Айдарлы атауы қалай шықты?
Тарихтың күнде бір беті ашылады. Ұмыт қалған елеусіз естеліктер көнекөз кісілердің айтуымен қайта жаңғырып, жарыққа шығып жатса қандай жарасымды! Көзден көшпейтін, жүректен өшпейтін жылнама тереңнен қозғасаң тамырын жая түседі. Адамның жан дүниесі ашылмаған арал, шешілмеген жұмбақ тәрізді ғой, кәрі тарихтың көзі, айтары бар аталарды іздеп тауып, өткен-кеткеннің шежіресін түгендесең жұп-жұмыр дүние құралады екен. Біз Айдарлы ауылының байырғы тұрғыны, абыз ақсақал Асан Рүстембековпен кең көлемде әңгімелесіп, мынадай өшпес өзекті жалғадық.
...Қазіргі Айдарлының арқа бет, шығыс жағында, бүгінгі Жетікөл каналынан бір шақырым әріде құм төбе бар. Ертеректе етегінде ел отырды, мектеп болды. Сол мектепте оқыған адамдардың әлі көзі тірі. Бұрындары биіктеу болатын, мүжіліп, жел айдап, жиектері желінді.
Ну тоғайдың нышаны қазір ізім-ғайым жоғалды. Селдір шаштай қауқиып қоянсүйек, орны опырылып оталған жыңғылдың түбі қалды.
Құм төбенің басында жалғыз сексеуіл ағашы өсетін. Балтаның жүзі тимеген, бұтағы бүтін ағашты паналап, талай кісі тал түсте көлеңкелеп отырғаны белгілі. Ол кезде ары-бері кезген жолаушы көп, біреу келіп, біреу кетіп жатқан аумалы-төкпелі заман. Аштықтың азабымен Арқадан ауған адам аз ба, жол, жөн сұрасу жоқ, кеудесінде жаны бардың басымен қайғы бүлік заманы еді ғой.
Бірде бір бала сол жалғыз түп сексеуілдің көлеңкесінде жатып, сірейіп өліп қалыпты. Үйінен қашып кеткен шалдуар балаға ұқсамайды. Сонда ол кім? Неден өлді? Ешкім білмейді. Көрген-білген кісі маңайдан табылмады. Ит-құстың жемтігі болмасын деп көпшілік жабылып жерледі. Күндердің күнінде моланың төбесінен шырақ жанатын болды. Сонадайдан сәуле шашып, қара түнекті қарс айырған құбылысқа қайран қалғандар:
–Мына бала тегін болмады. Әулие екен, – деген ел ерекше ықыласпен белгі қойып, оған айдарлы деп ат берді. Сол атау ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, бүгінге жетті.
Ескі деректер сөйлегенде ертеректе қазіргі Айдарлының орнында қарақалпақтар отырған көрінеді. Әлдебір кінәраттың кесірінен Абылай ханға ұнамай қалса керек, бір күнде оларды қуып шықты. Артынша Торғай төсінен керуен-керуен көш келді. Қыпшақтардың дені сол көштің кісілері.
Бұл төңіректің мұрты бүлінбеген бұла табиғатында тұнған аң-құс болған деседі. Онан қалды ит тұмсығы батпайтын қалың сексеуіл жазда аптаптан, қыста суықтан қорған болған.
Езілген еліне ес болуда Тұрсынбай датқаның төрт көзі түгел топқа төрелігіне ақыл-парасатты жұмсап, жұртына жалаугер болғаны белгілі. Ол жер бөліп, ағайын-ағайынды өз қоламтасымен дария бойлатып орналастырды. Жаңа жерді жатсынбай, жерсініп, күнделікті күйбеңіне кірісті. Өмірдің өлмес жарығы жанды.
