Азаматтық қоғамды дамытудың алғышарты

– Еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы күндерден бастап демократиялық және құқықтық мемлекет болуды алдына мақсат етіп, азаматтық қоғам институттарын дамыту жолында саяси және құқықтық шешімдер қабылданды. Азаматтық қоғамды дамыту жөніндегі тұжырымдама әзірленіп, бекітілді. Аталған құжатта азаматтық қоғамның қалыптасуының барлық аспектілері, мемлекеттік органдардың ҮЕҰ-мен өзара байланысы айқын көрініс тапты, – деген «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» ЗТБ-нің Сырдария ауданындағы өкілі Сыр өңірінде, оның ішінде Сырдария ауданында да ҮЕҰ-ға қолдау көрсету үшін нақты жұмыстар атқарылып жатқанын айтады. ҮЕҰ-дың әлеуметтік маңызды жобаларын қаржыландыру да жылдан-жылға артып келеді.
– Анар Ізден жетекшілік ететін «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» ЗТБ биыл көп жұмыс атқарды. Бірнеше маңызды басқосулар өтті, семинарлар, дөңгелек үстелдер, кездесулер, қабылдаулар мен форум ұйымдастырылды. Соның бірі ретінде облыс орталығында «Қоғам және мемлекет: серіктестігі мен дамуының 30 жылы «Birgemiz» ІХ азаматтық форумын айтуға болады. Аталған жиында көп мәселе қозғалды. Тиісті министрліктің өкілі, облыс әкімінің орынбасары, мемлекеттік мекеме басшылары қатысып, ҮЕҰ-дың мәселелері мен шешілу жолдары талқыланды. Алдағы мақсат-міндеттер айқындалып, ортақ ұсыным қабылданды. Ендігі кезекте сол ұсынымдар бойынша жұмыс істейтін боламыз, – дейді Ұ.Жаналиева.
Жалпы, ҮЕҰ-ды қолдау азаматтық қоғамды дамытудың алғышарты. Бұл Ел Президентінің Жолдауында да нақты айтылған. Осы ретте, мемлекеттің қолдауы мен жанашырлығын сезініп келе жатқан ҮЕҰ-дар қоғам үшін тиімді әрбір бастамаға үн қосып, ортақ іске атсалысуы тиіс.
А.ИБРАГИМҰЛЫ