Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өз саласының білгірі

Өз саласының білгірі

Тілшілік тіршілікте аудандағы барлық мемлекеттік мекемелермен тығыз байланыста жүреміз. Жақында ғана аудандық «СЭС» деп аталып кеткен мекеме маманымен кене улау науқанына қатысқан едім. Сол жерде Оралбай ағаймен алғаш таныстым. Бір қарағанда қарапайым жан болғанымен, қызмет бабында ол кісіні мүлдем танымайды екенсің. Себебі тәртіп пен тазалықты жақсы көреді және соны талап етеді. 30 жыл бойы аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының эпидемиологиялық бөлімінде бас маманы қызметін атқарып келе жатқан Оралбай Қошанұлы туралы сөз етпекпіз.

Қоғамның кез келген саласында кадр мәселесінің маңызы зор. Әсіресе мемлекеттік қызметте жүрген мамандардың білімді де білікті болуы сол саланың артуына тікелей ықпал ететіні сөзсіз. Өйткені еліміздегі саяси-экономикалық жағдайдың тұрақтылығы мен қоғамдық қатынастардың қалыптасуы мемлекеттік қызметке байланысты.

Оралбай Сәрсембай – Қармақшы ауданының тумасы. Ата-анасының қызмет бабына байланысты Тереңөзек кентіне 1970 жылы көшіп келеді. Алғаш мектеп табалдырығын 1973 жылы аттаған ол оқуды аяқтаған соң бір жылдай механизатор болып еңбек етеді. Кейін әскер қатарына қабылданып, Польша мемлекетінің Кеншица қыстағында азаматтық борышын өтейді. Ал 1987 жылы білім алуға ұмтылған жас Шымкент қаласындағы медициналық училищеге оқуға түседі. Міне осы кезеңде оның басты арманы орындала бастайды. Оқуды аяқтаған соң туған жерге емес, өсіп-өнген ауданға келіп еңбекке араласады. Аудандық медицина саласының дамуына өз үлесін қоса жүріп, абыройлы қызмет етеді. Бүгінде әріптестері мен өз ортасында адал қызметте жүріп, алғыс арқалаған жан. Ақкөңіл, кішіпейіл мінезі тағы бар.

Жары Қуанышкүл Сәрсембаева да бұл саладан алыс жан емес. Аудандық емханада медбике болып жұмыс істейді. Олар отбасында бір қызбен үш ұл баланы тәрбиелеп отырған ардақты әке мен аяулы ана. Тұңғыш ұлы Нұрсұлтан да әке жолын қуған ақ халатты абзал жан. Ол аудандық емханада «фельдшер» маманы. Нұрсұлу есімді қызы білім жолында өз бағын сынап жүр. Ағылшын тілін еркін меңгерген магистр. Кейінгі ұлы Өміржан да Ұлттық ұлан сапындағы әскери бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жатыр. Ал кенжесі Нұрдәулет мектепте оқиды. Бала тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарайтын кейіпкеріміз өзінің ұл-қыздарына да қатал екен.

– Ұрпақ тәрбиесі ұлттың болашағы. Сондықтан отбасында жақсы тәлім мен тәрбие көрген бала, жүрген ортасында соны көрсетеді. Балаға қатал болған жөн. Әрине өз орнымен қаталдық көрсетесің. Біздің ата-бабамыз «ұят болады, обал болады, жаман болады» деп үш-ақ ауыз сөзбен тәрбие берді емес пе?! Соның дәлелі біздерміз. Қызға қырық үйден тыйымның да астарында үлкен мән жатыр. Өз отбасында әкесінен мейірім көрген қыз бала болашақ барған жерінде күйеуіне және оның отбасына аса мейіріммен, жауапкершілікпен қарайды. Сондықтан жалғыз қызымды аялауға тырысамын. Ал жігіттерге барынша қаталмын, – дейді Оралбай Қошанұлы.

Оралбай Қошанұлының болмысынан батырларға тән ержүректік пен қайсарлықты байқайсың. Білім мен ізденісте жүрген еңбегіне жасалған сый да аз емес. Респуликалық, облыстық және аудандық Алғыс хаттармен марапатталған.

– Бүгінгі күні мемлекеттік қызметшілерге үлкен міндет жүктеліп отыр. Оның жұмысы терең білімділік пен іскерлікті ғана емес, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан адам құндылығына қызмет ету қашанда мерейлі екенін ойласақ, өз тағдырын сеніп тапсырып, кәсіби мамандардың шеберліктері мен біліктіліктеріне сенім артқан жандардың көңілінен шығу қашанда қиын екені даусыз. Халқымызда «Билігі мықты елдің – тірлігі құтты болады» деген сөз бар, – деп аяқтады өз сөзін кейіпкеріміз.

Сондықтан міндеті ауқымды жұмысты атқаруда мемлекеттік қызметшілерге абырой тілейміз.

Майя ҚОЖАБАЙ 
23 маусым 2020 ж. 751 0