Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жағдайдың ушығуына жол берілмейді

Жағдайдың ушығуына жол берілмейді

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті жиынын өткізіп, елдің бүгінгі ахуалын егжей-тегжей баяндады.

Шын мәнінде елдегі төтенше жағдай аяқталғаннан кейін карантиндік шаралардың босаңсуына байланысты эпидемиологиялық ахуал сын көтермей кетті. Қауіпті індеттің таралуы жылдам өсіп, вирус жұқтырудың жаңа ошақтары пайда бола бастады. Халықтың арасында санитарлық талаптардың сақталмауы салдарынан жағдай тіпті ушығып кеткені байқалады.

Әлеуметтік желіні ескен түрлі ақпарат елдің үрейін ұшырды. Жаппай қиналған халықты көргендер ендігі жерде кімнен көмек болатынын білмей дал. Сондықтан Президент ақпараттық жұмыстарға қатысты тәсілді түбегейлі өзгерту қажет екенін айтты. Жауапты тұлғалар өткізетін тұрақты брифингтерді жолға қойып, індет жұқтырған кездегі іс-әрекеттердің алгоритмі жөнінде халықты нақты әрі сапалы ақпаратпен қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді.

– Телеарналарда тікелей эфир арқылы дәрігерлерден кеңес алып, тұрғындардың сұрақтарына нақты жауап беретін бағдарламалар ұйымдастыруға не кедергі? Азаматтарға емделудің протоколы мен алгоритмін жеткізу керек. Дәрі-дәрмектер мен оны пайдалану жөнінде түсіндіру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы бағаны тұрақтандыруға, азаматтарды қажетті азық-түлікпен, жұмыспен қамтамасыз етуге, экономикалық белсенділікті арттыруға және цифрлық технологияны дамытуға қолдау көрсету қажеттігін атап өтті. Әрине бұл өте орынды және халыққа бүгінгі күнге ең қажетті де маңызды мәселе.

Пандемия басталғалы барлық саладағы цифрлық технологияның осал тұстары көрініп қалды. Әсіресе білім саласына бұл жағдай оңайға соқпады. Әрбір баланың компьютерлік сауаттылығымен қатар барлығының қолында қажетті гаджеттердің болмауы толыққанды білім алуына кедергісін келтірді. Тосыннан келген жағдайға ата-аналар да абдырап қалды. Сондықтан алдағы уақытта орын алған олқылықтарды болдырмаудың жолы осы бастан қарастырылуы қажет деп ойлаймын.

Тұрғындар арасында індетке байланысты сұрақ көп. Олардың барлығы арнайы сайтта ашық айтылған. Барлық сауалдарға жауап берілуі тиіс. Себебі оның артында халық пен билік арасындағы сенімнің қаншалықты деңгейде деген сауал бар.

Президент Үкіметті шұғыл шара қабылдаумен қатар, пандемияның ұзаққа созылуына дайын болуға бірқатар тапсырма берді. Мемлекеттің басты байлығы адам өмірін сақтап қалуда қауіпті індетпен күресуде әркім өзінен бастап, санитарлық талаптарды сақтағаны жөн. Қорқынышқа бой алдырмай, ағзаның сауығып кетуіне ең бастысы сенім, жақсы көңіл-күй қажет екенін айтты.

Қауіпті індеттің осылай жылдам таралуына тосқауыл қоюдың бірден бір кепілі көпшілік шоғырланатын жерге барудан бас тартып, ең басты қорғаның өз үйіңде қалу екеніне көз жететін уақыт жетті.

Бибісара ЖАНӘЛІ






01 шілде 2020 ж. 320 0