Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық

Тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассам­блея­сы – елдегі ынтымақ пен бірліктің алтын ордасына айналды. Бүгінде Ассамблея мүшелері еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосып, түрлі салаларда жемісті еңбек етуде. Аталған іргелі ұйымның жұмысы Сырдария ауданында да жақсы жолға қойылған. Былтыр 25 жылдық мерейлі мерейтойын атап өтіп, жаңаша қарқынмен болашаққа бағыт алған Қазақстан халқы Ассамблеясының аудандағы мүшелері, яғни өзге этнос өкілдері бекем бірлік пен тату тірлікті ту еткен деп айтуымызға толық негіз бар. Осы орайда «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сырдария ауданындағы этносаралық қатынастар жөніндегі сарапшысы Абай Мейрамбековпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Абай Мейрамбекұлы, сұхбатымызды Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейлі 25 жылдық мерейтойының мәні мен маңызынан бастасақ.

–  Өздеріңіз білетіндей, Елба­сының Қазақстан халқы Ассамблеясын құру жөніндегі идеясы ең алғаш рет 1992 жылы айтылған. Кейін аталған идея жан-жақты зерттеліп, зерделеніп, 1995 жылдың 1 наурызында Қазақстан халқы Ассам­блеясы Мемлекет басшысының жанындағы консуль­тативті-кеңесші орган ретінде өз жұмысын бастады. Бұл – егемен ел үшін аса маңызды тарихи күн. Қазақстан халқы Ассам­блеясының құрылуын – бірегей бірлік пен мызғымас татулықтың салтанат құруы деп қабылдасақ та болады. Өйткені, қоғамдық ұйым аз уақыттың ішінде өз нәтижесін көрсетіп, түрі басқа болса да тілегі бір, жүзі басқа болса да жүрегі бір өзге этнос өкілдерінің мақсат-мұратын бір арнаға тоғыстырды. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойын – елдің ортақ тойы деп санауымыз қажет. Бірлік пен ынтымаққа ұйысқан елімізде толеранттылық қағидаты, яғни өзге этнос өкілінің сеніміне, көзқарасына, таным-түсінігіне, рухани-мәдени құндылықтарына құр­метпен, түсіністікпен қарау жақсы жолға қойылған. Бұл біздің дархандығымыздың, кең пейіліміздің белгісі және берекелі істеріміздің негізі. Сол себепті, әрбір қазақстандық үшін Ассамблеяның 25 жылдық мерейтойының мәні мен маңызы зор.

– Әрине, «Бірлік бар жерде береке бар» деп бекер айтылмаған ғой. Ендігі кезекте Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің қатысуымен ауданда ұйымдастырылған жұмыстарға ойыссақ.

– Былтыр елімізде ғана емес, әлемде күрделі жағдай орын алды. Әлі күнге індеттің қаупі сейілген жоқ. Сондықтан мерейтойлық іс-шаралардың басым бөлігі карантин талаптарына сәйкес онлайн форматта ұйымдастырылды. Бұл бойынша арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, бірнеше бағыт негізінде кездесулер, тақырыптық кештер, дөңгелек үстелдер, көрмелер және қайырымдылық акциялары өткізілді. Ауданда 500-ге жуық әртүрлі этнос өкілдері бар. Ассамблеяның 25 жылдығы аясында этно-мәдени бағыттағы  қоғамдық бірлестік тарапынан «Қайырымдылық керуені» акциясы ұйымдастырылды. Соның негізінде жалғыз басты 11 этнос өкілінің үйіне азық-түлік себеті таратылды. Жалпы төтенше жағдай кезеңінде 137 отбасыға көмек көрсетіліп, сонымен қатар 50 медицина қызметкеріне арнай сый-сияпат ұсынылды. «Біз біргеміз» акциясы бойынша орталық алаң мен халық көп шоғырланатын аудандық пошта мекемесінің алдына «Бетперде тағыңыз» деген жазу жазылды. Мерейтойлық іс-шаралардың мазмұнын кеңейту бағытында аз қамтылған мектеп оқушыларына киімдер мен мектепке қажетті құрал-саймандар алып берілді. Қоғамдық келісім кеңес мүшелерімен азық-түлік дүкендері мен дәріханаларда мониторинг жұмыстарын жүргізіп, карантин талаптарының сақталуын және баға тұрақтылығын бақылауда алынды.

– Соңғы кезде медиация ұғымы қолданысқа енгізілді. Бұл жұмыстарға да Қоғамдық келісім кеңесі мүшелерінің атсалысып жатқанын білеміз. Осы жөнінде ақпарат берсеңіз.

– Аудандық соттың бастама­сымен және Қазақстан халқы Ассам­блеясының өкілетті органдармен бірлескен шешімдеріне сәйкес ауданымызда кәсіби емес медиаторлар мен Алқа билер жұмыс атқаруда. Осыған орай арнайы 3 медиация кабинеті ашылған. Олар аудандық сотта, полиция бөлімінде және «Достық үйінде» орналасқан. Аудандық сотта 2020 жылдың 12 айындағы татуласу тәртібімен барлығы 123 азаматтық іс, партисипативтік рәсіммен 1 азаматтық іс және медиаторлардың қатысуымен 78 азаматтық іс, 25 әкімшілік іс және 15 қылмыстық іс аяқталған. Сондай-ақ 2020 жылы Билер кеңесінің көмегімен нақты 116 азаматтық іс тоқтатылған. Істерді сотқа дейін немесе сотта шешу бағытында аудандағы медиаторлар талмай еңбек етуде. Олардың еңбегі ескеріліп, лайықты бағалануда. Қоғам үшін тиімді іске атсалысып жүрген азаматтар қатарында Муса Келдібаев, Ұлмекен Жаналиева, Мектепхан Елеусінов, Кенжебек Әбдіхановтардың есімін ерекше атап өтуге болады.

