Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Халықтың біртұтастығы

Халықтың біртұтастығы

Шынайы демократия негізінің қалануы
26 сәуірде Қазақстан Республикасын­да президенттік институттың жұмыс істеп келе жатқанына тура 30 жыл болады. 33 жасымда адал түрде әрі бәсе­келестік жағдайында өткізілген сайлауда бірнеше қарсыласымды жеңіп, Қазақ Кеңес Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болғаныма 30 жыл өте шығыпты. Жоғарғы Кеңестің 12-ші шақырылымының бірінші сессия­сында ең негізгі мәселе президенттік институтты енгізу болғандығы санамда әлі күнге сайрап тұр. Ол кезде Мәскеу республикамыздың бұл жолмен дамуы­на ыңғай таныта қойған жоқ және Қазақ КСР басшылығына, ең алдымен Қазақ­стан компартиясының бірінші хатшысы – еліміздің тізгінін қолына алған Нұрсұлтан Назарбаевқа қатты қысым жасады. Ал Назарбаев үшін партия жұмысы бәрінен жоғары басты әрі маңызды мақсат және менеджмент мектебі, ұйымдастыру мен басқарудың арқауы еді. Нұрсұлтан Әбіш­ұлы мұны «Қарметкомбинат» пар­тия ұйымының хатшысы, содан кейін Қарағанды обкомының хатшысы және Қазақ­­стан Компартиясының хатшысы бол­ған кездері анық түсінді. КОКП-ның бас­қарушылық және бағыттаушы рөлі КСРО Конституциясында жазылған болатын, алайда горбачевтік қайта құру жылдары көптеген демократ партиялық диктаттан бас тартуды талап ете бастады. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші! Мұндайды ойлаудың өзі мүмкін бе еді!
Қарағанды қаласының орталығы 105-ші Лениндік сайлау округі бойын­ша Жоғарғы Кеңес депутаттығына кан­ди­даттыққа түстім. Қарсыластарым 4 кан­ди­дат болды, олардың ішінде Қазақ­стан Компартиясы Саяси бюросының мүшесі, Қазақ КСР Халық Бақылауы комитеті­нің (осындай маңызы жоғары бақылау­шы ұйым болған) төрағасы Б.Исаев та бар еді. Айтпақшы, ол кісі бір кездері Қарағанды қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет еткен болатын. Дегенмен маған сайлауда жеңіп шығу бұйырыпты! Қарағанды қаласында орыстардың саны 90%-дан астам кездің өзінде. Менің бағдарламам қысқа әрі бүгінгі күннің межесімен қарайтын болсақ, тым қарапайым болатын: Қазақстанның эко­номикалық тәуелсіздігі және бүкіл қоғамды партиясыздандыру (яғни КОКП монополиясынан бас тарту және көппар­тиялылықты енгізу).
Халық менің бағдарламамды қол­дады, өйткені жұртшылық жаппай эконо­ми­калық тапшылықтан, кемшілігі күн­нен күнге байқалған коммунистік идео­ло­гия­дан әбден шаршаған еді, нарық­тық реформалар мен саяси өзгерістерді күткен болатын. Бүкіл елімізде осындай жағдай қалыптасты. Мен Парламентке келіп көптеген пікірлес адаммен қуана кездестім, біз «Демократиялық Қазақ­стан» депутаттық фракциясын құр­дық. Президент Назарбаев біз­бен жиі кездесіп тұрды, көптеген адам­ның – Марат Оспановтың, Петр Своик­тің, Сағат Түгелбаевтың, Виталий Воро­нов­­тың және т.б. қызметін өсірді. Жал­пы, Н.Назарбаев 1990-1993 жылдар аралығында Парламентке өте жиі келіп, сөз сөйлейтін және өзі де мықты саяси мектептен өтті. Шынында, шынайы демократияның дәл сол кезде негізі қаланды. Демократия – халық билігі. Халық осы кезде адал әрі бәсекелес түрде өткен сайлауда 365 депутатты сайлап алды және мұндай Парламентпен атқарушы билік санасуға мәжбүр болды.


