Алға басудың алғышарты
Депутат деген сөзге бір сөзбен немесе бір сөйлеммен анықтама беру мүмкін емес. Ол – қолынан іс келетін белсенді азамат, көпшіліктің сеніміне ие болған тұлға, жол бастаушы, елдің ақылшысы, халықтың қалаулысы. Яғни, депутат болу – қоғаммен бір болу деген сөз.
Президент Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауын өткізу туралы Үндеу жариялап, саяси шараның мерзімі белгіленді. Бұл жолғы сайлаудың саяси тұрғыда жаңашылдыққа толы болатынын Үндеуден анық аңғаруға болады. Оның ең бастысы, Заңға түзетулер енгізіліп, парламенттік оппозиция институтын құруға қатысты нақты өзгерістер мен толықтырулар жасалды. Саяси партиялар фракцияларының жетекшілеріне пленарлық отырыстарда, тұрақты комитеттерде сөз сөйлеуге кепілдік берілді. Сонымен бірге, партиялық тізімге тұңғыш рет әйелдер мен жастар үшін квота енгізілді. Мұның бәрі егемен еліміздің жаңару мен демократиялық бағытта нақты қадамдар жасап жатқанын білдіреді.
Мемлекет басшысы өз Үндеуінде «Орталық сайлау комиссиясы мен Бас прокуратура сайлаудың заңдылығын, ашықтығын және әділдігін сақтау үшін тұрақты бақылау жүргізіп отырады» деді. Яғни, сайлау әділ өтеді және бұл науқан Президенттің тікелей бақылауында болады. Ол үшін барлық азамат саяси маңызды науқанға жауапкершілікпен қарап, белсенді қатысуы керек. Сонда ғана дамудың жаңа кезеңі өз жемісін береді.
Әлия ТӨЛЕУОВА,
еңбек ардагері,
аудандық мәслихаттың
І,ІІ, ІІІ шақырылым
депутаты