Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәрі жілікте шаңырақтың құты бар

Кәрі жілікте шаңырақтың құты бар

Салт-дәстүрге бай қазақ халқы ықылым заманнан бері ырым-тыйымдарға аса мән берген. Соның ішінде ас дайындап, табақ тартуда кәрі жіліктің қасиетіне ерекше назар аударған. «Кәрі жіілкті жастарға жеуге болмайды» деп өзіндік орны мен тәрбиелік мәнін қалыс қалдырмаған. осы пікірді естіп өскенімізбен, оның себебіне үңілмеген едік. осыған орай Кәрі жілікті босағаға ілудің сыры жөнінде ізденіп көрдік.

Үлкендер кәрі жілікті шаңырақтағы құт пен берекенің негізі екенін айтады.

– Қазанға ет салғанда кәрі жілікке баса мән беру қажет. Ет асқанда алдымен, «Бісміллә» деп осы жіліктен бастап салады. Еттің барлығын ұстап тұратын қасиеті болғандықтан, кәрі жілікті құда табаққа салмайды. Қонаққа, бөтен адамға емес, керісінше үй иесіне немесе жақын ағайынға береді. Мұның себебі «кәрі жілікте шаңырақтың құты бар» деп ырымдалады. Сондай-ақ, өсіп келе жатқан қыз балаға «оң жақта отырып қаласың» деп ұстатпаса, «сұр бойдақ боласың» деген сеніммен бойдақ жігітке бермейді, – дейді «Батыр ана» Клара Байжанова.

Көпті көрген әжейдің айтуынша, бұрын мал сойылып, ет асылғанда кәрі жілікті үйдің үлкені мүжіп, тазалаған.

– Негізі кәрі жілікті «Мал-жанымның амандығы үшін» деп босағаның оң жағына байлайды. Бұл – береке мен ынтымақ, құт пен ырыс шаңырақта мәңгі тұрақтайды деген ырым. «Мұны көріп өскен біз кәрі жілікті құт көреміз. Отбасының қорғаны деп санаймыз. Ұлдарым мен келіндеріме ұдайы оның қасиеті туралы айтудан жалыққан емеспін, – дейді ардақты ана.

Ал, этнографтардың сөзіне сүйенсек, оң босағаға ілінген кәрі жілік тілден, көз сұғынан сақтайды деген наным бар. Босанатын әйелдің бөлмесіне кәрі жіліктерді іліп қою да дәстүрде болған. Сүйектерді санаған аяғы ауыр әйелдің толғағы жиілейді деген сенім психологиялық амал ретінде қолданылса керек.

«Бұдан басқа, кәрі жілікті асып жеген күні түнде оны далаға тастамайды. Халқымыздың ескілікті ұғымынша кәрі жілік құрық ұстаған күзетші, мал-жанды бәле-жаладан аман сақтаушы, ел қорғаушы батырдың бейнесі деп түсінген. Ауыл көшкен күні қариялар керегеге ілінген кәрі жіліктерді қой қораның төріне, қора төңірегіндегі жартас қуысына, тал-теректердің бұтағына арнайы іліп кетеді. Ердің басына да іліп қоятын болған. Мұндағы басты себеп – ағаш, шөп қыстырылған кәрі жілік түн ішінде бейне құрық ұстаған күзетші секілденіп, малды, ер-тұрманды ұры-қарыдан, жаудан, қасқырдан қорғайды деп сенгендіктен», – деп жазады этнограф Болат Бопай өзінің «Қазақ кәдесі» кітабында.

Шаңырақтың құтын келтіретін кәрі жілікті үйдің кіреберісіне іліп қою бүгінде ұмытылып барады. Мүмкін соның салдарынан бүгінде шаңырақтың шайқалуы көбірек орын алып жатқан да шығар. «Сүйекте тұрған не бар?!» дейміз-ау?! Бірақ ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрдің астарында мол тағылым жатқаны анық. Сондықтан бұл дәстүрді қайта жаңғыртып, оны кеңінен қолдана білгеннен ұтпасақ, ұтылмайтынымыз белгілі.

Майя ҚОЖАБАЙ

24 қазан 2020 ж. 377 0