Елбасы

Н.Назарбаев демократиялық құнды­лық­тарға – нәтижесі шындыққа алып келетін дауларға, пікірталастарға, сая­си тартыстарға жедел әрі әділ баға бере­тін. Ол кісі мұндай бағалауды КСРО Халық депутаттары съезінің мінберінде сөйле­геннен бастады, осылайша 1989 жылдың мамыр айында Кеңес Одағының танымал, белді саясаткерлерінің біріне айналды. Нұрсұлтан Әбішұлы халық қолдайтын саяси қайраткердің саяси салмағы билік тағайындайтын шенеунікке қарағанда мүлде басқаша болатынын, мұндай сая­си тұлғаның мақсатқа қол жеткізудегі уәждері ерекше болатынын түсінді. Н.Назарбаевтың көпшілік алдында сөй­леген сөздерінде өзіндік қайталанбас қолтаңбасы мен стилі қалыптасты, ол кісі­нің сөздері жаңаша өзгерістерді қала­­ған демократтарға да, кеңестік-ком­мунистік жүйені сақтап қалғысы кел­ген партия бюрократтарына да ұнады.
1989-1991 жылдар аралығында КСРО-ны сақтап қалу үшін жанкешті тай­талас жүріп жатты. Осы орайда көп­ші­ліктің назары жүзінен қуанышты үміт күттіретін шуақ төгіп тұрған Нұр­сұлтан Назарбаевқа ауды. Өйткені Н.Назарбаевтың бағдарламалық ұстанымдары өте айқын әрі түсінікті еді: нарықтық реформалар жасау керек, істен сөзге көшу қажет, бірақ бірден еліміздің халықшаруашылық кешенін жоюға болмайды, шаруашылықаралық байланыс­тарды ойланбастан үзуге болмайды.
Н.Назарбаев сол кезге дейін шамамен 20 жыл нақты экономика және өндіріс мәселелерімен айналысты және оқиғаның сол кездегі дамуы неге апарып соқтыратынын өте жақсы білді және мұны ашық түрде ескертті. Өкінішке қарай солай болды. Осы кезеңде бұрын­ғы одақтық республикалардың барлығы өздерін тәуелсіз жаңа мемлекет деп жариялаған болатын, алайда өмір сүру деңгейі барлық жерде күрт төмендеп кетті. Мысалы, 90-жылдардың орта шенінде Қазақстанның ІЖӨ-сі 40%-ға төмендеді. Мұндай жағдай Ұлы Отан соғысы жылдары кезінде ғана болған екен. Жағдай өте-мөте ауыр еді, қазіргіге қарағанда, тіпті, жер мен көктей десек те артық болмас, алайда Н.Назарбаев мемлекет кемесінің тізгінін қолында нық ұстады. 1994 жылдың күзінде бүкіл кәсіпорын тоқтап қалған кезде қазына бос болды, жалақы мен зейнетақы үнемі кешіктірілді. Осы кезде Н.Назарбаев нық сеніммен: «Мен нарықтық реформаның жемісті болатынына кәміл сенемін, бұл үшін бәріне дайынмын, ештеңе­ден де тайынбаймын», деді. Айта кете­тіні: осы 1994 жылы Назарбаев «Бола­шақ» бағдарламасын жариялады. Нұрсұлтан Әбішұлы болашақты көре білді. Саясаткер алдағы болатын сайлауды ойлайды, мемлекеттік қайраткер келешек ұрпақты ойлайды деп тегіннен-тегін айтылмаса керек. Ширек ғасыр өтті, мыңдаған болашақтық Үкіметте, әкімдіктерде, ұлттық компанияларда, бизнесте және т.б. салаларда еңбек етуде.


