұңқырына дейін жүргізіледі. Бірде Қожаарықтың сағасын жығуға 20-25 адамға жуық колхоз қызметкері жұмылдырылады. Арасында ірібастысы, сөзшең әрі денелі келген Райымбек деген жігіт болған. Сол Райымбек жігіттерге қарата: «Ертеңнен бастап сақал-мұрттарыңды алып келесіңдер. Егер ортақ тәртіпке бағынбасаңдар, айыптаймыз» депті. Сөздің де орынды, орынсызы болады. Бірақ Райымбектен сескенген көп жігіт ертесіне сақал-мұрттарын қырып келген екен. Таңғы салқынмен біраз іс тындыруға жиналғандар сақал-мұрты жоқ Нұрғали Байжановты тез таныпты да оның артынан келе жатқан адамды танымапты. Жігіттер «Мынау қара ауыз кім?» деп қарқ-қарқ күлісіпті. Сөйтсе ол Сыздық ақын екен. Содан бері көпшілік оны «Қарауыз Сыздық» деп атап кетіпті. Сыздықтың ақын екенін, тауып айтатынын, көпшілікке өлең-жырын тыңдата білетінінен хабардар Райымбек оған ешқандай ескерту жасамапты.

Ол кездің көлігі – ат, құралы – кетпен-күрек. Аты жоқтар есекке мініп-ақ көп шаруа­сын тындырады. Ешкім уақыт есептеп, санас­пайды. Ортақ жұмысқа бір кісідей жұмылып, бәрін бірлесе атқарады. Сыздық ақын да фермада қарапайым жұмысшы болып еңбек етеді. Ақынның жүрген жері мен ортасы – ән-жыр, сауық-сайран. Домбырамен әуелете ән шырқағанда жұмысшылар серпіліп қалатын-ды. Кейде делебесі қозып төсқалтасына қолын салып жіберіп, «кеше ғана жазған жырым еді, оқып берейін» дейді екен.

Сұрапыл соғыс кімді зарлатпады. Сыздық ақынның да өмірі қиыншылықтарға толы болды. Ол өз өлеңдерінде бейбіт күннің қадір-қасиетін жырлады, соғысқа аттанып, туған жерге келмей қалған боздақтардың ерлігін жырға қосты. Ақынның «25 жыл. Қазақстан» атты өлеңінен кеңестік кезеңнің ауыртпашылығын, соғыстың елге тигізген зардабын және елдің еңсе тіктеп келе жатқанын ұғуға болады. Сондай-ақ Қурайлы колхозындағы қойшы досы Әріп Қуатовқа арнаған өлеңі достық әзілге, замандастық сыйластыққа сай өрілгенін атап өтуіміз керек.

Саналы ғұмырында Сыздық ақын атақты Қалтай Мұхамеджановпен де айтысыпты. Рес­публикалық деңгейдегі бұл айтыс шамамен Ұлы Жеңістің 10 жылдығына орай 1955 жылдары ұйымдастырылса керек. Ол кезде Қалтай жас болған. Екі ақынның тамаша айтысының куәгерлерінің бірі – сол кездегі Бесөзек ауылдық кеңесінің төрағасы Маутай Әукенов. Бұл туралы Байназар Сүлейменов өз мақаласында кеңінен баяндайды.

«Айтысқа Қалтай Қызыл жалаудың атынан қатысса, Сыздық Қурайлының атынан сын­ға түсіпті. Маутай ұйымдастырушылық қа­рым-қабілеті жоғары азамат болған. Істің адамы ретінде халық оны ерекше қадірлеген. Бұл жолғы сөз додасында Сыздық ақын басымдау болыпты. Ал айтысқа ақиық ақын Ас­қар Тоқмағамбетов төрағалық жасаған. Қоры­тындысында Сыздық ақын сыйлыққа екі жасар өгізше, Қалтайға су жаңа бәтеңке берілген. Содан соң Маутай көпшіліктің басын қосып «Енді Қарауыз Сыздық деп атамайық, енді ақын Сыздық деп атайық» деп айтқан» делінген Б.Сүлейменовтің мақаласында.

