Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 31 газет

20 сәуір 2024 ж.

№ 30 газет

16 сәуір 2024 ж.

№ 29 газет

13 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Семіздік – дерт

Семіздік – дерт

Қазір аулада емін-еркін асыр салып, алаңсыз ойнап жүрген бала көрсек, қуанатын заман туды. Өйткені, аяғын енді басқан сәбидің өзі қолына смартфон ұстатсаң, тамашалап тапжылмастан отыруға бар. Осылайша қимыл-қозғалысы аз, яғни отырумен өтетін өмір салты ересектерді қойып, кішкентай балалардың да дағдысына айналып барады. Ал бала жастан пайда болған артық салмақтың жылдар өткен соң қайта айналып соғатыны медицинада әуел бастан-ақ дәлелденген. Біз болсақ, гаджетке байланған балапанның болашағына балта шауып жатқанымызды әлі де мойындағымыз келмейді.

Қазіргі таңда елімізде әр бесінші бала және әрбір екінші ересек адам семіздікке шалдыққан, яғни артық салмақтан зардап шегеді. «Семіздіктің дерт екеніне бәсім жоқ, ал артық салмақтың не зияны бар?» деп ойларсыз. Сөйтсек, адам ағзасындағы түрлі аурудың 70 пайызы артық салмақ салдарынан болады екен.
Артық салмағы бар адамдар жүрек-қан тамырлары ауруларына, тыныс алу мүшелерінің дерттеріне, қант диабетіне, гипотиреоз, остеопороз, жатыр мойны мен аналық, аталық бездердің, сүт безінің, тоқ ішектің, бүйректің, бауырдың және өт қабының қатерлі ісіктеріне жиі шалдығатын көрінеді. Бұған қоса семіздік адамның рухани құлдырауына, ойлау қабілетінің төмендеуіне әкеледі. Есейген сайын адамның семіруге бейімділігі арта түседі, ал артық салмақ адам өмірін 10-15 жылға қысқартады. Семіздік сонымен қатар, өмірге ұрпақ әкелуді тежейтін кесел. Өйткені, әйел адам артық салмақ қосып, денесін май басқан сайын бедеу болу қаупі де күшейе түседі.

Артық салмақтың пайда болуы­ның алғашқы себебі – қимыл-қоз­ғалыс мардымсыз өмір дағдысы мен тамақты шамадан тыс көп ішу.

Құнарлы, майлылығы аз та­­ға­м­дарды жасанды майлар, дәм­деуіштер мен қант көп қосылған тез дайындалатын тағам түрлеріне айырбастаудың арты да жақсылыққа апармайды. Сондай-ақ, тұқымқуалаушылық, күйзеліс және эндокриндік ауру-сырқау да семіздікке душар қылатын негізгі факторлар.

Аудандық жастар денсаулығы орталығының дәрігері Динара Алашбаеваның айтуынша, семіздік – созылмалы сипатқа ие және өмір бойы емдеуді қажет ететін дерт. Шын мәнінде, семіздіктің адамзатқа залалы зор, алайда адамдардың басым көпшілігі семіздікті ауру деп қабылдамайды, тек сыртқы келбетке қатысты мәселе ретінде қарастырады.

– Біле білсеңіз, семіздіктің ден­саулыққа кесірі өте көп. Медицина тілімен айтсақ, семіздік тұрақты және дамушы болып екі түрге бөлінеді. Артық салмақ ағзаға майдың шамадан тыс жиналуы нәтижесінде пайда болады. Сонымен қатар, артық майдың дененің қай бөлігінде жиналғаны да маңызды. Семіздіктің андроидты (алма тәрізді) түрі, яғни іштің және дененің жоғары бөлігінің семіруі көбінесе ер адамдарға тән болса, жамбас пен балтырдың семіздігі, яғни гиноидты түрі (алма сияқты) қыз-келіншектерде жиі кездеседі. Семіздіктің ең қауіптісі – мета­боликалық синдром, атеросклероз, қант диабетін туғызатын андроидты түрі. Ағзадағы қант мөлшерінің, холестериннің шамадан тыс артуымен және артериалдық гипертензиямен ілесе жүретін метаболикалық синдром ұғымы мен семіздік соңғы жылдары қатар айтылып жүр. Бұл – семіздіктің ең асқынған түрі. Семіздік –  мамандардың көмегімен кешенді түрде және ұзақ емделуді қажет ететін диагноз. Ең бастысы, ем-дом шаралары денсаулыққа қауіпсіз болуы тиіс. Бірде-бір дәрігер өте аз уақыт ішінде салмақ тастауға көмектесетін диетаны құптамайды. Диетаның энергетикалық құндылығы – 900-1200 ккалдан кем емес, икемді және теңгерімді болғаны жөн. Майды тұтыну көлемін мейлінше азайтып, диеталық талшық мөлшерін көбейту қажет. Физикалық белсенділік маңызды рөл атқарады, сонымен бірге медикаменттер арқылы емдеу де нақты нәтижесін береді. Ал, хирургиялық тәсілдердің қатарына липосакция, яғни тері астынан артық майды алу, гас­тропластика, асқазан көлемін кішірейту үшін кигізілетін арнайы сақиналарды асқазанға орнату отасы және абдоминопластика – салбырап қалған немесе тым үлкен қарынды жоятын ота жатады, – дейді денсаулық сақтау саласының өкілі.

Қазір баланы сыртқа шығару қиын. Қолында – телефон, көретіні – теледидар, одан түрлі фасфудпен қоректеніп әлек. Бір сөзбен айтқанда, тамағы тоқтық, қимылы жоқтық рухани аздырып, семіздікке апаруда.

Майя ҚОЖАБАЙ 
21 қараша 2020 ж. 685 0