 Бітімгерлік бастамалар

Қазақстанның Тәуелсіздік алған 29 жыл ішінде жеткен жетістіктері мен табыстарына тоқталып жатпайын. Оларды бүкіл жұрт біледі. Әрине, кем­­шін тұстар да, сынға алатын тұстар да жоқ емес. Егер Н.Назарбаевтың соң­ғы ширек ғасырда көпшілік алдында сөйлеген сөздеріне зер салсақ, онда кез келген адам Н.Назарбаевтың өзінің әр­дайым дәйекті әрі негізді, дәлелді сыншы болғанына көз жеткізеді. Әсіресе Үкі­мет пен әкімдіктерге, жалпы билікке қатысты әрі нақты, әрі жан-жақты сындар айтылғанын көреміз. Ең бастысы, Н.Назарбаев Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропалық одақ сияқты ұлы державалар санасатын, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстан сияқты жақын көрші елдермен тамаша қарым-қатынас орнатқан қазіргі заманауи Қазақстанды, мықты әрі тиімді мемлекет құрғанын баса айтқым келеді. Бүкіл әлем біздің еліміз өзінің тарихында алғаш рет ең беделді әрі қуатты халықаралық ұйым – Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақсыз мүшесі сайланған кезде БҰҰ-да Қазақстан үшін үш жыл дауыс берді.
Н.Назарбаевтың барлық бітімгерлік бас­тамалары бір мақсатқа ғана – Қазақ­станды халықаралық аренада беделді елдердің біріне айналдыруға, Мәң­гілік ел іргетасын қалауға бағытталды. Н.Назарбаевтың көпвекторлы сыртқы саясатының және барлық ірі халықаралық іс-шаралардың да, оларды атап айтсақ – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидер­лерінің съезі, Сирия бойынша Астана процесі, ЭКСПО, Азиада және т.б. – мәні де осы еді.
Біз нағыз нарықтық реформалар жаса­дық, еліміздің территориясын сақтап қалдық, қауіпті әлеуметтік және саяси күйзелістерден аман қалдық – мұның бәрі көпшілікке аян. Бірақ мұның бәрі ненің арқасында жүзеге асты? Басымдық­қа не негіз болды? Бұған негіз болған фактор­лар көп. Қазақтың менталитеті де, Н.Назар­баев белгілеген саясат та. Алайда Қазақ­­станның орнықты, тұрақты әрі эволюциялық жемісті дамуының ең бас­ты әрі маңызды факторы – көпэтносты Қазақ­­стан халқының БІРТҰТАСТЫҒЫ. Нағыз қазақы болмысқа тән БІРТҰТАС­ТЫҚ елімізде тұратын барлық этнос­қа берілді. БІРТҰТАСТЫҚТЫҢ ар­қа­­сын­­­да қаһарман қазақ халқы аумағы жа­ғы­­нан әлемде тоғызыншы орын­дағы ауқым­ды жерді (2 миллион 724 мың шар­шы шақырым) сақтап қалды. Батыс саясат­керлері бірауыздан мына тұжы­рым­ға келді: «Назарбаев – кемеңгер. 1989 жылы, ол елді басқарған кезде Қазақстанда қазақтардың саны 39% ғана болатын. 30 жылдан кейін қазақтар 70%-дан асты және Қазақстан мықты әрі беделді мемлекетке айналды. БІРТҰТАСТЫҚТЫҢ көрінісін 1990 жылдың сәуір айында, Жоғарғы Кеңестің 365 депутатының Назарбаевты Қазақ КСР-нің Президенті етіп сайлағанынан байқаймыз».
БІРТҰТАСТЫҚТЫҢ айқын дәлелі, 1991 жылғы 1 желтоқсанда қазақ халқы өз тарихында тұңғыш рет Мемлекет басшысын сайлау арқылы таңдау мүмкіндігіне ие болды. Рас, сайлауда бәсекелес болмады, алайда мемлекеттік және саяси элита КСРО ыдыраған кезде қалыптасқан қиын да үрейге толы жағдайда электоралды БІРТҰТАСТЫҚҚА сусаған болатын. БІРТҰТАСТЫҚ құбылысы 1995 жылғы 29 сәуірде, бүкіл халық Президент Назарбаевтың өкілеттігін 2000 жылға дейін ұзартуға дауыс бергенде көрінді. БІРТҰТАСТЫҚ осы жылдың 30 тамызында жалпыхалықтық референдумда Елбасы ұсынған Конституцияға дауыс бергенде байқалды. Ол кезде жаңа Конституцияның жобасына «ИӘ» немесе «ЖОҚ» деп жа­уап беру қажет болатын, халықтың басым көпшілігі «ИӘ» деп жауап берді!

