Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өткерді ұйқысыз сан күнді...

Өткерді ұйқысыз сан күнді...

Құқық қорғау саласы қиындығы мен қызығы көп мамандықтар қатарында. Ал бала күнінен осы кәсіптің нағыз майталманы боламын деп армандаған шағандық Шорабек Төребекұлы – бүгінде зейнетке шыққан ардагер. Жұмыстан босағанымен әлі күнге дейін аудандық полиция бө­лімімен тығыз байланыста. Себебі елі­не адал қызмет ету перзенттік борышым деп біледі. Сондықтан да қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысуда. Мереке қар­саңында еңбек ардагерімен кездесіп, қыз­меттік кезеңді еске түсірдік.

Шорабек Жансейітовтің есімі жалғыз Шағанға ғана емес алыс-жақын елді мекендерге де етене таныс. Ол 1957 жылы қасиетті Шаған топырағында дүниеге келіп, аталған ауылда ер жетті. Кейін мектепті аяқтаған соң, әскер қатарына алынды. Ел алдындағы әскери міндетті орындап келген соң ішкі істер саласына қызметке қабылданады.

– Бала күнімде әлі есімде «постгаи» аталып кет­кен ауылда бекет болатын. Менің үйім ауылдың кіреберісінде орналасқан еді. Кішкентаймыз, «осы жерде жұмыс істеп, еңбек етсем ғой» деп армандап жүретінмін. Бағымызға орай 1972 жылы әскерден оралған соң сол бекетте маи қызметкері болып 9 жылдан аса еңбек еттім. Кейін Іңкәрдария ауылының учаскелік полициясы және сол кездегі аудандық ішкі істер бөлімінің тергеу саласында жұмыс жасадым. Үлкен ел сыйлаған кісілерден тәлім алдым. Олардың қатарында Р.Күдебаев, М.Маханов, Б.Италмасов, Н.Қартбаевтар бар. Бала күнгі арманым шындыққа айналып, бүгінде соңын жемісін көріп отырмын. Ұйқысыз талай күндеріміз өтті. Мереке күндері қатаң режимде жұмыс істедік. Отбасымнан гөрі жұмысқа көп уақыт бөлетінмін. Үйдегі жұбайым ренжейтін еді. Ал еңбек демалысына шыққанда алғаш болып қуанған сол кісі, «енді қасымызда боласың» дегені әлі есімде, – дейді ардагер тергеуші.

Расында да өмірде нақты жұмыс уақыты жоқ маман иелері саусақпен санарлық. Соның бірі де бірегейі осы құқық қорғау саласының өкілдері дер едім. Қауіп пен қылмыс аяқ асты жасалады. Сол кезде оқиға орнынан табылып, жедел тергеу қызметіне кірісу міндеттері.

Шорабек Төребекұлы зейнет демаласына шықса да аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен тығыз байланыста. Артынан ерген ізбасар жастарға үнемі жол сілтеп, ақыл-кеңесін айтып отырады. Отставкадағы полиция майорының бұл қасиетіне қарап, ел үшін туған азамат екеніне сенесіз.

– Жақында ғана ауданға жаңа қызметке кіріскен полиция бөлімінің басшысы Н.Ибраимов мырзамен жолықтым. Сол кезде ауданға осы елді мекеннің тұрғылықты азаматтарын жұмысқа тартуды ұсыныс ретінде жеткіздім. Себебі сырттан біреу келіп, біздің аймаққа төл перзентіндей қарай алмауы мүмкін. Ал елге адал қызмет ететін азаматтар керек. Сондықтан жаңа басшыға өз пікірімді жеткізіп, жаңа жұмысқа сәттілік тіледім. Үнемі халықтың арасында жүрген соң, үйде отырып демала алмайды екенмін. Әйтеуір қоғамға, елге пайдамыз тисін дейміз ғой, – деді Шорабек Жансейітов.

Еңбек ардагері – тек қоғамда ғана емес отбасында да ардақты әке, немерелерінің сүйікті атасы. Бала шағынан бірге өсіп, бір ауылдың топырағында дүниеге келген шағандық Кәмилә Сарыбаевамен шаңырақ көтерген. «Жарыңыз туралы айтып беріңізші, қалай таныстыңыздар дегенімде» аздап ғана күліп «жас болдық қой, бірге жүрдік, кейін үйлендік» деді бір ауыз сөзбен. Бірақ Шорабек Төребекұлының жүзінен сол кезеңдерге деген сағыныш пен ыстық махаббаты көрдік. Дүниеге төрт перзент әкеліп, оларға сапалы білім мен тәлімді тәрбие берді. Үш ұл мен бір қыздан тараған 16 немеренің ортасында үлкен әулет атанып отыр. Тек ел қамын ғана ойламай, отбасының шаңырағын құлатпай ұстап жүру бүгінгінің азаматтарына үлкен үлгі дер едік.

– Қазіргідей әлемді шарпыған пандемия кезінде біздің құқық қорғау саласының қызметкерлері өз мамандықтарына адал екендіктерін дәлелдеді десем артық айтқаным емес. Халықтың арасында полиция қызметкерлеріне деген сенімсіздік басым екенін несіне жасырамыз. Біз саяси ұстанымға емес, халыққа қызмет етуіміз керек. Себебі елдің тыныштығы мен амандығы Конституцияда да басты байлық деп жазылған. Кейде заң шығарушы органдардың қабылдап жатқан өзгерістеріне көңілім толмайды. Ал соңғы кезеңде көп талқыланып жатқан мал ұрлығы қылмысының аса ауыр қылмыстардың қатарына жатқызу туралы шешім шыққанда қуандым. Себебі біреудің бейнетін, нанын жеу біздің ұлтымызға тән қасиет емес қой. Ар алдында да абыройымызды ойлағанымыз жөн, – деді еңбек ардагері.

Аға буын өнегесін өскелең ұрпаққа үлгі етіп, оларды патриоттық, еңбексүйгіштік рухта тәрбиелеуде сүбелі үлесін қосып келеді. Осынау мерейлі күнде Шорабек Төребекұлының отбасына бізде амандық тіледік. Жүрегі елім деп соққан азаматтар барда елдің қуаты азаймасы анық.

Майя ҚОЖАБАЙ 


23 маусым 2020 ж. 867 0