Айтыста Сыздық ақынның басымдау бол­ғанын Қалтайдың өлең жолдарынан да аңға­руға болады.
«Амансыз ба, ардақты ақын Сәке,
Жайылды біраз жерге атың Сәке,
Жол көрген менен гөрі ілгерілеу,
Ағасың артығырақ жасың Сәке.
Дейді ел: «сын түзелмей, мін түзелмес»,
Сөйлейсің әрқашан да батыл Сәке», деген екен Қалтай бір қайырымында.
Сыздық ақынның тауып айтқан тұстары да көп болған. Мәселен, Жаңабай Азаматовтың шаруашылықты басқарған тұсында шаруа­шылық меншігіндегі өгіз біреудің бақшасына түсіп, жеміс-жидекті бүлдірген екен. Үй ие­сінің лақтырған балтасы өгіздің аяғына тиіп, өгізді уақытылы емдемеген соң тілерсегі құрттаған көрінеді. Сол өгіз Сыздық ақынның үйінің көлеңкесінде жарасын жалап тұрса керек. Мұны көрген ақын өлең жазып, ферма бастығы мен мал дәрігеріне беріп жіберіпті.
«Мүйіз үлкен қасқа өгіз,
Аяғынан ақсап тұр.
Тірсегін шапқан кісіні,
Қарғап-сілеп қақсап тұр.
Көкала шыбын қуалап,
Сарала сона талап тұр.
Судай қаны сорғалап,
Тілімен оны жалап тұр.
Мал дәрігері Рақымжан,
Дәрісін құйып, майласын.
Дәкеменен байласын.
Болмасын өгіз әбігер,
Өлместің қылсын айласын.
Ферма бастық бар ма ойда,
Бақпағанға мал қайда.
Өліп қалса қасқа өгіз,
Өкінгенмен не пайда.
Жаңашыл бастық Жаңабай,
Шаруаның түрі мынадай.
Қасқа өгіз өліп қалмасын,
Бақташылар қарамай...».
Осы өлеңнен кейін мал дәрігері өгізді емдеген көрінеді...
Жәнібек Маханбет алып келген қолы­мыздағы ескі қағаздардағы мәліметтерге назар салсақ, Сыздық ақын жора-жолдастары мен ағайын-туыстарының өтініші бойынша мерейтойлық құттықтау өлеңдер мен қайғылы қазаларға байланысты жоқтау жырлар жазған. Бұдан жұртшылықтың іштегі қуанышы мен толқынысын, зары мен мұңын ақынға баяндап, жыр тілінде кестелеп беруді өтінгенін аңғаруға болады. Бір өкініштісі, жа­зылған дүниелер жинақталмаған.

Ақынның өзі 1979 жылы 21 қаңтарда 88 жасында қайтыс болыпты. Әбидрахман, Одурахман, Айтбай, Тұрсынкүл және Бүркітбай деген ұл-қызы болған. Ұстаздық қызмет атқарған Әбидрахман соғысқа аттанып, елге оралмаған. Одурахманнан тараған немересі Бибіпатыманың айтуынша, қазір ұл-қызынан Бүркітбай аға мен Тұрсынкүл апа ғана тірі екен. Біз ақынның ұрпағы Тұрсынкүл апамен телефон арқылы тілдестік.
– Қазір менің жасым 75-те. Әкем суырып салма ақын болған. Біз отбасында төрт ұл, бір қызбыз. Шешемнің аты-жөні – Қадиша Әбдікамалқызы. Біз Шіркейлі ауылында туып-өстік. Әбидрахман ағам соғыстан оралмады, артында ұрпақ қалмады. Ал Одурахманның ұрпақтары бар. Олар Сыр өңірінің дамуы жолында еңбек етіп жүр. Айтбайдың төрт ұлы бар. Өзім он балалымын. Кіші баласы Бүркітбай Шіркейліде тұрады. Айтбайдың үлкен ұлы Тұрмағанбет пен Бүркітбайдың баласы Бақытқа әкеміздің ақындық қасиеті қонған. Жалпы, ақынның ұрпақтары Алматы, Жамбыл және Қызылорда облысында тұрады. Ұмытылып бара жатқан әкеміздің есімін жаң­ғыртып, сұрау салып жатқандарыңызға рақмет. Одурахманның қызы Бибіпатыма әкеміз туралы мәліметтерді жинақтап, ізденіп жүретін еді. Бұл бастамаларыңызды естісе қуанып қалатын болды, – дейді Тұрсынкүл Сыздыққызы.

Біз мақала жазу барысында ақынның ұлы Одудрахманның баласы Нәбиболламен де пікірлестік. Ол кісі бүгінде Тараз қаласында тұрады екен.

– Мен Сыздық атамның көзін көрдім. Бала күнімізде сол кісінің қолында өстік. Біз тары-бидай егетінбіз. Атамыз да, әжеміз де өте еңбексүйгіш жандар еді. Атамыздың ақындық қасиеті ағам Әбиболлада болатын. Сондай-ақ қызым Гүлмираның да өлең жазатыны бар. Біз ақынның ұрпағы екенімізді мақтан тұтамыз. Атамыздың Жеңістің 10 жылдығына орай өткізілген айтыста бас бәйге алғанын аға буын өкілдері біледі деп ойлаймын. Оның бәрі тарих, – дейді Нәбиболла Сыздықов.

Иә, жоғарыда атап өткеніміздей, кез кел­ген ақынның мұралары жинақталып, зерттелмесе ұмытылып қала береді. Біз ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Жәнібек Маханбеттің ұсынысы негізінде Сыздық ақын туралы іздендік. Осы ретте, жоғары оқу орны қабырғасындағы студенттер дипломдық жұ­мысын зерттеуді қажет ететін Сыздық ақын секілді тұлғаларға арнаса құба-құп болар еді деген ойымыз да бар. Бір жағынан, ұрпақтары да ақын мұраларының насихатталуына ыждағатты болуы керек.

Түптеп келгенде, әрбір талант – дара дарын иесі. Дарындыларды дәріптеу, көпшілікке таныту біздің мақсатымыз болып қала бермек.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі
02 ақпан 2021 ж. 459 0