Сызылап аққан Сырдың жағасы Сыр талына сыңсып тұр. Бұтағы емендей мықты, бірақ морт сынбайды. Иілгіш. Кетпен, балта сапқа таптырмайды. Жерді өңдеп, егін салу дәсдүрін қолға алды. Жергілікті тұрғындардан тары, қауын-қарбыз егуді үйренді. Сөйтіп таңсық тірліктің тамаша табысын көрді. Сонау құс қанаты талатын сайын далада туылып, иненің жасуындай саңылауы жоқ, күн көзі түспейтін сыңсыған тоғайға сап етіп, сіңісіп кеткен көшпелі қауым осылай тіршіліктің қайнаған тұсына топ етті.
Абыз, Алтыбас, Соқпан, Досан, Әлке, Қозы, Көзей Қыпшақтар мен Арғын, Найман жеке-жеке артель болып, шоқ-шоқ ауылға айналды. Ара-араға соқпақ жол түсті. Анау-мынау ауылың қауындықтың жолындай болып кетті. Кейін Құмшығанақ колхозы құрылғанда бірі кірмей, бірі қосылып, кереге кеңейе берді. Қауымдасудың алғашқы қарлығашы осылай басталды. Колхозға бастық Беркімбай болды. Ол Алаш арысы Жүсіпбек Аймауытовтың күйеу баласы еді.
Ашаршылық заманда малға жұт кірді. Ептеп жиған-терген тұяғын қора-қопсыдан ұзатпай, қолда ұстайды. Бір таңданарлығы, жабайы шошқа көбейіп кетті. Есік алдын еркін кезіп, қозы-лақты жеп кете беретін. Қазақы қалыптан аумаған, мұсылман шартына берік халық соны жеуге де ары дауаламай, аш отырды. Дария лық толып ағады. Көктемде арнасынан асып, көлдер пайда болады. Балық тайдай тулап жатады. Бірақ балық аулап, қолы майланып отырған бірі жоқ. Әйтеуір ел аман қалғанына шүкіршілік етті ғой.
Ақарық сол кездің ең ірі каналы шығар, өз етін өзі жұлып жеп, ақ көбігін аспанға атып, буырқанып жататын. Сонысына қарап, сырт адамға өзін таныстырғанда ел Айдарлы емес, Ақарықтанбыз деген екен.
Соғыс басталып, елдегі бас көтерер азаматтар түгел майданға кетті. Кейбір үйден төрт-бес азамат аттанды. Ауылда кәрі-құтаң, кемпір-келін қалды. Өмірде талай тауқымет, сұмпайы сұмдықтар болады емес пе, 1943 жылы 40-50 поляк тұтқынды алып келді. Оларды кезінде Қарнақ медресесінде оқыған Әбдіпатта молданың мешітіне орналастырды. Онан алдын төбесі өртеніп, кеңес үкіметінің адамдары Әбдіпаттаны қуған ала бастағанда Өзбекстанға қарай қашып тынды. Сол жақта өлді деген хабар ғана келді.
Мешіттің төбесі жабылып, қамыспен бөлме етіп бөлді. Тұтқындар аш-жалаңаш. Күндіз екі көлікпен сексеуіл дайындауға әкетеді, кешкілік оралады. Олар түні бойы ұрлық жасайды. Алғашқыда үйге қатық, сүзбеге түсетін. Кейін ит жейтінді шығарды. Бір күні мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ беретін Әлбатыр Бижановтың аңшы иті Люльканы тып-типыл етті. Сондағы Әлбатырдың өкіріп жылағаны бар. Сол Люльканы тілі жоқ демесең адамнан бетер ақылды ит деседі. Ол да бір тарих екен-ау!
...Иә, жусанды дала суыған темірдей қара барқын тартты. Айдарлыдан қалаға қарай келеміз. Әр төбеден асқан сайын Асан атаның айтқаны ойға оралады. Ал мүлгіп жатса да «ертең біз туралы жазып, тарихты тірілтетін бала кетіп барады» деп ішкі демін бүгіп құм төбелер артта қалып барады...
Қаныбек ӘБДУОВ,
журналист