Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаралыстан ғибрат алу

Жаралыстан ғибрат алу

Мәдинаның жұрты пайғамбарға жиі келіп, сан түрлі сұрақтар қоятын. Бір күні бір момын күн бата ауласында демалып отырған пайғамбарға келді де:
– Иә, расул, сізде сұрағым бар, – деді.
– Сұрай қой, екі құлығам сенде, – деді пайғамбар.
– Біздің Құран кітап  адамды Алланың орынбасары, жердегі халифі дейді. Мен де солай десем, мына надан бауырларым «қайдағы орынбасар? Адам тек Құдайларға құл болады» деп дес бермейді. Құраннан аят айтсам «кітабың қате» дейді.  Осыған не уәж айтсам болады? – деді.
– Мен саған бір мысал айтайын. айналаңа қарашы. Не көріп тұрсың? Тау, тас, ағаш, аспан. Осының бәрі сенің игілігі үшін жаралған десем сенесің бе? Қарапайым ғана түсіндірейін, аспанға жұлдыздарға қарап, бір сәт ойланып көрші. Шебер  Алла адамның игілігі үшін миллиардтаған жұлдызды ғарышта самсатып жағып қойды. Осы сан-санақсыз жұлдыздар мінсіз тәртіппен аспанды шыр айналып, бізге жол сілтеп жүр. Ана Темірқазыққа қара, – деп желдік тұста қозғалмай тұрған Темірқазық жұлдызын нұсқады. Қонағы жұлдызға назар салды.
– Бүтін жұлдыз аспанды шыр айналғанда Темірқазық тапжылмай тұра береді. Теңіздегі кемелер, құмдағы керуендер қараңғыда жұлдызға қарап  жол табады. Олар болмаса түнде сапар шегу мүмкінсіз болар еді. Кемелер адасып, жарға соғылып  опат болар еді.  Алланың адамға берген бір нығметі осы. Осыншама жұлдыз адамзаттың игілігі үшін ғана жанып тұр. Болмаса, жан-жануарға, бақа-шаянға, құрт-құмырсқаға, жұлдыз әлеміндегі  темірдей тәртіптің не керегі бар? Қандай түйе, не болмаса өгіз  Темірқазыққа қарап, бағытын айқындаушы еді? – деді. Сахаба әсерленіп аузы ашылып отырып қалды. Пайғамбар мұнымен тоқтамады. Ол енді ай жаққа ишара жасап:
– Кезегімен келіп кетіп, аспанда ауысып тұрған күн мен айдан ғибрат ал. Күннің ішінде жанып жатқан от бар. Айда от жоқ, құр тас. Ай өзінің сәулесін күннен қарызға алып, түнде бізге соның шуағын төгеді. Егер толған ай түнде де күн сияқты от шашатын болса, бәріміз ыстықтан қаталап өлер едік. Түнде тынығып тыңаймас едік. Айдың шамалап қана түсірген нәзік нұры айналаны әдемі жарыққа бөлейді. Ай болмаса түндегі тіршілік тас түнекке оранып, қорқынышты күйге енер еді. Уақытты да туған ай мен толған айға қарап санаймыз. Аспанда ай жаңарып, өсіп-өніп тұрмаса Шағбан, Режеп, Рамазан сияқты айлардың қашан кіріп, қашан шыққанын білмес едік.  Сондықтан, аспандағы ай  адамзат үшін ғана аспанда Алланың әмірімен ілініп тұр. Адамнан басқа айуанға   уақыт өлшеп, айды аптаға, аптаны күнге, күнді сағатқа шағып не керегі бар?- деді. Қонағы ескерткіш сияқты қатып қалды. Жыланға арбалған торғайдай болып, пайғамбардың аузына кіріп кете жаздап тыңдап отырды.