 Парламентаризм және демократия


Алайда демократия дегеніміз – саяси плюрализм, яғни әртүрлі көзқарастардың тоғысы, көппартиялылық, соның ішінде, мін­детті түрде оппозиция да бар. Қазақ­­станның жаңа тарихында қиын кезең­дер болды. Мысалы, 1999 жыл­дың қаңтар айындағы мерзімінен бұрын­ғы президенттік сайлау. Ол кезде Н.Назар­баевтың қарсыласы – өте айбарлы да абыройлы марқұм Серікболсын Әбділдин болды. Соған қарамастан, сайлаушылардың 80%-ы Н.Назарбаевты қолдады. Десек те, Н.Назарбаевтың саяси табысының шыңы 2004 жылғы 4 желтоқсандағы Президент сайлауы деп есептеймін. Ол кезде бүкіл қазақстандық оппозиция бірігіп, бір ғана үміткер Жармахан Тұяқбайды ұсын­ды. Үшінші желтоқсанда, кешке жақын кездескенімізде, Н.Назарбаевтың қалай қобалжығаны есімде. Ол кісі жеңетініне күмәндаған жоқ, алайда ол кісіге ең алдымен халықтың БІРТҰТАСТЫҒЫ аса қымбат болды. Егер Англияда консерваторлар 51%, ал лейбористер 49% жинаса, онда ешқандай соғыс болмайды, өйткені британ парламентаризмінің жұмыс істеп келе жатқанына 750 жыл (алғашқы парламент отырысы 1265 жылы өтті). Алайда Қазақстанда немесе Ресейді қоса алғанда, бұрынғы кеңестік елдің бірнешеуінде мұндай жағдай сая­си қарама-қайшылық­қа, халық пен қоғамның ымыраға кел­мей­тін екі лагерьге бөлінуіне алып келуі әбден мүмкін еді. Сондықтан дәстүрдің, парламенттік тарих пен тәжірибенің болмауына байланысты мұның бәрі еліміздің үдемелі дамуын тежеуі немесе тоқтатуы ықтимал болатын.
1995 жылы наурыз айында Парламент неге таратылды? Рас, Конституциялық соттың шешімі шықты. Дегенмен басты себеп Парламент жұмысының тиімсіздігі болды. Бір жыл ішінде бар-жоғы 7 заң ғана қабылданды, жекешелендіру, на­рық­тық реформа жұмыстарын жүргізу қажет болатын, жүздеген жаңа заң және норматив­тік-құқықтық акті шығару керек еді.
Демократияның жақсы жақтарымен қатар келеңсіз тұстары да бар. Демо­кратияны көбінесе популистер мен демагогтер өз мақсаттарына пайдаланады. Мұны айтып жатудың өзі артық! Гитлер Германия билігіне 1933 жылы сайлау арқылы келді. Дегенмен бұл дүние жүзінің қасіретіне айналды! Бүкіл әлем сайлаушыларының басым көпшілігі әсіре қамқоршыл ұстанымға бейім – мемлекетті сауын сиыр ретінде түсінеді. Уинстон Черчилль бірде былай деген екен: «Демократияға қарсы ең күшті аргумент – орташастатистикалық сайлаушымен бес минут әңгімелесу».
Сондықтан Н.Назарбаевтың үкімет­пен бірлесе қоян-қолтық жұмыс істейтін Парламент болуын қалағаны түсінікті. Міне, сондықтан да 2007 жылы «Отан», «Асар», Азаматтық және Аграрлық партиялары Nur Otan партиясына бірігіп, еліміздің басым саяси күшіне айналды. Мұнда тағы да БІРТҰТАСТЫҚ көрі­ніс берді. Әрине бұл жерде басқа мәсе­ленің туындағанын жасыра алмаймыз: атқарушы билік заң шығарушы және өкілетті биліктен тым басым болды. Алайда қазіргі кезде парламентаризмді күшейту мәселелері аса маңызды болып отыр. Парламенттің рөлі нағыз сапалы деңгейге 2021 жылы жетеді деп ойлаймын. Президент Қ.Тоқаев бұл мәселе бойынша өзінің айқын көзқарасын атады. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы оппозиция Парламентке енуі тиіс деп мәлімдеді.


