Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Данышпандық — әйелдерге қарағанда ерлерге көбірек тән қасиет

Данышпандық — әйелдерге қарағанда ерлерге көбірек тән қасиет

Нью-Йорк, Денвер және Гарвард университеттерінің ғалымдары арнайы зерттеу жасай келе, әйелдерге қарағанда ерлердің таланты көбірек мойындалады деген тұжырым жасады. Зерттеу Journal of Experimental Social Psychology ("Эксперименталды әлеуметтік психология") журналында жарияланды. Сауалнамаға қатысқан 78 ел азаматы бұған сенімді, яғни, "данышпандық — әйелдерге қарағанда ерлер көбірек тән қасиет" деп есептейді.

Тәжірибе барысында гендерлік стереотиптің  кең таралғаны анықталды. Адамдар көбінесе өз ойларының нақты осы шеңбер аясында қалыптасқанын мойындағысы келмейді. Яғни, ерлер интеллектінің деңгейі әйелдерге қарағанда әлдеқайда жоғары деген түсінік қазіргі қоғамда автоматты түрде пайда болады. 

"Данышпандық тек ерлерге тән деп ойлау көптеген әйелдің мансабына зиянын тигізіп, олардың жетістікке жетуіне кедергі келтіруі мүмкін", - дейді Денвер университетінің психология кафедрасының доценті және зерттеудің жетекшісі Дэниэл Сторэдж. 

Зерттеуге 78 елден 3000-нан астам адам қатысқан. Олардың қатарында ересек ерлер мен әйелдер және 9-10 жас аралығындағы ұлдар мен қыздар болған. Эксперимент барысында қатысушыларға адамға тән қасиеттер жазылған қағаздар көрсетілді. Оларға берілген тапсырма сол қасиеттердің ер адаммен не әйелмен ассоциацияланатынын жазу болды.

Тәжірибе соңында ғалымдар жауаптардың жылдамдығын салыстырып көрген. Көпшілік данышпандықты көп ойланбастан ер адамдарға тән деп көрсеткені белгілі болды. 

Ғылыми жұмыс авторлары мұндай тақырыптарды бірнеше бағытта және өте мұқият зерттеу керек деп санайды.
07 тамыз 2020 ж. 315 0