Сәресінде береке бар
Қасиетті Рамазан айына байланысты аудандық газеттен арнайы айдар ашып, жұртшылық арасында оразаға қатысты көп талқыланатын сұрақтарға жауап беру жөнінде аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Асхат Асқарұлымен келіскен едік. Бүгін электронды поштамызға, хабарландыруда көрсетілген байланыс құралдарына келіп-түскен сауалдар бойынша ауданның бас имамынан алынған жауапты назарларыңызға ұсынамыз. Құрметті оқырман, сіздер де оразаға байланысты сұрақтарыңыз болса, бізге 8 747-227-96-35 (WhatsApp), фейсбук https://www.facebook.com/Тіршілік-тынысы-2282551425297422/, 21-5-73, 21-1-41 жұмыс телефоны арқылы жолдай аласыздар.
Сұрақ: – Байқамай сәресіне ұйықтап қалсам, оразамды жалғастыра беремін бе? Әлде сол күні ауызды ашып жіберу керек пе?
Жауап: – Рамазан айында сәресіне ұйықтап қалған адам ұйқысынан тұрғанда оразаға ниет қылып, оразасын жалғастырады. Негізі мүмкіндігінше сәресіге тұруға әрекет ету қажет. Себебі сәресінің сауабы мол. Оған қатысты Әбу Сағид Әл-Худриден жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сәресіде береке бар, оны тастамаңдар! Тіпті бір жұтым су болса да ішіңдер. Себебі Алла Тағала мен періштелер сәресі ішкен адамға салауат айтады», – деген.
Сұрақ: – Ораза ұстаған адам оразасын ұмытып тамақ жеп, не болмаса сусын ішіп қойса, оразасы бұзыла ма?
Жауап: – Жоқ, бұзылмайды. Себебі ұмытып ішіп-жеу оразаны бұзатын амалдардан емес. Ұмытып, ас-су ішіп қойған адам оразасын жалғастырады. Әбу Хурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім ораза ұстай жүре ұмытып, ішіп-жесе оразасын жалғастырсын! Расында Алла Тағала оны тамақтандырды да, сусындандырды», – деген. (Муттафақун ғалайһи)
Сұрақ: – Түкірік пен қақырықты жұту оразаны бұза ма?
Жауап: – Түкірік пен қақырық оразаны бұзбайды. Бірақ ауызға әдейі көп мөлшерде жинап жұтуға болмайды.
Сұрақ: – Қандай ауру түрлері Ораза ұстамауға негіз бола алады?
Жауап: – Адам баласы әдетте шыдай алмайтындай деңгейде ауырса немесе ауру адам ораза ұстап, оразасы өлімге алып келетіндей деңгейде болса, ауруы ораза ұстамауға негіз болады. Ауруынан айыққан соң әр күнге бір күн қазасын өтейді. Дін адамзатқа ауырлық қаламайды.
Сұрақ: – Іштегі балаға және қайтыс болған кісіге пітір садақа беріледі ме?
Жауап: – Пітір өзі аты айтқандай «жаратылыс» деген мағынаны білдіргендіктен дүниеден өткен адам үшін пітір садақасы берілмейді және міндеттелмейді. Жәй нәпіл садақа берсе болады. Ал садақа беруге жағдайы келмесе, Алла Тағаладан марқұм үшін кешірім дұғасын сұрауға болады. Іштегі жатқан бала үшін пітір садақасын беруге болады, бірақ міндеттелмейді.