 «Кемедегінің жаны бір»

Демократия дегеніміз – сөз бостан­дығы, дау-дамай, пікірталас, түрлі пар­тиялардың билік үшін сайлаудағы тартысы. Бұрынғы кеңестік елдердің көпшілігі оңтүстік­америкалық және шығысеуропалық ең озық құқықтық нормаларды тәжірибелеріне енгізіп, іле-шала демократия жолына түсті. Алайда бұл азаматтық қақтығыстар мен соғыстарға, ұлтаралық дау-дамайларға, территория­ларынан айырылуына және созылған саяси дағдарыстарға алып келді және бұл экономика мен өмір сүру деңгейіне теріс әсер етті (Тәжікстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Армения, Грузия, Украина).
Ресейдің өзі де 1993 жылы қазан айын­да танктер парламентті атқылаған кезде азаматтық жанжал туындаудың сәл алдында болды. Қазақстанда Н.Назарбаев бүкіл саяси үдерістерді, соның ішінде электоралды процесті бақылауға алуға шешім қабылдады. Дәл сол тұста осы қадамға басқа балама жоқ еді.
Мұнда маңызды екі фактор бір­тұтас процеске бірікті: халықтың БІРТҰТАС­ТЫҒЫ және өз халқының арман-тілек­терін, мүддесін, еңбек адамының өмі­рін жақсы білетін, осы халықтың өзі­нен шыққан Н.Назарбаевтың жеке тұлға­сы. Алайда ең бастысы, демократия дегені­­міз – бай әрі ауқатты, дәулетті адам­­дардың, жекеменшік иелерінің, шағын және орта бизнес иелерінің көп болуы, бір сөзбен айтқанда, орта топ­тың көптігі. Қазақстан осы жолмен ба­ғыт алды және қазақстандық кеме бар­­лық суасты рифтеріне, қауіпті жартастар мен құздарға соғылмай аман өтті. Бұл жерде Қазақстанды кемемен салыс­ты­руыма орынды себеп бар. Жуыр­да Ел­басы коронавирусқа және әлемдік эконо­миканың құлдырауына байланыс­ты өзі­нің халыққа Үндеуінде: «Кемедегінің жаны бір» деп дәл атап көрсетті.

