Қуаныш ДӘУРЕНБЕКОВ, «Болашақ» университетінің ректоры: Арман мен ұмтылыс жетістіктерге жетелейді
Тамыз айы – мектеп бітіруші түлектер таңдау жасайтын кезең. Осы ретте Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университеті бітіруші түлектерді оқуға шақырады. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, білікті де тәжрибелі оқытушылар жұмыс жасайтын және жетістіктері көп білім ұясы бүгінде студенттердің сүйікті оқу ордасына айналды. Сондықтан аудан тұрғындарының, оның ішінде ата-аналар мен оқушылардың қажетіне жарар деген ниетте университет ректоры Қуаныш Дәуренбековпен сұхбаттасқанды жөн көрдік.
– Қуаныш Қойшығұлұлы, сұхбатымызды университеттің тарихынан, құрылуынан бастасақ.
– Болашақ университеті 1995 жылы Мәскеу экономика, статистика және информатика университетінің филиалы ретінде ашылып, негізі қаланды. Университеттің негізін қалаушы экономика ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, «Болашақ» университетінің ғылыми жетекшісі Бақберген Сәрсенұлы Досманбетов.
Университет беделінің артуы студенттер санының ұлғайып, жаңа мамандықтар ашылуына негіз болды. 1998 жылы университет Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық университетінің филиалы ретінде жұмыс істеуін бастады. 1999 жылы ҚР «Білім туралы» Заңының қабылдануымен, оқу орны дербес тәуелсіз Қызылорда «Экономика, статистика және информатика» университеті болып қайта құрылды. 2001 жылы мемлекеттік лицензия алынып, жоғары оқу орнының атауы «Болашақ» университеті болып өзгертілді. Болашақ университеті 2015 жылдың ақпан айында ҚР БҒМ бақылау комитетінде ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің субъектісі ретінде аккредиттеуден өтті.
– Ширек ғасырлық тарихы бар оқу орнының жетістіктеріне қысқаша тоқталсаңыз.
– Қазіргі таңда университет құрамында институционалдық және мамандандырылған аккредиттеуден өткен «Болашақ» жоғары колледжі және «Болашақ» жоғары медициналық колледжі де ашылып, өз жұмысын жүргізуде. «Болашақ» университеті Сырдың бойында, қаламыздың көркін әсем ғимаратымен келтіріп сол жағалауынан орын алған оқу орны. Қазіргі таңда университетте бакалавриат бойынша 50 білім беру бағдарламасы және магистратураның 6 білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярлауда. Университеттің материалдық техникалық базасы жалпы аумағы 12 гектарды құрайтын заманауи технологиялармен жасақталған 14 қабаттық кампус, университет жанында соңғы үлгімен жасақталған симуляциялық орталық, 400 орындық жатақхана, спорт кешені, 500 орындық атриум залы, қысқы бақтар, электрондық және оқу залымен жасақталған бай қоры бар кітапхана, 150 орындық асхана, білім беру бағдарламалары бойынша кәсіптендірілген зертханалық базалар және жылыжай, «Болашақ ТВ» журналистикалық телестудиясы өз жұмысын жүргізуде. Сонымен бірге, «Болашақ» университетінің 14-қабатында орналасқан ашық терасса арқылы қаланың әсем көркін тамашалауға болады. Қазіргі таңда толық смарт-кампус жүйесін қалыптастыруда университетте 1100 орындық «Болашақ» хол, оқытушылар үйі, дендропарк, медициналық клиника, жағалаудағы ашық аспан астындағы атриум, кинотеатр, бизнес инкубаторды жүзеге асыруға және білім алушылардың ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған технопарк, университет жанындағы зияткерлік мектеп, жастар кешені құрылысы қарқынды жүргізілуде.
– Бүгінде оқу ордасында студенттер қандай мамандықтар бойынша білім алады?
