Министр карантинді жұмсартудың мәнін айтты
Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Елжан Біртанов ОКҚ-да өткен онлайн-брифингте елде коронавирус жұқтыру есебінің қалай жүргізіліп жатқанын және эпидемия көрсеткішіне қарай мемлекет карантинді жеңілдетуді немесе тоқтатуды қалай шешіп жатқанын түсіндірді деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Министр Елжан Біртанов Қазақстандағы карантинді жұмсартудың қисындылығын түсіндірді.
Айта кетейік, коронавирус індеті басталған кезде, вирус жұқтырғандар саны ондаған адамды құраған, алайда ол кезде елде қатаң карантин енгізілді. Ал қазір күнделікті жаңа пациенттердің саны артып жатыр, ал Қазақстанда карантин жұмсартылды.
Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы карантиннің жұмсартылуы эпидемиология нормаларына негізделгенін атап өтті.
Карантинді күшейту немесе жұмсарту туралы шешім вирус жұқтырғандар санының өсу қарқынына байланысты қабылданады.
"Біз 100 мың адамға шаққандағы ауру деңгейін қадағалап отырмыз - белсенді жағдай 100 мың тұрғынға шаққанда шамамен 25-30 жағдайды құрайды.
Оның қисыны мынадай - егер біз аса қарқынды өсімді көретін болсақ, карантинді күшейтеміз, олай болмаған жағдайда - жұмсартамыз. Бірақ біз өсім мүлде тоқтамағанша шектеулерді алып тастамаймыз", - деп түсіндірді Біртанов.
Ол эпидемиологиялық көрсеткіштерден басқа, Қазақстанда аумақтық ерекшеліктер, экономика ескерілгенін атап өтті. Эпидемиологтар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп шешімдер қабылдады.