– «Мың бала» жобасы бойынша жүргізілген жұмыстар жө­нін­де айтсаңыз.

– Бүгінде республикалық «Мың бала» жобасы дәстүрлі іс-шараға айналды. Мәдени-ағартушылық ба­ғыт­та қолға алынған жобаның жүзеге асырылуын күтетін мектеп оқушыларының шоғыры қа­лып­тасты. Аудан мектептерінде білім алатын өзге этнос өкілдері жобаның аудандық кезеңіне қаты­сып, белсенділік танып жүр. Бізге аудандық білім бөлімі тарапынан әркез қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен, биыл Қазақстан халқы Ассамблеясы «Тұңғыш Президент жолымен» атты мәнерлеп өлең оқу челленджін ұйымдастырдық. Челендж аудан мектептерінің бар­лығында өткізілді. Мұнан бө­лек Мемлекеттік Рәміздер, Тә­уел­сіздік күніне, сонымен қа­тар Абай Құнанбайұлының 175 жыл­дығына, Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған байқаулар ұйым­дас­ты­рылып, жеңімпаздар марапатталды.

– Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің мүшелері аудандағы бірлік пен ынтымақты, ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етуде жемісті еңбек етуде. Аналар кеңесінің атсалысуымен атқарылған жұмыстарға тоқ­талсаңыз.

– Бүгінде Аналар кеңесі қазақстандық патриотизмді, толе­рант­тылықты және этносаралық келісімді, ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды нығайтып, сақтауға өзіндік үлесін қосып келеді. Осы орайда Аналар кеңесі мүшелерімен бірігіп, бірқатар іс-шаралар өткізілді. Атап айтқанда, «Достық үйінде» карантинтік талаптар сақтала отырып «Өмірлері өнеге» атты кездесу өтті. Аталған кездесуде ұлды ұяға, қызды қияға қондырған ақ жаулықты аналардың жетістіктері насихатталып, жастарға үлгі етілді. Жас отбасыларға бағыт-бағдар беріліп, отбасындағы сыйластық, қарым-қатынас жөнінде келелі ойлар айтылды. Мұнан бөлек, Аналар кеңесінің бастамасымен ҚР Консти­тутциясының 25 жыл толуына орай этнос өкілдерімен кездесу өткізіліп, Ата Заңның қоғам өміріндегі рөлі туралы ақпараттар берілді. «Шебердің қолы ортақ» атты сайыс, «Анасын ардақтаған ел азбайды» әжелер ансамбльдерінің аудандық онлайн байқауы ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды. «Мерейлі отбасы – 2020» байқауына да Аналар кеңесінің мүшелері атсалысып, белсене қатысты. Ал «Мектепке жол» акциясы дәстүрлі түрде өтетін іс-шараға айналды. Тағы да бір ерекше атап өтетін жаңалық, аудандық «Достық үйінің» ашылғанына 5 жыл толуына орай музыкалық орталық сыйға тартылды.

– Байқағанымыздай аудан орта­лығында жақсы жұмыстар жүргі­зіліп жатыр екен. Ал ауылдардағы бел­сенділік қалай?

– Жоғарыда айтылған іс-шара­ларға ауылдарда тұратын өзге этнос өкілдері де арнайы шақыруымызбен қатысып, өз ой-пікірлерін білдіруде. Өзіміз де елді мекендерді аралап, түрлі кездесулер өткізіп келе­міз. Мысалы, Шаған, Н.Ілиясов, С.Сей­фуллин ауылында дөңгелек үс­тел ұйымдастырылды. Басқосуда Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясын құру жөніндегі идеясының өміршеңдігі мен маңызы жөнінде мәліметтер айтылды. Жыл­дың соң­ын­да аудан әкімінің өзге этнос өкіл­дерімен кездесуіне де елді мекендерден өкілдер қатысты. Оларға құр­мет, марапат толастаған емес және алдағы уақытта да ауқымды жұмыстар жүргізіледі. Іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге аудандық ішкі саясат бөлімі әркез қолдау көр­сетіп келеді. Сондай-ақ, өздеріңіз де аудандық газет арқылы біздің жұ­мысымыз бен жетістіктерімізді насихат­тап жүрсіздер. Осы сұхбатты пайда­ланып, баршаңызға алғыс айтамын.

– Қорытындылай келе, ал­дағы жоспарларға тоқтал­саңыз.

– «Қоғамдық келісім» КММ-нің қалып­тасқан жұмыс бағыты бар және ол бірлік пен тұрақтылықты сақтауға, дәріптеуге бағыт­талған. Карантиндік шектеу шаралары кейбір іс-шараларды өткізуге қол­байлау болып тұрғаны жасырын емес. Бірақ, біз аудан әкімдігінің қолдауымен өзге этнос өкілдерімен бірлесе жұмыстарды жүргізе береміз. Біздің тірегіміз – Тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық. Алдағы уа­қытта бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бекем бірлікпен биік белестерді бағындырамыз деп сенемін.

Сұхбаттасқан:
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
16 қаңтар 2021 ж. 525 0