Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Отағасы қызғаншақ па? Не себеп?

Отағасы қызғаншақ па? Не себеп?


Отағасының қызғаншақтығына өзіңіз кінәлі емессіз бе?
Қазақстан Республикасы Президентінің Халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша стипендия иегері, Психологтардың Қазақ Ассоциация мүшесі, «Жан шуағы» психологиялық орталығының директоры,психолог-практик Елшібаева Күлмаш Ғалымжанқызы
Бұл тақырып жасқа да кәріге де ортақ. Көп отбасылар осы қызғаншақтықтың кесірінен ажырасып жатқан жоқ па?! Күйеуінің қызғаншақтығы туралы қозғағанда әйелдер өздері судан құрғақ шыққылары келеді. Бұл дұрыс емес. Төмендегі сұрақтарды өзіңізге өзіңіз қою арқылы мәселенің түйіні кімде жатқанын анықтай аласыз.
Жас кезіңізде еріңізге бұрын өзіңізге сезімін білдіріп, сөз салған жігіттер жөнінде айтқансыз ба? Немесе ренжісіп қалғандарыңызда «Пәленшеге тимеппін ғой» деген сынды өкінішті байқамай айтқан шығарсыз?
Еріңіздің бой-бітімін, түр-сипатын, білімін, қызметін кемсітіп, құрбыларыңыздың күйеулерімен салыстырып, сөз қылғаныңыз оған қалай әсер ететінін білесіз бе?
Не қызмет еткенсіз, күйеуіңіз ше?
Табысыңыз күйеуіңіздікінен көп болған ба, болса үнемі айтып отырасыз ба? Сіз жұмыс істеп, ол жұмыссыз жүрген уақыт болған ба?
Тойларда, отырыстарда өзгенің бәрін аузыңызға қаратып өлең айтып, кішігірім болса да асабаның рөлін атқарған уақыттарыңыз болды ма? Ондай жерлерде басқа ер адаммен әзілдесіп, күйеуіңізді ұмытып кеткендей кездеріңіз болған ба?
Отбасының, ағайын-туғанның тірлігіне араласуда ең бірінші кім шешімді сөз айтатын еді?
Балаларыңыздың, ағайынның, қонақтардың көзінше еріңіздің сөзін бөліп, қарсы пікір айтқан кездеріңіз көп болды ма?
Отбасында бюджетті кім басқарады?
Балаларыңызбен болған әңгімені, кейбір қаржы проблемаларын күйеуіңізге жиі айтасыз ба?
Өз сыр-сымбатыңызды жиі мақтап, еріңізді төмен санаған кездеріңіз болды ма?
Құрбыларыңызбен, абысын-ажынмен өрбіген әңгіме жайында еріңізбен ой бөлісіп, талқылайсыз ба?
Еріңіздің денсаулығы қандай? Егер ауыра қалған жағдайда сіз көңіл бөліп қарайсыз ба?
Еріңіздің қазіргі табысы бар ма?
Міне, осы сұрақтарға жауап беру арқылы күйеуіңіздің қартайғанда қызғаншақ болып бара жатқанына өзіңіздің кінәлі екендігіңізді ұғасыз. Өйткені, еркектер себеп болмаса, бекерден-бекер қызғанбайды. Әйелдің әрқашанда бір саты төмен тұруы керек екенін де ұмытпаған жөн. Еркектің қызғануына әйелдердің өздері жол береді. Сондықтан, әйелдер,қай нәрсеге де отағасыңызды орынсыз кінәләй бермеген дұрыс болар.
06 наурыз 2018 ж. 1 284 0