Үлкенге құрмет - ұлттың ұлағатты коды
«Төріңнен қартың кетпесін» дейді қазақтың дана мақалы. Үлкендерге құрмет көрсету - бұл біздің төл дәстүріміздің алтын өзегі.
Жыл сайын осы атаулы Халықаралық қарттар мен Ұстаздар күнінде өздерінің тәлімгерлерін, сала ардагерлерін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының ұжымы да құттықтауды қаперден шығармайды.
"Кезінде отандық медициналық сақтандыру жүйесін енгізу науқанының бастауында тұрған алдыңғы шептегі кәсіби дәрігерлер Қордың облыстық филиалының 1996-98 жылдардағы алғашқы сарапшылары, КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі, дәрігер-педиатр Назира Байменова, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, дәрігер-терапевт Асылбек Өсербаев, талантты экономист Айжан Шерипова, өңірдің аса тәжірибелі дәрігер-ұйымдастырушыларының бірі, Қызылорда облысында педиатрия қызметінің қалыптасуының басында тұрған Иван Тажиевтің есімі Қордың облыстық филиалының тарихына алтын әріппен жазылған. Өкінішке орай, Иван Тажиевич ағамыз өмірден озып кеткенмен біз оларды дәйім есімізден шығармаймыз және құрметтеуден танбаймыз" - деп атап өтті Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов.
Медициналық сақтандыру қоры филиалының ұжымы осы атаулы халықаралық мереке күні ардагерлерді жылы лебізімен құттықтап, естелік сыйлықтар табыстады, және зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және отбасыларына амандық тіледі.
Айта кетейік, тату, ұйымшыл ұжым тәлімгерлік қағидаларын берік ұстана отырып, ондағы аға буын жас мамандардың кәсіби дамуы мен қалыптасуына белсенді ат салысып отырады және бұл – шығармашылық табыстың бұлжымас алғышарты.