— Бұл жерде және бір ғибрат бар. Ол ғибрат – Алланың пендесіне деген әділдігі мен мейрім шапағаты. Күн де, ай да, жұлдыз да күллі адам ұрпағына тең дәрежеде қызмет етеді. Олар адамды «мынау кәпір, мынау мұсылман» деп бөлмейді. Бәріне бірдей жылу мен шуақ шашып, Алланың әділдігін паш етіп тұр, – деп бір тоқтады.  Қонағы мынадай шырынды әңгімені естігенде аузының сілекейі ағып, сілейіп отырып қалды. Пайғамбар алдында кесе толы шұбат бар еді. Ол шұбатты алды да әңгімесін қайта жалғады.
– Мына  кеседегі шұбатқа қара. Бұл сусын адамның бойындағы мың бір
дертке дауа. Шұбаттағы шипалық қасиет әу баста қара жердің құнарында   жатыр еді. Оны тікен шөптер тамырымен сорып, бойына жинады. Бірақ ащы жантақты мал ғана жей алады. Түйенің тілін тікен теспейді. Ол тікенекті  шайнап, қарынға тастайды. Бозінгеннің асқазаны тікенекті шәрбат суынға айналдырып, желінге жинайды. Сол желіндегі қымыранды оп-оңай сауып, біз қазір шұбат ішіп отырмыз. Шебер Алла сүт пен шұбатты малдың қаны мен жынының ортасынан құдіретімен айырып шығарады. Жомарт Алла осы нығметтің бәрін адам үшін жаратты. Өзің ойлап қара, егер сол жантақты адам жесе не болар еді? Не болмаса құнарлы топырақты біз жей алар ма едік? Сондықтан терең ойланып, пікір ететін пенделер үшін ағарған айран-сүттің өзінде Алланың хикметтері толып тұр, – деді. Қонағы мынадай шырынды әңгімені ерекше ықыласпен тыңдап отырды. «Тыңдаушы ықыласты болса, сөйлеуші шешен болады» дегендей пайғамбар да шешіліп, шешен сөйлеп кетті.
– Енді мына нанға жағып жеп отырған әселге назар сал. Түбі қайда еді?
Дастарханға қайдан келді? Кім бұлайша оны ерекше тәтті, айрықша шипалы етіп жасаған? Ойланып қарасақ, бұл бал бізге бармақтай араның асқазаны арқылы келді. Ұлық  Алла оларға «тау мен талды  аралап, құтты жерге ұя сал. Сосын күллі өсімдіктің гүлінен тозаң жина» деп әмір етті. Олар әмірге бағынып, ұйымдасып тәртіппен іс қылады. Гүл  мен шөптің нәрін алып, шаршамай еңбек етеді. Ұясына батпандап бал жинайды. Олардың адам көзіне көрінбейтін жіңішке қарындарынан алуан түсті бал шығады. Араның  балы – шипалы дәрі. Адамның бойындағы тоқсан түрлі кеселді жояды. Қалай ойлайсың, сол гүлдерді біз де жесек, біздің асқазан олардың тозаңынан шипалы балды өз бетінше айырып алар ма еді? Аурумыздан айығар ма едік? – деп қонағына қарады. Ол «жоқ» деп басын шайқады.
– Дұрыс айтасың. Бал арасы болмаса әрі тәтті әрі нәрлі дәрі-дәрмекті ешқашан да қолға түсіре алмас едік. Ұсақ жәндіктер ұлық Алланың рахман сипатын әйгілеп, далада ұшып жүр. Олар жиған балын бергенде «мынау кәпір, мынау мұсылман» деп адамды алаламайды. Жиған асын бәріне тең ұсынады. Терең ақылмен ойланатын пенде болса, араның ұясы балға ғана емес, Алланың хикметіне де толып тұр. Бұдан да қызығы бал арасы шағатын болса — оның уы да адамға ем. Алланың құдіретіне қара. Шебер Құдай құйтақандай жәндіктің инедей тіліне бал, құйрыған у жасырған. Бірақ екеуі де адамға шипа. Осы нығметтің бәрін жомарт Алла арыстан не болмаса жолбарыс сияқты аңдар үшін жаратқан жоқ. Сені мен менің игілім үшін жаратты, – деді. Сахаба, әңгімеге елітіп, басын изей берді. Пайғабар ғибратты әңгіменің желісін жалғай жөнелді.