Болашақ университетінде бакалавриаттың 50, магистратура бойынша 6 білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярлауда. Атап айтқанда, «Педагогика және психология», «Экономикалық психология», «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу», «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі», «Бастапқы әскери дайындық мұғалімдерін даярлау», «Музыка мұғалімдерін даярлау», «Бейнелеу өнері және сызу», «Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау», «Кәсіптік оқыту», «Құқық және экономика негіздері мұғалімдерін даярлау», «Математика мұғалімдерін даярлау», «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Биология мұғалімдерін даярлау», «География мұғалімдерін даярлау», «Тарих мұғалімдерін даярлау», «Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау», «Шет тілі мұғалімдерін даярлау (Шет тілі: екі шет тілі)», «Орыс тілінде оқытпайтын мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті», «Логопедия», «Дефектология», «Хореография», «Дизайн», «Аударма ісі», «Медиа-журналистика», «Журналистика және репортер ісі», «Кітапхана ісі, ақпараттарды өңдеу және мұрағат ісі», «Халықаралық қаржы және несие байланыстары», «Экономика», «Менеджмент», «Есеп және аудит», «Қаржы», «Мемлекеттік және жергілікті басқару», «Бағалау», «Құқық қорғау қызметі», «Құқықтану», «Кеден ісі», «Экология», «Компьютерлік жүйелер мен желілер қауіпсіздігі», «Электрондық коммерция», «Информатика», «Ақпараттық жүйелер», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету», «Электр энергетикасы», «Органикалық заттардың химиялық технологиясы», «Мұнай-газ ісі», «Жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының технологиясы мен құрастырылуы», «Құрылыстағы ІТ», «Құрылыс», «Стандарттау, сертификаттау (салалары бойынша)», «Көлікті пайдалану және жүк қозғалысы мен тасымалдауды ұйымдастыру», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Тарих», «Экология», «Экономика», «Педагогика және психология», «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» секілді мамандықтар бойынша мамандар даярлаймыз.
–Мамандықтарға байланысты талдау жұмыстары жүргізіледі ме?
– Карантин кезінде біз мамандықтар бойынша ауқымды зерттеулер жүргіздік. Соның нәтижесінде университет базасында бірнеше жаңа мамандық ашылды. Алдымен интернет желісі арқылы көптеген жаңа мамандардың жетіспеушілігін ескере отырып, электрондық коммерция мамандығы бойынша мамандар даярлаймыз деп шештік. Қоғамда дағдарыс орнаған кезде тұрғындармен психологиялық тұрғыда жұмыс жасайтын мамандардың қажет екені белгілі. Біз сол үшін экономикалық психология мамандығын оқытуды жөн көрдік. Бұл мамандықты біз Саратов қаласындағы Поволжский институтымен бірлескен білім бағдарламасы бойынша ашудамыз. Сонымен қатар интернет-журналистика саласын дамыту бағытында медиа журналистика мамандығын қарастырдық. Ақпараттық қауіпсіздік және компьютерлік желілер мен жүйелердің қауіпсіздігі мамандығын да тізімге қостық. Халықаралық қаржы қатынастары мамандығын Ташкент қаржы институтымен бірлесіп, қос дипломдық бағдарлама негізінде қолға алдық. Бұл өз кезегінде отандық қана емес, халықаралық экономикалық қаржы нарығын зерттеу бағыты бойынша ашылды. Тағы бір ескеретін жағдай, қазір қоғамда сөйлеу қабілетінің кеш дамуына байланысты арнайы күтімді қажет ететін балалар бар. Біз сол үшін жаңа мамандықтар қатарына логопедия саласын да қостық. Сонымен қатар санитарлық гигиена және эпидемиология мамандығы бойынша лицензия тапсырып қойдық, енді оның жауабын күтіп отырмыз. Айта кетейін, университет жанындағы жоғары медициналық колледжінде эпидемиологиялық гигиена мамандығы оқытылады. Егер ұсыныс оң нәтиже беріп, осы бағытта жаңа мамандық ашылса, колледж студенттері оқуын әрі қарай университетте жалғастыра алады.
