Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаза оразасы бар жандар қарыздарын қай күннен өтейтіні белгілі болды

Қаза оразасы бар жандар қарыздарын қай күннен өтейтіні белгілі болды

Қасиетті Рамазан айы аяқталып, бүгін мұсылмандар бір-бірін айт мерекесімен құттықтауда. ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрмашұлы қаза оразасына қатысты жиі қойылатын сауалдарға жауап берді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Маманның айтуынша, өткен оразадан қарызы қалған адамдар қазасын Ораза айттан кейін, яғни алтыншы маусымнан бастап өтей берсе болады. Қаза оразаны үзбей немесе бөліп ұстауға болады.

"Таң намазының уақытына дейін тамағыңызды ішіп, «Рамазан айынан қалған қаза оразаны ұстауға ниет еттім», - деп айтасыз. Ал кешке шам намазының уақыты кірген сәтте дұға қылып, аузыңызды ашуыңызға болады», - деді Медет Құрмашұлы.

Қаза оразаны ұстағанда, ҚМДБ сайтындағы намаз кестесін негізге алған абзал және мұндай қарызды келесі Рамазан айына дейін ұстап біткен дұрыс екен. Ұзақ созбай, тездетіп құтылған жөн. Сондай-ақ дін маманы өткен оразадан қалған қарызды өтеу міндетті болып саналатынын баса айтты.

«Қаза ораза адамның мойнында қарыз болып тұрады, сондықтан өтеген абзал. Ал өтемесе күнә болады», - деді ҚМДБ өкілі.

Медет Құрмашұлының айтуынша, егер адам Рамазан айының оразасынан қалған қарызын өтеп үлгермей бақилық болса, онда марқұмның туысқандары қаза күндеріне фидия төлейді.

«Егер адам белгілі бір себептермен оразасын өтей алмай қалса, ұстамаған әр күнінде бір кедейді таңертең және кешке тамақтандыруы шарт. Яғни, жағдайы жоқ, мұқтаж жандарға таңертең және кешке тамақ ішетіндей ақша береді. Біз оның мөлшерін есептеп шығардық, бұл шамамен 1500 теңге», - деді ол.

Егер марқұм өсиет етіп кетсе, онда туыстары фидияны артында қалған дүниесінен береді. Ал өсиет етпесе, қаза оразаға фидия төлеп-төлемеу – туған-туысқандарының таңдауында, бірақ бергені дұрыс саналады.

Қаза ораза мен нәпіл оразаны қатар ұстауға болмайды.

kaz.nur.kz
06 маусым 2019 ж. 1 173 0