– Құдай Құранда «ей, адам ұрпағы ішкен-жеген тамағыңа назар сал» деп жиі ескертеді. Адам баласы мал сияқты бір ғана өсімдікпен қоректенбейді. Біз күн сайын неше түрлі жеміс пен жидек жейміз. Ет жеп, сүт ішеміз. Түр-түсі, дәмі мен құрамы әртүрлі болып көрінгенімен бәрінің түбі топырақ пен су. Жеп отырған қолыңдағы  құрмаға қара. Құрма ағашы барлық бүкіл нәрін тамыры арқылы су мен топырақтан тартады. Гүлдеп піскен кезде қуатты һәм тәтті тағамға айналады. Керуендермен келіп, базарда сатылып жатқан кез-келген тағам топырақ пен судан шығады. Қара жерден өсіп өнеді. Нанның түбіне назар сал. Түбі бидай. Топырақ пен суден нәр алып дәмді нанға айналады. Қалдық боп жерге қайта сіңеді. Одан шабдалының тамырымен ағып келіп, басқа жеміске өзгереді. Шабдалыдан жалықсаң шебер Алла оның қалдығын топыраққа сіңіріп, қызыл моншақ анарға айналдырып, алдыңа тағы тосады. Анардан жалықсаң інжірден дәм тат. Інжірге көңілің соқпаса, жүзімнің рахат көр. Жүзім таусылса зәйтүн шығады. Жеміс-жидекке зауқың соқпаса, малдың етін же. Осылайша адамзаттың ас-ауқаты жыл он екі ай түрі мен түсін, дәмі мен құрамын ауыстырып, жаңартып адамды жалықтырмай тіршілікке жалғап отырады. Есіңде болсын, осыншама түрленіп, алуан түрлі дәммен қызыл тілді үйіріп, сілекейді шұбыртып тұрған бүкіл жеміс пен жидек, су мен сусын, ас пен ауқат, азық-түлік, дәнді-дақыл түптің түбінде қара топырақтан тоқтаусыз шығып жатыр. Біз не жесек те, не ішсек те топырақ жейміз. Бірақ, адам  ұрпағы Оның халифасы болғандықтан  Раббымыз оларды әртүрлі жеміс-жидекке өзгертіп, кереметпен білдіртпей тұр. Топырақ пен судан түзіліп, таңдайымызға тамып тұрған барлық дәмді ас ауқат — адамға ғана нәсіп болған нығмет. Адамнан басқа бір де бір мақұлық бұлардың рахатын көрмейді. Адамнан бөлек кез-келген жануар, не айуан тамақтың бір ғана түрін жеп ғұмыр кешеді. Өзің ойлап қара, ит сияқты өмір бақи жуынды жеп күнелте алар ма едік? Қой сияқты тек қана шөп жесек күніміз не болар еді? Түйе сияқты жантақ шайнасақ ше? Адамдар ғана бірін-бірі қонаққа шақырып, бар дәмдісін көңілі сүйген кісінің алдына тарта алады, – деді. Сол кезде сахабасы:
– Иә, Алланың елшісі, сіз мені жарты сағатты дана қылдыңыз, –  деді шын риза болып. Пайғамбар:
– Енді саған менен бір сұрақ болсын, – деді.
– Ләббай, тақсыр.
– Енді осыншама нығметті тегін пайдаланған адам ұрпағы бұ дүниеде не істеуі керек? Жомарт Алла осыншама әлемді бір ғана адамға бағындырып, игілігі үшін бар жақсыны  жасағанда ақысына бізден не тілейді?
– Иә, расул Алла, жауабын сіз жақсы білесіз. Өзіңіз айтыңыз, – деді қонағы.
– Ұлық Алла бар дәмдіні, бүкіл нығметті аузымызға тосып, ғарыштағы қисапсыз жұлдыздан бастап, жердегі құжынаған араға дейін бүкіл жәндікті бізге бағындырып бергенде, бізден тілейтіні әділдік пен мейірім-шапағат! Біз осыншама ағыл-тегіл тегін нығметті пайдаланған соң қиянат атаулыны жойып, күллі адамның теңдігі мен әділдігі үшін күндіз-түні еңбек етуіміз керек. Сонда ғана құт қонып, береке дарыған байтақ елде бақытты ғұмыр кешуге болады, – деді.