Университет жанында с.ғ.к., қауымдастырылған профессор Мұрат Насимовтың жетекшілігімен «Болашақ» ғылыми зерттеу институты да өз жұмысын белсенді және нәтижелі жүргізіп келеді.
Сонымен қатар, университеттегі «Bolashak-Start-up” бизнес-инкубаторда білім алушылармен бірге қазіргі таңда пандемиядан кейін халыққа ұсынуға болатын жаңа жобалар бойынша жұмыс жүргізілуде. Білім алушыларға арналған түрлі оқу-тәрбиелік және ғылыми бағыттағы үйірмелер де жетерлік. Университетте мектеп түлектеріне арналған құрылтайшылар және ректор гранттарын беру мақсатында онлайн және дәстүрлі форматтарда конкурстар ұйымдастырылады. Оқу ордасында қашықтықтан оқыту технологиясы арқылы да оқу үдерісін ұйымдастыру жұмыстары 10 жылдан бері ұйымдастырылып келсе, қазіргі таңда аймақтық «Қоғам ТВ» телеарнасында «Болашақ сабақтары» айдары және 2009 жылдан бері «Болашақ аялдамасы» телесериалы да үздіксіз эфирде беріліп келеді.
– Оқытушылардың құрамына тоқталсаңыз.
Қазіргі таңда университетте 200-ге жуық профессор-оқытушылар қызмет етуде. Олардың ішінде ғылым докторлары, ғылым кандидаттары, магистрлер мен профессор және академиктер қызмет етуде. Университеттің профессор-оқытушылар құрамы біліктілік талаптарына сай келеді және әрдайым біліктілік арттыру курстарынан өтіп отырады. Сонымен қатар, университет білім алушылары үшін шетелдік ғалымдар да әрдайым дәріс оқып отырады. Атап айтар болсақ, Ресей, Қытай, Өзбекстан, АҚШ, Германия, Оксфорд колледжі, Украина, Малайзия, Оңтүстік Корея, Түркия Республикасы ғалымдары дәріс береді. Сонымен бірге, университет кафедраларының өндіріс орындарында филиалдары ашу негізінде практикалық және зертханалық сабақтар мекемелерде өткізіледі. Бұл өз кезегінде білім алушылардың тек теориялық емес, тәжірибелік құзіреттіліктерін бірден мекемеде өткізуге мүмкіндік ала алады.
– Білікті оқытушылардан дәріс алып жүрген сырдариялықтардың қатары көп пе?
– Университет контингенті 5 мың шамасында білім алушыларды құрайды. Оның ішінде облысымыздың барлық аудандары, Қазақстанның басқа қалалары мен шетел азаматтары да білім алуда. Сырдария ауданының тұрғындары да оқиды және өте белсенді студенттер осы ауданнан көптеп шығуда. Сонымен қатар, Болашақ университетінен Сырдарияның талай мықты мамандары да түлеп ұшып, университет мақтаныштары болып отыр. Сонымен бірге, университет профессор оқытушылары арасында сырдариялықтар бар. Олардың қатарында ағылшын тілі маманы Тұраш Дәдікбай, «Жалпы білім беру және құқық» кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты Гүлнар Арғынбекова, «Құрылыс, мұнай, логистика және биология» кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты Ғалия Әлібекова, «Экономика, аудит, бизнес және басқару» кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының кандидаты Айман Райымбекова мамандар даярлауда бар күш-жігерлерін салып еңбек етуде.
– Үлкен университеттің ректоры ретінде түлектерге қандай ақыл-кеңес айтасыз?
– Жастар белгілі бір мамандық иесі болуды оқушы кезінен бастап армандауы және соған ұмтылуы керек. Арман мен ұмтылыс жетістіктерге жетелейді. Осы ретте жан-дүниесіне жақын, икемі келетін саланы таңдаса, алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайды.
Сұхбаттасқан
Балтабай ОРДАБЕКОВ