Президенттік институт


Қазіргі кезде коронавирус туралы көп айтылып жатыр, біздің төтенше жағдайда өмір сүргенімізге үшінші аптаның жүзі болды. 2020 жыл тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы ең күрделі жыл болады деп ашық айтуымыз керек. Франция президенті Макрон соғыспен салыстырған өте ауыр дағдарысты еңсеру үшін не нәрсеге арқа сүйеуіміз керек? Меніңше, тағы да сол халықтың БІРТҰТАСТЫҒЫНА және еліміздегі бірден-бір беделді институт – күшті президенттік билікке.
Мына жайтқа баса назар аударыңыз­даршы. Ғаламторда және әлеуметтік желілерде әртүрлі саяси оппоненттер, саяси экстремистер, түңілген және күйзелген қарапайым адамдар не деп жатқанын қараңыздаршы. Шынында олар халықтың БІРТҰТАСТЫҒЫН бұзуға ұмтылуда және сонымен қатар президенттік институтты жойып, оны парламенттік республика билігімен ауыстыруға шақыруда. Қолымды жүрек тұсыма қойып тұрып, ақыл-есімнің толық дұрыстығына сендіре отырып, бүкіл елге мынадай мәлімдеме жасаймын: ПРЕЗИДЕНТТІК ИНСТИТУТТЫ ЖОЮ ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫҢ БІРТҰТАС­ТЫҒЫНАН АЙЫРЫЛУ – Қазақстанның тәуелсіздігінен толықтай айырылуы, бейберекетшілік, құлдырау, ұлтаралық және өңіраралық қақтығыстар, жалпыха­лықтық аласапыран.
Пандемия және әлемдік қаржылық және экономикалық дағдарыс жағ­дайын­да президенттік институтты барын­ша нығайтуымыз, Президент Қ.Тоқаев­тың айналасына топтасуымыз керек. Ел­басы халықты осыған шақырды. Мем­ле­кет басшысы елімізді құтқару үшін теңдессіз шаралар қабылдады. Бұл шара­лар бәрімізге белгілі және бүкіл халық пен қоғамның көңілінен шы­ғып отыр. Алайда мені Төтенше жағ­дай кезінде билікке қарсы шығуға шақыр­ған көптеген арандатушылық үндеу (көбінесе ғалам­тор арқылы кең тарайды) таңғалдыра­ды. Арам ойлы, саяси сауатсыз адамдар еліміздің жоғары басшылығының кетуін талап етуде. Бұған мән бермесе де болар еді, алайда тіпті дамыған елдердің өздері (АҚШ, Италия, Франция, Германия және т.б.) қазіргі кезде соғыс жағдайындағы сияқты әрекет етуде. Біз де шындықтың жүзіне тура қарайық, ағайын. Қауіпті әрі көзге көрінбейтін жау ғаламшарымызға, оның ішінде Қазақстанға да төніп тұр. Әлі де не болғанын түсінбей, өздерін бейқам ұстап жүргендер көп, ауруханаға жатқызып, ӨЖТ (өкпені жасанды тыныстандыру) аппаратын қосқанда (Құдай сақтасын!) ғана түсінетін болар. Ең асыл құндылық – адамның өмірі. Сондықтан әлемнің барлық елінде бұрын-соңды болмаған шаралар қабылданып жатыр. Мұндай жағдай бүкіл жаңа дүниежүзілік тарихта болған емес. Әлемнің 30%-ға жуық тұрғыны өз үйлерінде оқшауланған, терезенің арғы жағында соғыс қимылдары жүріп жатқан сияқты. Әлемдік экономика алапат залалға ұшырауда. Бұл біздің экономикамызға да соққы беруде, әңгіме мұнай бағасының түсуінде ғана емес.
Биыл бізге мемлекеттігіміздің мызғы­мас­тығы мен азаматтық қоғам санасының кемелдігіне арналған ауыр емтиханнан өтуге тура келеді. Біз өзімізге және бүкіл әлем жұртшылығына өзіміздің – қазақ деген халықтың кім екенін дәлел­деуге тиіспіз: тұрғындармыз ба әлде халықпыз ба? 16 наурыздан бас­тап көпшілігіміз бұл сұраққа жауап бере бастағанымызға сенімдімін. Қазақ­стан­дықтар осы уақыт ішінде дәстүрлі заңға мойынсұнушылық, тәртіптілік, өзіне-өзі көмек көрсету қасиеттерімен қатар халық пен биліктің БІРТҰТАСТЫҒЫН көрсетті.
Бүкіл әлем қазіргі кезде Қытайдың коронавируспен күресудегі таңғаларлық табысын тамсана айтып жатыр. Мәселе Италияның, Испанияның және тіпті АҚШ-тың либералды демократиясына қарағанда авторитарлы Қытайдың осы күресте тиімдірек болғанында да емес. Қытайда халық пен биліктің БІРТҰТАСТЫҒЫ жасампаздық танытты, Хубэй провинциясында ондаған миллион адам орталық және жергілікті биліктің барлық ұсынымдары мен нұсқауларын бұлжытпай орындады. Керісінше, коронавирус жеке бостандық мүдделерін ұжымдық және қоғамдық мүддеден жоғары қойған жерде өршуде.


Түйін

Олай болса, бізге де өткен тарихы­мызға шолу жасап, бүгінгі жағдайды бажайлап, болашаққа көз тастап, негізгі, ұлт және мемлекетқұраушы құнды­лықтарымызды сақтап, соларды дәріптеу және дамыту жолында аянбай қызмет ету – азаматтық парызымыз.
Елбасы мен Мемлекет басшысы айналасына топтасқан, тізе түйістіріп, бас қосып ынтымақты тірлік еткен іс-әрекет қана елімізді асыл мұратқа жеткізетінін уақыт дәлелдеді.
 

Ермұхамет ЕРТІСБАЕВ,
07 сәуір 2020 ж. 396 0