– Иә, Алланың елшісі, сізге тағы бір сұрағым бар.
– Кәне қоя қой.
– Сізді тыңдағанда жүрегім  нұрға толып, ақылым қарыштап өседі. Мен  де сіз сияқты дәл осылай ой толғап, ақыл өсіргім  келеді. Бірақ, үйіме барсам болды миым  шырмалып, ойым  сол заматта  шабан тартады. Оның сыры неде?
– Себебі,  жүректе ақылға ой тамызып отыратын бір періште болады. Оның қасында көңілге күмән себуші бір сайтан періштемен жағаласып және тұр. Сен періштенің ойынан қуат аламын дегенше, сайтан малғұн күпір ойларды кеудегі бүркіп үлгереді. Яғни, екеуі қатар келіп, жүректі тырсылдатып, тырналап, мазасын қашырып, жанталасып, айқасып  жатады. Сондай кезде кеудеңе хикметті пікір келсе бұл Алланың пазылы деп білгейсің. Сосын дереу, Аллаға таспиқ-тәһлил айтып, мәнді ойдың жүрекке  сіңіп, көңілге тоқылуына жол аш. Ал егер, күпір ой көңілге кірсе дереу Алладан пана тіле. Әдетте, сайтан сендерді кедейлікпен қорқытады. Ондай кезде кәлиманы көп қайталап, зікірге тілді үйір қылыңдар. Сол кезде сайтанның шабуылы тез тоқтайды. Алланың есімі айтылмаса жүрекке сүлік сияқты жабысып тұрған сайтын, опасыз ойларды түйдек-түйдегімен лықсытып ағыза береді. Опасыз ойдың ілгегіне  бір рет ілінсең  қайта босанып, ақылды азат қылу қиын болады, – деді. Сахабаның жүрегі тітіркеніп кетті.
– Иә, расул Алла, сіз жаңа  жүректе бір періште бір сайтан отыр дедіңіз
– Ия.
– Мені мынадай сұрақ мазалайды. Сол сайтан сіздің де жүректе жайғасқан ба? – деді.
– Әлбетте, бар. Бірақ, Ұлық Алла маған жәрдем етті. Мендегі сайтанның мойнын үзіп, мұсылман қылды. Ол маған қайырлы істі ғана айтып тұратын болды. Мені мазаламайды.
– Ал, біз ше?
– Сендерге Ұлық Алла өзінің тоқсан тоғыз есімін Құранда паш етті. Алланың есімдерімен  дұға жасап, тілек тілеу мұсылманның ғана маңдайына жазылған ұлы бақыт! Алланың есімдері көп айтылса сайтанның сағы сынады. Әрбір ықыласпен айтылған кәлима — сайтанның денесіне шаншылған үшкір найза. Осылайша, таза жүрек пен нұрлы ойды сайтанның ырқына бермес үшін  тағат қылып, ораза ұстап, намаз оқып, өмір алаңын рухани күреспен өткізесіңдер. Неғұрлым тағатың мықты болса, соғұрлым Тәңірдің  алдында абыройлы құлсың. Егер ыждаһат етіп, жүректі жауға бермесең, Алланың ақиқат нұрын табасың. Ол кезде ұлық Алланың барлық нығметі сендерді өзі іздеп табады. Атақ та, абырой да, байлық та, мансап та ақжүрек момынды өзі іздеп келуі тиіс. Ал, егер көңіл кірге толып, жүректі тот басып, ақиқаттың шырағын сөндіріп алсаң, бүкіл нығмет сенен алыстайды. Тіпті келмеске кетеді. Сондықтан күпір ой мен күмәнді пікірден сақтанып, жаралыстан ғибрат алуға дағдыланып алыңдар. Ақылмен жасаған құлшылықтың бір сағаты — алпыс жыл күндіз ораза, түнде тоқтаусыз намаз оқығанға тең болады – деп әңгімесін аяқтады.

14 маусым 2020 ж. 493 0